ҚАТАЛ ҚЫС СЫЛБЫР ЖҰМЫСТЫ КӨТЕРМЕЙДІ
Сейсенбіде Түркістан облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың төрағалығымен күнгейде алдағы қыс мезгіліне дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Жиында Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Шерзат Сүттібаев облыс аумағындағы республикалық маңыздағы жолдарда 7, ал облыстық маңыздағы жолдарда 4 жылыту бекеттері орналасқанын айтты.
Тиісті мамандар бар болғаны екі күннің ішінде (20-21 қыркүйек) республикалық және облыстық маңыздағы жолдардың қыс мезгіліне дайындығын тексеріп үлгерген. Осы ретте облыс аумағындағы республикалық маңыздағы жолдардың ұзындығы 866,2 шақырым екенін, ал облыстық маңыздағы жолдар 4152,34 шақырым екенін еске салайық.
Республикалық маңыздағы күре жолдарда қолайсыз ауа райы кезінде қауіпсіздікті сақтау үшін 800 тонна техникалық тұз алу керек болса, бүгінге дейін соның 533 тоннасы, ал жоспарланған 13 мың тонна текшеметр құмның 84,5 пайызы алынған. Сонымен қатар жолдарда көктайғақты алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін 80 жұмысшы мен 29 дана техника жұмылдырылған.
Қыс ауасында облыстық маңызы бар жолдарда қауіпсіздікті сақтау үшін бюджеттен 69 млн. теңге қаржы бағытталған. Соның аясында көктайғаққа қарсы 7354,6 тонна текше метр құм мен 654 тонна тұз алу жоспарланған. Инертті материалдарды сатып алудан бөлек, көлік дәлізіндегі қауіпсіздікті алдын алу жұмыстары үшін 300-ден астам жұмысшы дайындалып, 124 техника іріктелген. Техникалар үшін жанар-жағар май бекеттерімен жалпы 250 тонна дизель отыны, 90 тонна жанар жағармайға келісім-шарттар түзілген.
Брифингте Түркістан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев облыстың жылу беру маусымына дайындық жұмыстары туралы мәлімдеді. Оның таратқан деректеріне сүйенсек бүгінге дейін облыс бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 586 көпқабатты тұрғын үйлердің 75,4 пайызы немесе 442-сі жылу беру маусымына толық дайын. Сондай-ақ, алдағы жылу маусымына 2623 бюджеттік мекемелерді дайындау жоспарланған болса, бүгінгі дейін дайындық жұмыстары 2253 мекемеге жүргізілген.
Облыс аумағында мекемелерді орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін 35 қазандықтың тек 20-сы ғана жылу беру маусымына сақадай сай. Өңірге қажетті 1 003,2 мың тонна қатты отынның облысқа тек 30 пайызы ғана тасымалданған.
Биыл қыс қарашада түседі. Жуырда синоптик мамандар осындай болжам жасады. Иек астындағы күздің соңғы айы қарашада ел аумағында жауын-шашын, қарлы боран, көктайғақ пен тұман жиі болады деп күтілуде. Осыған орай елдің теріскей өңірлерінде бір ай бойына жылы күндер аязды күндерге ауысатыны хабарланды. Ал оңтүстік аймақтарда қарашаның ортасын ауа жаңбыр, жылбысқы қар жаууы ықтимал екені ескертілді.
Қоңыр күзден басталған қысқа дайындық жұмыстарының нәтижесін алдағы қатал қыс көрсетіп беретіні белгілі. Сондықтан да дайындықтың қандай деңгейде екені туралы асығыс болжам жасау әзірге ерте. Дегенмен де қатал қыс сылбыр жұмысты көтермейтіні белгілі.
Ж. АРМАНОВА.