ЖЕДЕЛ ШАРА – ЖҰҚПАЛЫ ІНДЕТТІ АСҚЫНДЫРМАЙДЫ

Шымкенттің «Асар» шағынауданынан бой көтерген қалалық жұқпалы аурулар орталығында арнайы бөлім ашылған. Жұқпалы індеттің ілмегіне іліккен жүкті әйелдерге аталған бөлімде шұғыл ем-дом жүргізіледі. Бұл үшін бөлімде қажетті құрылғылардың бәрі бар.

Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Позилов мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың 4-қарашасында аталған орталыққа бойынан коронавирус табылған аяғы ауыр әйел жедел жәрдеммен жеткізілді. Айы-күні жақындаған келіншектің бойындағы індет асқынып кетпес үшін дәрігерлер оны кесарь тілігі арқылы босандырып алады. Бала өмірге дін аман келеді. Отадан соң науқасты дәрігерлер жансақтау бөліміне шұғыл түрде ауыстырып, қарқынды ем жасайды.
Бірер тәуліктен соң бойына ем дарыған келіншектің халі оңалып, палатаға ауыстырылады. Сегіз күн бойына жұқпалы аурулар орталығының мамандары науқасқа КВИ-ге қарсы ем жүргізеді. Нәтижесінде әйел жұқпалы індетті жеңіп, емделіп шығады. Бұл уақыт айтуға оңай болғанмен, баласын қолына алып, жұпар иісіне шомылуды аңсаған ана үшін үлкен сынақты мерзімге айналды.
Дертінен айыққан соң, ауруханадан шығып, баласын бауырына алуға асыққан ана ақ халаттыларға «Менің жанымды аман алып қалған дәрігерлерге алғыс айтамын. Ота жеңіл әрі сәтті өтті. Ауруханадан шыққан соң, сәбиіммен көрісетініме қуаныштымын”, — деп рахметін жаудырады.