УНИВЕРСИТЕТ ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСАДЫ

бірақ, комитет шығарған шешім көп әлекке салды…

Осыдан 21 жыл бұрын негізі қаланған Шымкенттегі Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университеті өз жұмысын қайта бастады. Бұл туралы аталған оқу орнының ректоры Рабиға Әбдімұсақызы университетте өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.
Нүкте қойылған мәселе былай өрбіген еді. Осы жылдың қазан айында еліміздің Білім және ғылым министрі аталған оқу орнын бас лицензиясынан айыру туралы шешім шығарған. Министрлік мұндай байламды оқу орнында білім беру саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша бірнеше рет жүргізілген тексеруден кейін жасаған. Яғни, тексеру тобы аталған оқу орнының жұмысынан 40 түрлі кемшіліктерін анықтаған. Оларды ретке келтіру үшін оқу орны басшылығына бес ай уақыт берілгенмен, бірқатар олқылықтардың орны толмаған. Солардың қатарында студенттерді оқуға қабылдау ережесінің бұзылуы да бар.
Осыған орай оқу орнын бас лицензиясынан айыру туралы сот шешімі Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қабырғасында шығарылған. Сол кезде шешімнің он жұмыс күні ішінде заңды күшіне енетіні, сол уақыт аралығында Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университеті сот шешіміне де, министрлікке де шағынуға құқылы екені ескертілген.
Берілген мерзім ішінде аталған оқу орнына қатысты іс апелляциялық сотта қайта қаралған. Апелляциялық сот шығарған шешімге сәйкес енді оқу орны өз жұмысын қайта жалғастыруға кіріседі.
Айтпақшы осы жиында оқу орнының ректоры Рабиға Қуатбекова Білім және ғылым министрлігінің білім мен ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Жұмашевтың оқу орнына қатысты процестер аяқталмастан, апелляциялық тәртіптегі сот шешімі шығарылмастан бұрын университетті лицензиясынан айыру туралы ақпаратты жариялап, асығыс тірлікке барғанын ашық айтты.
Брифинг кезінде оқу орнының заңгері Л.Жансейтова Білім және ғылым министрлігінен келген тексеру тобы оқу орнын тексеру кезінде де хаттама түзуде біржақтылыққа бой алдырып, құжатты университет ректоры Рабиға Қуатбекованың қатысуынсыз түзіп жібергенін жеткізді. Осылайша бірінші сот отырысына ұсынылған хаттамалар заң талаптарына сәйкес емес болғанын айтты.
Салдарынан университеттің бас лицензиясынан айырылғаны туралы асығыс қабылданған ақпаратты естіген соң 100-ге жуық студент әліптің артын бақпастан университеттен құжаттарын кері қайтарып алған.
Бүгінде аталған оқу орнының материалдық техникалық базасы нығайған. Жалпы ауданы 33078 шаршы метрді құрайтын университет құрамында екі колледж бар. Оқу орнында 8 оқу ғимараты, 6 спорттық кешен, 3 жатақхана мен екі әкімшілік ғимарат бар. Білім беру қызметтерін ұсыну бойынша университет халықаралық сапа сертификатына сәйкес келеді.

А. САТЫБАЛДЫ.