АЙЛЫҚ АЗАЙЫП, АШТЫҚ КӨБЕЙГЕН
Коронавирус кедейлік шегін кеңейтіп отыр. Уханьнан тараған індеттен аштыққа ұшыраған адамдар саны күрт көбейіп кетті. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының дерегінше кедейшілік қамытын киіп, аштық ахуалын тартып жүргендер саны артуда. Бағдарламада жыл соңына дейін коронавирус кесірінен аштыққа душар болғандар 270 млн.ға жететіні көрсетілген.
Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен 82 пайызға көп. Коронадағдарыстан әлем елдерінің көп бөлігінде жалақы мөлшері мейлінше кеміп отыр.
Халықаралық еңбек ұйымы да індет әкелген әлек әйелдер мен қара жұмысқа жегілген қарапайым жұмысшылардың табысын төмендеткенін алға тартып отыр. Аталған ұйым әлем елдерінің үштен екісінде еңбеккерлердің еңбекақы көлемі кеми түскенін жазады. Дегенмен пандемия салдары барлық елдерде бірдей көрініс беріп жатқан жоқ. Бірқатар елдерде табысы төмен жұмысшылардың саны қысқарғандықтан, жалақы мөлшері өскен. Келесі бір мемлекеттерде жұмыссыздықпен күрес үшін арнайы шаралар қабылданған. Соның негізінде ол жерлерде жұмыс орындары сақталып, айлық мөлшері азайтылған. Бұдан бөлек бірқатар елдерде жалдамалы жұмысшыларға деген сұраныс артқан. Мәселен, Бельгияда карантинге байланысты дүкендер тегіс жабық болғандықтан онлайн сауда қызып тұр. Ел тұрғындары жаңа жылдық сыйлықтарға интернет арқылы тапсырыс беруде. Сондықтан пошта бөлімшелері келіп түскен тауарларды өз иелеріне үлестіруге үлгермегендіктен уақытша 3 мың қызметкерді жалдауға мәжбүр болған. Дегенмен де халықаралық еңбек ұйымы мұндай теңсіздіктің соңы әлемде кедейшіліктің кең етек алуына әкеліп соқтыруы мүмкін екенін болжайды.
Қ. ҚАЛИЕВ.