ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ ТҰҢҒЫШ РЕЙС ОРЫНДАЛАДЫ

Ағымдағы жылдың 1-желтоқсанынан бастап Түркістан қаласында жаңадан салынған әуежайда алғашқы әуе рейстері орындалады. Алғашқы әуе рейсі Нұр-Сұлтан-Түркістан-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша жолаушылар тасымалдайды. Бастапқы кезеңде киелі қаладағы әуежайда әуе кемелері Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары арасында ғана жолаушыларды тасымалдайтын болады. Аталған қалалар бойынша әуе рейстері күн сайын орындалады. Рейстерді «Fly Arystan», «SCAT» және «Qazaq Air» сынды үш қазақстандық әуе компаниялары жүзеге асырады.
Бұл туралы Түркістан облысының баспасөз қызметі хабарлады.
1-желтоқсаннан бастап орындалатын әуе рейстері үшін «Fly Arystan» Нұр-Сұлтан-Түркістан-Нұр-Сұлтан және Алматы-Түркістан-Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша әуе билеттерін сатуды бірнеше күн алдын қолға алған. Билет бағасы да қалтаға қонымды. Нұр-Сұлтан мен Түркістан қаласындағы рейс үшін билет құны 6999 теңге болса, Алматы мен Түркістан қаласындағы рейс үшін 5999 теңге.
Естеріңізге сала кетсек, киелі қалада салынған әуежай құрылысы 2019 жылдың мамыр айында басталған болатын. Қысқа мерзімде салынған әуежай заманауи технологияларды қолдана отырып, халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. Нысанның жалпы ауданы – 905 гектар болса, ұшу-қону жолағы – 3 300х45 метр аумақты алады. Жолаушылар терминалының ауданы – 10,5 мың шаршы метрге жетеді. Нысан жылына 3 млн.-ға дейін жолаушыларды қабылдауға қауқарлы.
Қысқа мерзімде салынған әуежай арқылы Түркістан алдағы уақытта Қазақстанның басқа да өңірлерімен әуе қатынас орнатады. Шетелдік туристер ағынын көптеп тарту үшін Мекке мен Стамбул қалаларына рейстер ашу межеленіп отыр.
Түркістан қаласындағы жаңа әуежай ағымдағы жылдың 28-қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған болатын.