Басшының жүгі ауыр, оны арқалау абыройлы міндет

Отыз жылдан астам Шаянды шетке шегеріп тастап, Алғабас атанған өңір осыдан ширек ғасыр бұрын қазақ халқының тарихындағы үлкен басшы болып, есімі ғасырларға созылған тарихи тұлға Байдібек бабанын атын иемденді. Оңтүстік өңірінің ең шалғайында орналасқан, көршілес Жамбыл облысымен шектесіп жатқан ауданды Кеңестер Одағы кезінде, одан кейінгі тәуелсіздік таңы атқан кезеңде талай азаматтар басқарды. Өңірі төрт түлікке, шалқар жері шалқыған дәнге толған алқап талай ауыртпалықты да, көңіл жұбатар кездердің алуан ауыр түрін бастан кешірді. Ауыртпалықты азаматтары көтерді, қалың халқы қуаныштарын бірге бөлісті. Бір ғасырға барабар талай тағылым бүгінде тарих қойнауына енді. Байтақ қазақ даласынын барша елі осы өлкені іштей де, сырттай да танып білді. Тағылымын алды. Олқылығына ортақтасты. Тұлғалы тарих соның барін бүгінде әркез еске алып, тезге салып, тағылым беріп келеді. Бүгінде Бәйдібек атанған ауданды қырықтың табалдырығына енді ғана тырнақ іліндіретін Ержігіт Шәріпбекұлы Шәріпбеков деген азамат басқарып отыр. Ілкім сәтке көп мерзім өте қоймапты, жаңа қызметке келгеніне жарты жылдан жаңа асыпты. Біз ол кісіге дәл осынау мерзім аяқталған кезінде алты айдың алты сауалын қойдық. Соны оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.

– Жаңа қызмет, мәртебелі сенім, тікелей халық қызметшісі болып аудан әкімі міндетіне арнайы тағайындаумен кіріскелі бері алты айдан настам уақыт өтті. Несімен қуантты? Қандай қиындығы болды? Нендей қиындықтар көлденең кес-кестеп, иыққа салмағы қаншалықты алпауыт жүк артты?

– Қандай да бір ірілі-уақты басшылық қызмет адамға басқару саласында қомақты міндет жүктейді. Өйткені, өзіңе көрсетілген сенімге байланысты соған лайықты жауап беру оңай емес. Бәйдібек ауданы бүгінгі Түркістан облысындағы тұрғылықты саны аз болғанымен ауқымды және абыройлы, өзіндік ерекшелігі бар аудан. Осы өңірдің бір перзенті ретінде өзіме үлкен сеніммен басшылық тізгіні тапсырылып, бойды қуаныш кернегенімен, өзіме жүктелген жауапкершіліктің жүгінің мол екендігін де терең сезінемін. Жаңа жұмысты қолға алғаннан кейін өзім бұрыннан біршама білетін туған жердің қазіргі барымен тереңірек танысуға тырыстым. Көкейде ненің бар, ненің жоқ екендігі мен қандай мәселенің ерекше сұранысқа ие екендігі тұрды. Толқыныс та, толғаныс та болды. Міне, соның артта қалған жарты жыл ішінде біршамасының проблемалары алдымыздан шығып жатыр. Оларды бірден шешу оңай емес, нақты жүйелі іс жүргізу үшін тиісті, аршыны аса қажетті шаралар қабылдануда. Барлық мәселе бір күнде шешіле қоймайтыны белгілі, солардың ішінде ең күрделілерін сәт-сәтімен орындауға арналған тірлік жасап жатырмыз. Осылардың ең басында аудан аумағында атқарылатын елді мекендерді суландыру мен газ тарту ең өзекті мәселелердің көшін бастап тұр. Бірқатарына қол жетті, әлі атқарылатындарының ауқымы да аз емес. Көлденең кездескен ауқымды ауыртпалықтар кейде сол орындаймыз, жүзеге асырамыз деген мақсаттарымызға кедергі болып, тұсау салып жатқандығын жасыра алмаймыз. Сол секілді қазіргі таңда аудан орталығы Шаян ауылын абаттандыру барысында үдесі үлкен нақтылы жоспарлар жасалынды. Олардың бәрін болмаса да біршамасын аудандық мәслихат депутаттары мен аудандық қоғамдық кеңес мүшелері алдында терең таныстырып, талқылаудан өткіздік. Тараптардан болып жатқан орынды қолдауларды, ескертулерді және тың ұсыныстарды орындаудын барлық мүмкіндіктерін қарастырып, оған қол жеткізуге күш салуға барымызды жұмсаудамыз. Әрине, оның пайдасы да аз болып жатқан жоқ. Енді біз үшін ең бастысы мақсаттан міндетке ауысып, іргелі идеяларды жүзеге асырсақ, онда мерейлі межеміздің біршама бөлігінің жүзеге асқаны деп есептейміз, және соған қуанамыз.

