ҚАРАПАЙЫМ ЕРЕЖЕНІ САҚТАУ ҚАУІПТІ АУРУДЫҢ БАСТЫ ҚАРУЫ
Айналасы бір жылдың ішінде әлемді он орап алған Covid-19 індетінің ықтималды екінші толқынын болдырмауға медицина қызметкерлерінің атқарған жұмысы мен олар қолға алатын іс-шаралар жеткілікті бола алмайды. Төтеннен келген індетке тосқауыл қою барлық адамдардың жауапкершілікті сезініп, сақтық шараларын қатаң сақтауына да көп байланысты.
Шымкенттегі Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова қала тұрғындарына жасаған мәлімдемесінде осылай деді.
Ол қарапайым бес ережені сақтау қауіпті ауруды қауқарсыз күйге түсіретін қару екенін алға тарта отырып, «Бірінші кезекте тұрғындар үйден тысқа шыққаннан бастап бетпердені қолданғаны абзал. Бетпердені иекті ғана емес, ауыз және мұрынды жауып тұратындай етіп тағуды назарға алу керек. Екіншіден қолды жиі жууды әдетке айналдырайық. Көп ретте адамдар қолды сумен шаю жеткілікті деп түсінеді. Қолды сабынмен жуып, құрамында спирті бар сұйықтықпен өңдеуді ұмытпайық. Одан соң қай жерде болсаңыз да әлеуметтік ара қашықтықты сақтау да сау жүрудің маңызды ережесі екенін біліңіз. Сонымен қатар адамдар көп шоғырланған жерге баруды уақытша тоқтата тұрған абзал. Дос-жаран, туған-туыспен қол алысып, төс қағыстырып, құшақтасып амандаспауды әдетке айналдыратын уақыт келді»,-деп кеңес айтады.
Бас дәрігердің сөзінше аталған орталықта ағымдағы жылдың індет асқынып, эпидахуал қолайсыз күйге түскен маусым, шілде, тамыз айларында жалпы жиыны 70 төсек-орындық провизорлық орталық жұмыс істеген. Сол уақыт аралығында орталықта 423 науқас емделіп шыққан.
«Өкінішке орай аурудың айылына төтеп бере алмай, көз жұмған науқастар болғанын жасырып жаппаймыз. Қайтыс болғандар науқастардың әу баста жағдайы ауыр, аурулары қатты асқынып келді. Бірнеше созылмалы қосалқы аурулары бар адамдарды да аман алып қала алмадық»,-дейді Мадина Ермаханбетова.
Шымкентте коронавирус жұқтырған алғашқы науқас 24-наурызда тіркелді. Бірақ соған қарамастан көп адамдар бұл аурудың қауіпті екеніне күдікпен қарады. Қала карантин құрсауында болса да індеттен сақтану шараларына жүрдім-бардым қарағандар көп болды. Мұндай бейғамдықтың зардабын жаз айларында тарттық. Сол уақытта індетті жұқтырғандар күрт көбейіп, ауруханада төсек-орындар науқастарға лық толды.
Өз кезегінде Мадина Ермаханбетова бұл жағымсыз жағдай барлығымызға сабақ болу керектігін айта отырып, «Індеттің күшіне мінсе көз ілеспес жылдамдықпен таралатынына біз сендік. Ендігі кезекте сақтанып жүрудің маңызы зор екенін білдік. Сақтық шараларын қаперде ұстасақ ғана жаз айларындағыдай аурудың өршуін болдырмаймыз»,-деп бәріміз біріміз, біріміз бәріміз үшін жауапты екенімізді еске салады.
Сонымен қатар ол, ықтималды екінші толқын кезінде орталықтағы медициналық қызметкерлердің сапалы қызмет көрсетуін жолға қою мақсатында тыңғылықты дайындық жұмыстары атқарылып жатқанын да тілге тиек етті. Бұл мақсатта орталықтағы қызметкерлерге арналып семинарлар мен сабақтар өткізілуде екен.