Елді елеңдеткен екінші кезеңге дайынбыз ба?
Бір ел емес, бүкіл дүниеде талай пендені жалмаған апатты кезеңнен жылға жақын уақыттан бері үлкен зардапты бастан кешудеміз. Жақында ғана Қазақстан Мемлекетінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелерімен, орган басшыларымен, қалалар мен облыстардың әкімдерімен видеоконференция режимінде ауқымды мәселелер қамтылған келелі кеңес өткізді.
Оның басты тақырыбы ретінде коронавирус індетінің таралуына, кей елдерді алды басталып кеткен екінші кезеңге байланысты қарсылық шаралары жөнінде көп мәселелер қозғалып, өткенге талдау, алғы күндерге міндеттер белгіленді. Ел Президенті пандемия алғаш белең алғаннан бергі мерзімде Қазақстан аумағында медицина саласының қызметкерлерінің мол тәжірибе жинақтағандығын, дауасыз дерттің белгілері айқындалып, оған қарсы емдеу шараларындағы қызметтің бергенінің мол екендігін ерекше екшеп айтты. Әсіресе саланы нығайту, жаппай тестілеу жұмыстары бұрынғыға қарағанда әжептеуір жақсы істерді жүзеге асырды. Бизнес саласының білгір азаматтары жұмысты жаңаша істеуге бейімделді. Пандемияға қарсы ықпал жасауда адамдардың көзқарасы біршама өзгерді. Осы мәселелерге жан-жақты талдау жасаған ел басшысы:
– Пандемияның екінші толқыны көптеген белгілері бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Біз мұны ескеруіміз керек. Бүгінде бүкіл әлем «ковид теңдеуі» деп аталатын күрделі мәселені шешудің алдында тұр. Мұндай жағдайда тұтас бір саланың жойылып кетуі ғана емес, оның кейін білінетін салдары да оңай тимейді. Жұмыссыздық өршіп, білім беру ісіндегі олқылықтардың кесірі түрлі теріс пиғылдардың асқынуына, оның ішінде, қылмыстың өршуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан қазіргі міндет – көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау, – дегенді атап көрсете келе, алдағы кезде науқасқа шалдығатындардың қатарын азайтуға, індет жұқтырғандардың дәлме-дәл есебін азайтуды өз сөзінің басты нысаны ете отырып:
– Бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді. Қазіргі ахуал жете бағаланбай, қабылданған шаралар толық жүзеге асырылмай отыр. Халықтың індеттен сақтану деңгейі төмендеп кеткен. Бұл – аксиома. Мұндай жағдай әлемнің көптеген елінде байқалуда. Аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындауымыз керек, – деп біршама кемшіліктерді осылайша тізбелеп, негізгі міндеттерді тиісті орындардың алдына көлденең қойды.
Бұрын мұндай аса ауыр кезең еліміздің басына төніп, тоқырауға ұшыратпағандықтан және іс-тәжірибенің жетіспеушілігінен статистиканы бағалау мен талдау жөнінде ең негізгі бағыттағы аса қажет жоспарлары жасалынбаған екен. Президент осыған орай Денсаулық сақтау министрлігіне Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, терең екшеу жұмыстарын жүргізіп, медициналық кешенді жоспар дайындауды тапсырды. Осының барлығы өз деңгейінде қолға алынып, жоспар ықтиятты жасалып жатса, оның беделі мол болатындығы белгілі ғой. Бұл бір ғана азаматтық денсаулық сақтау саласына ғана емес, індетке қарсы күресу үшін шұғыл күш жұмылдыратын, әрі тиісті құралдармен жабдықтауда мойындарына үлкен жүк артылатын әскери медицинаға да тікелей қатысты екендігі осы кеңесте екшеліп айтылды.
