ҚАЖЕТТІ ҚҰРЫЛҒЫЛАР ҚОЛЖЕТІМДІ

Шымкент қаласында коронавирус эпидемиясының екінші толқынына дайындық жұмыстары жан жақты жүргізілуде. Кесел кеулеген кезде науқастарға сапалы ем көрсету мақсатында жансақтау бөліміне арналған 314 функционалды кереует, 381 дозатор, 266 реанимациялық монитор және 381 медициналық сорғыш қондырғы сатып алынды.

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.

Сонымен қатар ол, Шымкентте 3 оттегі станциясын орнату бойынша жұмыстар аяқталғанын хабарлады. Оттегі станциясының екеуі қалалық инфекциялық аурухана базасында, ал біреуі №3 қалалық ауруханаға орнатылған. Бұдан бөлек медициналық ұйымдардағы 717 оттегі нүктелерін қосу және сұйық оттегіге арналған 9 резервуар орнату жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, қаладағы медициналық ұйымдарға демеушілер есебінен 13 санитарлық көлік тарту етілген.

Жыл басында Шымкенттегі медициналық ұйымдарда 310 жасанды желдету аппараты болса, қазіргі таңда олардың саны 612-ге жеткен. Өкпе қызметін өздігенін атқара алмайтын күйге түскенде науқасқа аса қажет өкпені жасанды желдету аппаратының 156-сы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінен жеткізілген. Жергілікті бюджет есебінен 126 дана ӨЖЖ аппараты сатып алынған. Тағы 20 аппарат демеушілер есебінен қол жеткізілген.