– Кеше, бүгін, ертең. Осы белдеулі белестердің әрбір сәті тарих пен тағылымға толы. Кешеңіз қуантып, бүгініңіз баянды болып, ертеңіңіз ерекшеліктерімен толғандырады? Жауап бір елі бүкпесіз болса дейміз.

– Осынау отыз жасты өрлеген кезде өзіме тапсырылып сенген біршама қызметтерді қолдан келгенше атқардым. Заңгерлік, кәсіпкерлік салаларында жылдар бойы жүзеге асырған істерім бірнеше жылдарға созылды. Билікке бірден келмегендігім осыдан-ақ белгілі болса керек. Сондықтан кешегі күндер жайлы өкінетіндей орным жоқ, ал бүгінім кейде бүгілдіретіні жасырын емес, ертең жайында айтар болсам – ол өзіме артылған жүкті көтеруді ең басты нысана етіп қоятындығыма өзіндік сенімім мол. Адам үшін ең басты мақсат – адал болу жәрне абыройдың ауқымынан ауытқымау. Соған барымды салдым, одан ешқашан қашқақтап, айнығым келмейді.

– Бәйдібек өңірі үшін бөгделігініз байқалмайды, бөтендігіңіз жоқ. Осы ауданды көп жыл қызмет атқарған іргедегі Сайрам ауданымен қалай салыстырасыз? Ілгерілеу, ірілеу жолында қызметтегі айырбасыңыз арасында айырмашылық бар ма? Ұтысы, ірі қадамы қандай?

– Сайрам мен Бәйдібек аудандары қосарласып қатар жатқанымен, екеуінің арасында айшықты, ауқымды айырмашылық пен өзгешелік бар екендігі өзіңізге де белгілі ғой. Сайрамның әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктері мен іргесінің биіктігін Бәйдібекпен салыстыруға келмейді. Біздің ауданның өзіндік ерекшелігі көп. Облыс орталығынан шалғай орналасқан. Тарихы тағылымды, табиғаты қатал. Өзгені айтпағанда Арыстанды-Қарабастың алапат дауылды желінің өтінде орналасуы да көптеген қиыншылықтар туғызады, күрделі мәселелердің ауқымын ұлғайтып жатады. Бір қуанарлығы- өзім келгелі сезінген нәрсе – бәйдібектіктер еңсесін төмен түсірмей, қиындықтарға қай кезде болмасын қарсы тұра алады. Бір кездердегі ірі шаруашылықтардың тарап, жекешелендіруге көшуіне байланысты кәсіпкерлік пен шаруа қожалықтарының құрылуы салаларындағы орын алған олқылықтар мен күрделі мәселелердің біршамасынан көңілге қонымды жақсы қортындылар шығарылып жатыр. Мал басы артты, егістік үшін игерілген жердің көлемі де көбейді. Дәл бүгінгі таңда ауыл шаруашылық саласының облыс көлемінде едәуір артқандығы, алдыңғы орындардан көрінуі шаруалардың өнімді еңбегінің нәтижесі.

– Бір елде емес, бүткіл төрткүл дүниені шарпыған алапат апатты кез ешкімге де оңай соғып жатқан жоқ. Кері әсерін, залалды зиянын тигізіп жатыр. Оның аудан экономикасындағы, ілгерілеуіндегі деңгейінін зардабына тоқталып, саралап, талдап өз бағаңызды берсеңіз.