Адам жанының арашашысы болатын денсаулық сақтау саласында қазіргі кезде алда басқа түсетін тауқіметі мол, ауыр күндерге деген дайындық, кейбір заңға қайшылықтар, құрал-жабдықтармен қамту, дәрі-дәрмектердің жеткізілуі жөнінде де ел Президентінің өткір сыны талайларды толғанысқа түсіріп қана қоймай, оны орнықтырудың нақты жолдарын бағамдау қажет екендігін айта келіп, өз сөзінде:
– Медициналық ұйымдарға жүргізілген бағалау қорытындысы олардың дайындық деңгейінің әлі де төмен екенін көрсетті. Денсаулық сақтау нысандарының жартысынан астамында заң бұзушылықтар анықталған. Ауруханалар аймақтарға толық бөлінбеген. Нәтижесінде емделушілер мен аурухана қызметкерлерінің індет жұқтыру қаупі сақталып отыр. Шын мәнінде, барлық өңірлерде жан сақтау бөлімшелерінің тиісті құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілмегені көрінді. Атап айтқанда, коронавирус індетімен қатты ауырған науқастарды емдеуге қажетті жекелеген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жетіспеушілігі байқалады. Өңірлер емдеу хаттамасында көрсетілген дәрі-дәрмектерді емес, өздерінің білгені бойынша препараттар сатып алуда, – деді Мемлекет басшысы. Бұл әрине көптерге ой салуға, сыннан қорытынды шығаруға үлкен септігін тигізетіндігіне шүбә келтірмей, сеніммен қарауға болатын бағыт.
Видеоконференция режимінде өткізілген кеңес кезінде елдің басшысы ең қажетті деген, кезек күтпейтін жағдайларға екшеу жасап қана қоймай, ең негізгілеріне тоқталды. Аурудың өзіміз бірінші кезеңі деп айтып жүрген кезде, бүкіл елімізде көптеген кемшін жағдайларды бастан кешкендігімізді несіне жасырайық? Оны бүгін бүркемелегенмен ертең-ақ ақиқаттың ащы шындығы өзі-ақ көз алдымыздан шықпай ма? Сондықтан да, Президент айтқандай емдеу орындарын дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ету бірінші кезеңдегі міндеттілігінен еш уақытта төмен түспеу керек. Үкімет басшылығы, тиісті министрлік пен бақылау, қадағалау салалары денсаулық сақтау саласы, оның ішінде дәріханалардың қайдан, қашан, нендей дәрі сатып алғандығын тексеру жұмыстарын, бірыңғай дистрибьютердің қоймаларындағы аса қажетті және негізгі дәрі-дәрмек қорын анықтауды назардан бір сәтке де есепсіз қалдырмауды өздерінің басты мақсаттарының қатарынан бәсейтпеуге тиіс. Осы жағдайларды сарапқа салған Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі нысанада тұратын негізгі міндеттерді былайша атап көрсетті:
– Менің тапсырмам бойынша ПТР сынамалары мен медициналық бетперделердің бағасы төмендетілді. Мұндай оң бастаманы халық бірден сезінді. Осындай жұмыстарды медициналық дәрі-дәрмектерге, ең алдымен, коронавирусқа қарсы медикаменттерге қатысты жүргізу қажет. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Мемлекеттік кіріс комитетімен бірлесіп, аталған мәселені қарастыруды тапсырамын. Жалпы Агенттік дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын реттеу ісіне атсалысып, фармацевтикалық бизнестегі картельдерді әшкерелеуі керек, – деп атап көрсете келе медицина саласы қызметкерлерінің қатарындағы ауыр науқаспен бетпе-бет келіп, іс атқарып жатқан емдеу саласының қызметкерлеріне үстемақы төлеудің жалғастырылатындығын, санитарлық талаптар мен шектеу шараларының барлық уақытта қатаң сақталуына компания басшыларының және бизнес иелерінің ерекше жауапты екендігін тағы да қайыра еске салды.
Ірі кәсіпорындардағы еңбек ететіндердің арасынан науқастар санының артқандығы, қоғамдық көліктердегі санитарлық жағдайдың әлі де тиісті талапқа сай еместігі, адамдар көп шоғырланатын орындардағы арақашықтықтың сақталмайтындығы да сынға алынды.
