ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕР ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖОҒАРЫ
Ана жауапкершілігі бала туылған сәттен басталмайды. Бала құрсаққа біткен алғашқы күннен бастап әрбір әйел заты болашақ ана ретінде жүктіліктің алғашқы күндерінен-ақ баласына деген қамқорлықты бастауы қажет. Ол үшін өзінің денсаулығына зор күтім жасап, құрсақтағы сәбиге қауіп тудыратын барлық әрекеттен бойын аулақ ұстауы тиіс.
Бұл ретте Шымкент қалалық емханаларының дәрігерлері келіншектерге жүктілік кезінде назарда ұстайтын төмендегідей басты қағидаларды назарда ұстауды сұранады.
Әрбір әйел заты жүкті болғанын білген алғашқы күннен бастап емханаға барып тіркеуден өтуі тиіс. Қаладағы медициналық ұйымдар жүкті келіншектерге кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қызмет көрсетеді. Егер әйел бойынан қандай да бір патология анықталса ол МӘМС жүйесі бойынша бейінді дәрігердің бақылауында болады. Осы ретте жүкті әйелдер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша мемлекет тарапынан сақтандырылатын жеңілдікке ие санаттар тізімінде екенін айта кетейік. Яғни, олар мемлекет тарапынан сақтандырылған.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тіркеуде тұрған жүкті әйелдерге бірқатар сынама мен зерттеулер тегін жасалады. Атап айтқанда, қанның, несептің жалпы сынамасы, қанның биохимиялық анализі, вассерман реакциясы, В және С гепатиттеріне тексеру, АИТВ инфекциясы мен ультрадыбыстық және басқа да зертханалық зерттеулер.
Жалпы еліміздегі перзентханалар үшке бөлінеді. Соның бірі аудандық ауруханалардағы босандыру бөлімшелері. Мұнда жүктілік мерзімі 36 аптадан асқан, денсаулығында ешқандай қатер жоқ әйелдер босанады. Ал қалалық және ауданаралық перзентханаларда жүктілік мерзімі 34-36 болған, денсаулығына қауіп туып тұрған келіншектер жатқызылады. Ал жүктілік мерзімі 34 аптаға толмаған перинаталдық паталогиясы бар әйелдер мамандандырылған перинаталдық орталықта босанады.
Әрбір әйел өз денсаулығына қарай перзентхананы таңдау құқығына ие. Болашақ ана өзі тіркелген емхана берген жолдамада көрсетілген мекемеде емес, басқа перзентханада босанғысы келсе мархабат. Тек алдын ала өтініш жазуы керек.
Айы-күні жақындаған кез келген келіншек перзентханаға жеткізілген кезде оған міндетті түрде коронавирусқа ПТР талдау жасалады. Ал жоспарлы түрде ота арқылы босанатын келіншектерге алдын ала емханада ПТР талдау алынады.
Жүкті әйелдерге жасалатын медициналық қызмет туралы қандай да бір сұрақтарға жауап алу үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Qoldau24\7 қосымшасына немесе 1406 байланыс орталығына хабарласу арқылы қол жеткізуге болады.