– Иә, биылғы жылғы барша әлемді дүрбеленге салған ауырлықтын шарпуы бізге де әсер етті. Өкінішпен еске алатын, орны толмайтын талай ауыртпалық пен қайғының бастан өткен кезеңдері есімізден бүгін ғана емес, ертең де шықпайтыны рас. Қаншама ел құрметтейтін, халқы қадірлейтін асыл азаматтар арамыздан өтпеді дейсіз? Төтенше жағдай мен карантиндік белгіленудің жариялануы экономикамыздың дамуына әсер еткені белгілі. Көптеген кәсіпкерлік нысандардың жұмысының уақытша тоқтатылуында бюджеттің кіріс бөлігіне түсетін салмақ екені де түсінікті. Жаңа қызметке келген кезде ойға алған біршама әжептеуір мәселелерді уақытылы жүзеге асыра алмауымыздың басты кедергісі де осы кіріс көлемінің азаюына байланысты болғандығы көп ретте көңілімізге қатты қаяу салады. Біз ардақты ақынымыз Жұбан Молдағалиев айтқандай біз “Мың өліп, мың тірілген қазақ” деген халықпыз ғой. Соның бәрі бізге орны толмас қиындықтарды алып келді. Бүгінгі нәубетті кездің өтетіні де белгілі, ең бастысы жұртымыз түгел, халқымыз аман болсын деп тілейік. Солай болуы үшін әрқайсымыз қарапайым ғана карантиндік ережелерді сақтап, зобалаңға қарсы тұра білуді жадымыздан шығармауды ең басты бағытымыз, өзекті міндетіміз санауға тиістіміз деп санаймын. Аудан аумағында жұқпалы науқастың алдын алу, емдеу орындарында дәрі-дәрмек пен, арнаулы киімдерді, заманауи медициналық аппараттардың болуын және оның мол корының сақталуын қамтамасыз ету бағытында бар мүмкіндігіме сай жұмыстар атқарылуда. Білім беру саласындағы онлайндық сауаттандыру жұмыстары да талап деңгейінде жүргізілуде және оның әрбірі салалық қатаң бақылауға алынған.

– Жұмысты ілгерілету, жағдайды қалыпқа келтіру үшін қандай ортада болмасын кадрлық ауыс-түйіске, таңдау жасауға көбірек көңіл бөліп жатады.
Оның кейде пайдасы, ал базбір уақытта зияны тиетіндігі шындық. Ұтыс пен ұтылыс та осыған байланысты. Бәйдібек ауданы соның қай деңгейінде?

– Әдебиетіміздің алтын қорындағы асыл тұлғамыз, қоғам қайраткері Жүсіпбек Аймауытов бабамыз: “Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жәй күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе” деген ұлағатты сөзі, баянды бағдары бүгінгі таңда да өз ұстанымын жойған жоқ деген ойдамын. Сенім – ең басты тұрақтылық. Кадрдың көп мәселені шешетіні де шындық. Басшы азаматқа таңдау жасағанда оның білімін ғана басты ұстаным етіп ұстап қалмай, оның басқару тәсіліне деген тәжірибесін және бейімділігін басты назарға алғаннан ұтпаса ұтылмайды. Елдің, жердің жағдайына қарап жанашыр ретінде жауапкершілікті ойлайтын кадрларды таңдаудын пайдасы мол болатындығы белгілі. Әзірге біз ауыс түйіске жаппай иек артып жатқанымыз жоқ. Ең негізгісі – жас кадрлар тәрбиелеу. Білімді, білікті, іскер мамандардың кей ретте жетіспей жататын жағдайларының болатындығы жасырын емес. Әзірге осы мәселелерге байыпты назар аударуға тырысудамыз. Мұның барлығы да келешегіміздің келбетті болуына өз пайдасын бермек.

– Алда атқарылуға тиіс ауқымды, айбынды істер аз емес. Короновирус, пневмания секілді біз атын да естімеген індеттер Алла жазса артта қалып, жақсы күндер келер. Маңызы ерек, салмағы салихалы келер күндер жайлы не айтасыз?