– Ата-аналар шыдамдылық танытып, қазіргі ахуалға түсіністікпен қарауы керек. Осындай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасып отыр. Біз білім сапасының төмендеуіне жол бермеуіміз қажет. Оқыту нәтижесіне мониторинг жүргізіп, білім саласындағы олқылықтарды жою үшін уақтылы шаралар қабылдау керек. Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесіп, шектеу шараларына қарамастан, білім сапасын бақылауды күшейтуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекет тарапынан коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы санитарлық талаптар мен шектеу шараларының сақталуына компания басшыларының және бизнес иелерінің жауапты екенін еске салды. Соңғы уақытта ірі кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарында вирус жұқтырғандарың саны арта бастады. Қоғамдық көліктердегі санитарлық жағдай және азаматтар көп шоғырланатын орындарда әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы алаңдаушылық тудыруда.
Елдегі емдеу орындарында жұқпалы дертпен тікелей айналысып жүрген медицина саласының қызметкерлері көп жерлерде қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілмейтіндігі талай мәрте айтылғанмен, әлі де талапқа толық жауап бере алмайды. Бір ғана бетперде мен жеке адамды қорғауды қамтамыз ететін құралдарды өндіретін орындарды тиісті шикізатпен өз көлемінде қамтамасыз етудің көп ретте орындалмай жататындығы ащы да болса шындық. Кей жерлерде оны екінші кезеңге қойып, тиісті талаптан шыға алмай жатамыз.
Пандемияға қарсы шараларды ашық жүргізуді осылайша тұжырымдаған Президент:
– Үкімет жемқорлыққа жол берілуі мүмкін барлық учаскелерді қатаң бақылауға алуы тиіс. Пандемияның бірінші толқыны кезінде жемқорлықпен бетпе-бет келдік. Бұл – медициналық бетперделер мен дәрі-дәрмек бағасын арттыру, бақылау-өткізу пунктеріндегі құқық бұзушылықтар, медицина қызметкерлеріне төлем тағайындау кезіндегі жемқорлық. Бақылаушы органдардың, яғни, полиция қызметкерлерінің, әкімдіктер мен мониторинг өткізетін топтардың жұмыс сапасына ерекше назар аудару қажет. Пандемия кезінде оларға бизнес пен азаматтарды тексеруге зор, яғни, төтенше өкілеттіктер берілді деуге болады. Бұл өзін-өзі ақтады. Мұндай өкілеттіктерді дұрыс қолданған жөн, оны асыра пайдалануға болмайды. «Кімді және қашан тексеретінімді өзім білемін» деген қағидаға жол берілмесін, – деп атап айтты.
Жалпы ел өміріндегі қиындықтар мен дағдарыстардың өзі жаңа мүмкіндіктерге, жаңа қолжетімділікке елеулі түрде жол ашатындығына, оның айтарлықтай жетістікке жеткізетіндігіне тоқталған Қ. Тоқаев отандық вакцинаның екі түрінің болашағы бар биоқұралдардың қатарына енуі үшін оңды жұмыстар атқарылып, клиникалық зерттеулер жүргізіліп жатқандығын айтуды да кеңесте назардан тыс қалдырған жоқ.
– Үкіметтің алдында тұрған үлкен міндет – отандық вакцинаны ешбір кедергісіз өндіріске енгізу. Уақытша тіркеу тәртібін жеңілдетіп, вакцинаның тәжірибелік-өнеркәсіп және өнеркәсіп өндірісіне арналған зауыт құрылысын аяқтау қажет. Мен Ресей Президентімен ресейлік вакцина өндірісі зауытының құрылысы бойынша келісімге келдім. Үкімет осы қажетті жобаға инвестиция тарту бойынша келіссөздерді бастап та кетті. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру маңызды. Мұндай шараларды дамыған мемлекеттердің бәрі қабылдап жатыр. Парламенттің осы сессиядағы жұмысы аяқталғанға дейін депутаттардың қарауына Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі заң жобасын енгізу керек, – деген Мемлекет басшысы алдағы уақытта жекелеген азаматтардың тәртіпке бағынуы, қазіргі енгізілген ішкі шараларға түсіністікпен қарауы керектігіне арнайы тоқталып өтті. Шындығында да біз әрқайсымыз өзімізді өзіміз қатаң бақылап, ең керекті, мүдделі міндеттерімізді ұдайы орындап отырсақ, онда ауруға қарсы тұрып, деніміздің саулығын сақтай алатындығымыз сөзсіз. Президент кеңес соңында барлық қазақстандықтарға денсаулық тілеп, дәрігерлерге, ішкі істер саласы қызметкерлеріне, әскери орындарға, онда борышын өтеушілерге, пандемияға қарсы күресіп жүрген барша азаматтарға алғыс сезімін білдірді.
