ӨКПЕНІ ЖАСАНДЫ ЖЕЛДЕТУ АППАРАТЫ ӨЗІМІЗДЕ ШЫҒАРЫЛАДЫ
Шымкенттегі «Kazmedpribor Holding» компаниясы өкпені жасанды желдету аппаратын шығаруды қолға алды. Екпіні әлі басылмай тұрған пандемия кезінде үлкен сұранысқа ие болған аппараттардың алғашқы легі қаладағы медициналық мекемелерге таратылды. Аталған компания жасап шығарған алғашқы легі барлығы 88 қондырғы дайын болған.
Ауыр халде жатқан науқастардың аяқтан тұрып кетуіне көмегі көп тиетін аппараттардың сериялық өндірісін іске қосу қазақстандық, жапондық және американдық мамандардың бірлескен жұмысы болып табылады. «Kazmedpribor Holding» компаниясының директоры Қаныбек Қанатбекұлы өндіріс көлемін ұлғайту алға қойған басты мақсат екенін алға тарта отырып, «Бұл құрылғы науқастарды үздіксіз оттегімен қамтамасыз ете алатын турбина технологиясына негізделген. Сіз оттегіні орталық газбен жабдықтаудан бөлек оттегі баллонын да пайдалана аласыз. Біз осы жылдың соңына дейін осындай 500-ден астам өкпені жасанды желдету аппаратын шығара аламыз»,-деді.
Құрылғыға қажетті бөлшектердің шамамен 60 пайызы жергілікті жерде өндіріледі. Қалғаны сырттан жеткізіледі.
Жалпы «Kazmedpribor Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәулігіне 20-25 ӨЖЖ құрылғысын шығаруға қауқарлы.
Айта кетсек, аталған кәсіпорын Германия, Жапония, Корея компанияларымен бірлесіп, 300-ден астам медициналық бұйымдар шығарады. Өнімнің негізгі түрлері медициналық машиналар, пациенттерге арналған мониторлар, ЭКГ аппараты, функционалды кереуеттер және өзге де жабдықтар.
Өндіріс орнының өндірістік қуаты жылына 50 мың дана медициналық жабдық, 150 мың дана медициналық жиһаз, 1000 дана медициналық көлікті құрайды. Сонымен қатар, компания өнімнің жаңа түрлерін шприцті сорғы, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубатор шығаруды игерді.
Кәсіпорыннан шығарылған құрылғылар сертификаттаудан сәтті өткен.
Осы жылы қаладағы медициналық ұйымдардың материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында 6,6 млрд. теңге қарастырылған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл қаржы алты есеге көп.