ОТАДАН КЕЙІНГІ ОҢАЛУ ҰЗАҚҚА СОЗЫЛМАЙДЫ

Былтыр елімізде 5 мыңнан астам әйелге сүт безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Оның ішінде 1400 әйел көз жұмған. Сүт безінің қатерлі ісігін маммография және сүт безінің ультрадыбыстық зерттеуі арқылы анықтауға болады. Егер дерт ерте кезеңде анықталатын болса, одан құлан таза айығу ықтималдығы 100 пайыз болатынына дәрігерлер әлдеқашан көз жеткізген.
Осыған орай Қазақстанда 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер арасында тегін скринингтік тексеру жүргізіледі. Осындай тексерудің нәтижесінде 2018 жылы 700, 2019 жылы 900 адамнан сүт безінің қатерлі ісігі табылған. Мамандар сүт безінің қатерлі ісігі неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу соғұрлым тез болатынын, сондықтан да жыл сайын кем дегенде бір рет маммологтың кеңесін алып, нұсқаулықтарын тыңдауды қаперге алу керектігін еске салады.
Сонымен қатар елімізде осы жылдан бастап омыраудағы қатерсіз ісіктерге ота жасау ақысыз жүргізіліп келеді. Осы ретте Шымкент мамандары кәсібилік деңгейінін табылуда.
Шымкент қалалық онкология орталығының маммология бөлімшесінде әлемнің тек алдыңғы қатарлы клиникаларында ғана жасалатын маммопластикалық оталар жүргізілуде. Жуырда аталған орталықтың дәрігерлері осындай кезекті отаны сәтті жасап, алғыс арқалады.
Обыр ауруына шалдыққан 32 жастағы әйелге жүргізілген тексеру қорытындысына сәйкес, оның оң жақ сүт безінен қатерлі ісік анықталды. Ота төсегіне жатқызбас алдын науқас 8 курс химиотерапиясын қабылдады. Хирургтар ота кезінде қолтық асты лимфа түйіндерін, тері мен емізікшені сақтай отырып, сүт безін хирургиялық жолмен алып тастады. Одан кейін арқадағы жалпақ бұлшық етін алып, көкірек тұсына өзінің терісін пластикалық жолмен қондырды. Яғни, сүт безі толық алынып тасталмады. Осылайша отадан соң науқас психологиялық тұрғыда ешқандай жарақат алмады. Маммопластикалық отаның ерекшелігі де осы.
Дертке көрсетілген мұндай дауадан соң асқыну туындамайды.
«Бұған дейін сүт безінің ісігіне шалдыққан науқастардың сүт безін толық алып тастайтынбыз. Бұл әдетте жас қыздардың жанына қатты бататын. Ал маммопластика отасының нәтижесінде науқас әйелдердің көкірегін қайта қалпына келтірудеміз. Яғни, отаның тиімді тұстары көп», – дейді орталықтың маммология бөлімінің меңгерушісі Ербол Оңғарбаев (суретте).
Айта кетейік, қалалық онкология орталығының мамандары жыл басынан бері қатерлі ісікке шалдыққан 35 науқасқа маммопластика отасын сәтті жасап шыққан. Айтпақшы, маммопластикадан кейін оңалту кезеңі әдеттегідей ұзақ уақытқа жалғаспайды.