Келелі кеңесте елдің Үкімет басшысы, Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрлері, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарының әкімдері сөз алып, өздерінде атқарылып жатқан дертке қарсы жұмыстарға және алғы күндердегі міндеттерге байланысты есепті ойларын ортаға салды.
Видеоконференция режимінде өткізілген осы кеңесте шын мәнінде көп нәрсе талқыға түсіп, пікірлер ашық айтылды және алда атқаратын міндетті тұжырымы басты назарға алында. Біздің ойымызға да «Үшінші мегаполис қала Шымкентте қандай жұмыстар жүзеге асырылды?» деген сауал оралды. Наурыздың соңынан бері қарашаның кешегі бел ортасынан ауған уақытқа дейін коронавирус инфекциянының 5300-ден астам жағдайы тіркелгені мәлім. Соңғы бір аптаның ішінде ғана COVID-19 дертін тағы 6 адам жұқтырып емделу үстінде екен. Оның ішінде 2700-дейі науқас симптоматикалық, ал 2600-дейі симптомсыз деп белгіленген. Жалпы жылдың басынан бері қарашаның 17-не дейінгі кезеңінде 18802 пневмания жағдайы тіркеліп, оның 18245-і емделіп, аман-есен ауруханадан шықты. Ауыр да болса өкінішпен айта кететін бір нәрсе – қайтыс болғандар жөнінде. Олардың қатары қазір 70-тің үстінде. Дәрігерлер өз міндеттеріне сай жұмыстарын тиянақты атқарып жатқандығы қуантады. Олардың арасында да науқасқа ем жасаймын деп, өздері дертке ұшырағаны аз болған жоқ. Тіптен жақында ғана қалалық Онкология орталығына коронавирус инфекциясы белгіленген аяғы ауыр әйел жеткізілген. Босанатын мерзімі таяп қалған анаға дәрігерлер кесір тілігі арқылы маммопластикалық ота жасап, сәби дүниеге дені сау күйінде жеткізілді. Он күнге тарта уақыт ішінде ана да, бала да ерекше емдеуден өткізіліп өз отбасыларына оралыпты. Бұл қуанарлық, әрі құптарлық жағдай. Індет әлі де қаладан қашықтап кете қойған жоқ. Оның алдын алу, жұқтырмау жолдарын қарастыру әр емдеушінің ғана емес, барша қалалықтардың ортақ міндеті болуы тиіс. Мемлекет тарапынан белгіненген бетперде мен осы ауруға байланысты қажетті дәрілердің бағалары әлі де толық төмендетілмей отырғандығы көңілге сәл қаяу салады. Жеке азаматтардың өздері қоғамдық көліктерде, адамдар көп жиналатын орындарда бетпердесіз жүруі, ара-қашықтықты сақтамауы көп ретте толық орындалмайды. Бақылау орындары да осы мәселеге жіті назар аударып отырмайды. Жылдың ақырғы айы желтоқсанның соңы мен қаңтардың басында дерттің екінші кезеңі басталатындығын ресми денсаулық сақтау орындары мәлімдеп те үлгерді, Сондықтан сақтану шараларын әрбіріміз басты назарда ұстап, апаттың алдын алу үшін қатаң тәртіптілік пен жауапкершілікті ыждағатты түрде сақтағанымыз жөн болады деп санаймыз, құрметті шымкенттіктер.
А. САТЫБАЛДЫ.