ЖҮРЕК ҚЫЗМЕТІН ЖАҚСАРТАТЫН ОТА ТҮРІ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Шымкенттік дәрігерлер кәсібилігімен тағы да таныла түсті. Кардиохирургиялық орталық дәрігерлері 82 жастағы азаматтың жүрегіне жабық ота жасады. Науқастың жүрек қақпашасын хирургиялық жолмен алып тастайтын мұндай ота Шымкентте алғаш рет жасалып отыр. Бұған дейін мұндай отаны жасатуға мәжбүр болғандар жүрегіндегі бұл ақаудан арылу үшін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына баратын. Енді алысқа ат арылтып, әбіржитін күндер артта қалды.
Пышақсыз жасалған отаны жасау үшін жергілікті ақ халатты дәрігерлерге Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығының мамандары келіп, кәсіби көмек көрсетті. Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығының интервенционды кардиология және радиология бөлімінің меңгерушісі Серік Алимбаев «Аорта қақпашасының стенозы» диагнозы қойылған науқастың операция үстеліндегі ахуалының ауытқымауына жергілікті дәрігерлердің ептілігі мен орталықта науқастар үшін жасалған жағдайдың зор екендігімен тығыз байланыстыра отырып, «Бұл операция аорта қақпақшасын транскатетерлі имплантациялау деп аталады. Ота жұмыс істейтін жүрекке жасалды. Яғни, өкпені жасанды желдетусіз жүзеге асты. Сондықтан біз отаның негізгі бөлігі — қақпақшаны алмастыру уақытын 20 секундта жасай алдық»,-деді.
Бұл отаны мамандар пышақ тілімінсіз науқастың аяқ күре тамырынан жеткізуші құрылғы арқылы жүрекке еніп, қақпақшаны хирургиялық жолмен ауыстырды. Нархозсыз жасалған ота сәтті өтті.
Жалпы кардиологтар егде жастағы азаматтардың жүрегіне ота жасауға кеңес бере бермейді. Сондықтан олар бұл жолғы отаны жасауда үлкен нар тәуекелге барып, қарт кісінің жүрек қақпақшасын алмастырып берді. Ақ халаттылар ота сәтті және тіліксіз өткендіктен, науқас екі-үш күн ішінде аяғынан тұрып кететінін айтады.
Екі сағат дайындық жүргізіліп, небары 10 минутта жасалған мұндай оталар Шымкентте келер жылдан бастап тұрақты түрде жүргізілетін болады. Операцияның бұл түрі медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде ақысыз түрде көрсетіледі.
Жалпы шымкенттік кардиохирург дәрігерлер тұрғындарға дер кезінде сапалы ем-дом жасау үшін тиісті тәжірибелерден өтіп, оны бір кісідей меңгеру үстінде. Осы айдың басында олар алғаш рет жүрек тұсында ақауы бар науқасқа стент-графт орнату отасын жасауды меңгерген болатын. Жауапкершілік жүгі зор отаны Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығының дәрігерлері Арипов Марат пен Землянский Виктор жүргізген. Білікті мамандар операция кезінде қолқа аневризмасы және кеуде аневризмасы бар екі науқасқа хирургиялық жолмен стент-графт орнатып берген-тін. Стент-графт орнату операциясы – аорта аневризмасымен ауыратын науқасты емдеудің ең тиімді әдісі болып табылады. Бұған дейін отаның бұл түрін қажет ететін науқастар елордаға арнайы жолдама арқылы жіберілген. Аталған тәжірибе алмасу арқылы жергілікті мамандар стент-графт орнатуды өз беттерінше орындай алатын мүмкіндікке ие болды.