ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ЖЕРДЕ ТЕМЕКІ ТАРТҚАНДАР ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

Елімізде ағымдағы жылдың тамызынан бастап темекі шегуге тыйым салынған орындардың тізімі кеңейтілген болатын. Соған сәйкес, қоғамдық орындармен қатар, жабық автобус аялдамаларында, балалар алаңында, метрода, жер асты өткелдерінде темекінің кез келген түрін шегуге тыйым салынатыны ескертілген.

Заң талаптары қатаңдатылғанмен онымен күрес жұмыстары біраз уақытқа дейін жалғасатын түрі бар. Шымкенттің тәртіп сақшылары ағымдағы жылдың 9 айында қоғамдық орындарда темекі тартқаны үшін 7497 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартқаны соған мысал.

Есепті мерзім ішінде тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда темекі тартқан 7497 азаматты анықтап, оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырған. Бұл туралы ақпаратты polisia.kz мәлімдейді.

Тәртіпке бағынбаған 7,5 мыңға жуық азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы 1-бөлігімен (Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуға тыйым салуды бұзу) әкімшілік хаттама толтырылған.