– Барша басшыға әкімдік тұғырында отырғандарға ешкім жағдай жасамайды. Еленуге тұрарлық іргелі істің басында қашан да болсын тізгін ұстағандар тұруы тиіс. Ал барлық байыпты, баянды болар тірліктің көшбасында көпшілік болады. Аудан әкімі болғаннан кейін барлық жағдайға жүйелі бақылау жасау мен халықтың әлеуметтік әлеуетін, тыныс-тіршілігін, кейбір тұралап қалған мәселелері мен тұрмысын жақсартуды басты назарда ұстауға ерекше мән береміз. Осы тұрғыда аудандық деңгейде шешу үшін толыққанды жұмыс істеуге қажетті дүниелер де бар. Соның бір-екеуіне тоқталып өтсек. Өздеріңіз білесіздер ауданға табиғи газ келгелі үш жылдан асты. Дәл бүгінге дейін 6 елді мекенге газ жеткізілді. Тұрғындар тұрақтаған басқа да ауылдарға газ жеткізу мен қосуға байланысты тіршілік белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. 3 елді мекенде – Боралдай, Тасқұдық, Сарқырамада құрылыс жұмыстары аяқталса, жеті ауылда – Мыңбұлақ, Қайнарбұлақ, Жүзімдік, Мәдениет, Қосбұлақ, Бестоғай, Ақбұлақта құбыр тарту белгіленген деңгейде атқарылып жатыр. Қалған елді мекендерде құрылыс жұмыстарына дайындық жүйелі жүргізілуде. Осылардың барлығын жоспарлы мерзімде орындау – негізгі нысана. Тағы бір ерекшелеп айта кететін нәрсе көгілдір отынның көрші ауылға келіп тұрғанын көрген көптеген азаматтардың табиғи газға қолымыз ертерек жетсе деген төңіректегі сұраныстары көп болуда. Мүмкіндіктерді қарастыра отырып, оны да назардан тыс қалдырмауға тырысып жатқан жағдайымыз бар. Жеріміз кең болғанымен мал жайылымы мәселесі кей кездерде қиындық тудыратындығын жасыруымыздың пайдасы жоқ. Халық санынын көбеюі мен мал басынын артуына байланысты елді мекендердін бәрінде дерлік жайылымға байланысты сұраныс туындап отыр. Бүгінгі кезде ауданның Бәйдібек ата, Ақбастау, Жоғарғы Боралдай, Боралдай, Жамбыл ауылдарында елді мекеннің ортақ жайылымын аумағын кеңейту бойынша шекараларына өзгеріс енгізілді. Қалған ауылдардың да мал жайылымы аумағын ұлғайтып, қосымша өзгерістер жасап, кеңейту бойынша салалық басшылықтар тарапынан тиісті жұмыстар жүйелі атқарылылуда. Бұл алдағы кездерде ұдайы назарда болып, бақылаудан тыс қалмайды. Ел жайлаған аймақты көркейту, халықтың әлеуетін жақсарту үшін аудан әкімдігінің барша қауымнын басты міндетінін қатарында тұрақтап тұр. Қазақстан Республикасынын Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауында белгіленген ауқымды міндеттерді жүзеге асыру басты назарымыздаң тыс қалмайды. Ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамыту – тұрмысымызды түзеудің кепілі болып қала береді. Ең бірінші кезекте, ерекше мән беретін басымдық- азаматтардың әлеуметтік ахуалы мен әл-ауқатын арттыруға жұмсалып, дәуріміздің басындағы нәубетті кезеңдегі сындарлы қиындықтарды жеңуге деген ортақ мақсатымыз болып қалмақ. Тірлік бір күнмен шектелмейді. Дөңгеленген дүние тұрғанда оның қызығы да қиындығы да болатындығы өмір заңдылығы. Соны қалыпқа салып, жақсысын асырып, қожыраған тұстарына тосқауыл қою сүре жолымыздағы атқарар ауқымды ісімізден тыс қалмауы – қажеттілік және мәнді мақсат болып қала бермек. Сол жолдан ауытқымаймыз деген ниеттеміз.

– Алты сауалды, оның жауаптарын артта қалдырдық, әкім мырза. Тәрбие, тағылым мен тұжырым жайлы, кішкентай отанның отбасынан басталатыны жайлы не айтар едіңіз?

– Қалыптасу азамат үшін тағылым мен талапқа тікелей байланысты. Өз басым — жанұямда жақсы тәрбиеден өттім. Оның пайдасын әркезде-ақ көріп келе жатқан секілдімін. Келешек ғұмырдың қалыптасуы соған тікелей байланысты, әрі жол сілтеуші десем артық болмайды. Отбасымдағы ұл-қыздарымды өзім алған тәлімді, тәрбиені бойларына сіңіруге ұдайы назар аударып келемін.

– Ержігіт Шәріпбекұлы, біз дидарласу кезінде баршасы болмаса да, біраз нәрселерге қанықтық. Әңгімеңізге алғысымызды білдіре отырып, елдеріңіздің келер күндеріне сәттілік, өңір тіршілігіне толағай табыстар, елге амандық тілейміз.

Сұхбаттасқан:
Серікбай САПАРҰЛЫ,
КСРО, Қазақстан Журналистер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы-журналист.
Бәйдібек ауданы,
Түркістан облысы.