Тұрғындардың өміріне қауіп төнуде

Әйтенов қаладағы апатты үйлердің мәселесін шешуге кірісті

Соңғы бір апта ішінде Шымкенттегі Еңбекші және Абай аудандары әкімдері ағымдағы жылдың 9 айында атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Өз кезегінде Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов инфрақұрылым мәселесі кезең кезеңімен шелілетінін айтып, кейбір елді мекендердегі жыр болған сапасыз жарық, ауыз су азабы мен көгілдір отынның келмеуі сынды тұрғындардың басын ауыртар мәселелер күн тәртібінен алынбайтынын ашық меңзеді.

Қазіргі таңда аудандағы елді мекендердің 24-і немесе 71 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған. Биыл 6 елді мекенге таза тіршілік нәрін жеткізу үшін бюджеттен 8,4 млрд. теңге қаралған. Соның есебінен жыл басында 2 елді мекенге ауыз су жеткізілген. Енді жыл аяғына дейін тағы 4 елді мекенге су жеткізу жұмыстары толық аяқталады деп күтілуде.

Сонымен қатар қазіргі таңда аудандағы 25 елді мекен мемлекеттік электр жарығын тұтынса, қалған 9 елді мекен тұрғындары жекеменшік трансформаторлардан жарық тартып отыр. Биыл 1 елді мекен тұрғындарын сапалы жарықпен қамту үшін тиісті құрылыс жұмыстары жүргізілген. Тағы 7 елді мекенге сапалы жарық тарту бағытында тиісті жобалық-сметалық құжаттар әзірленген.

Аудандағы 34 елді мекеннің 9-на көгілдір отын құбыры тартылмаған. Салдарынан ондағы тұрғындар қыс мезгілінде көмір тасып, күл шығарудың азабын тартып отыр. Аудан басшысы көгілдір отынға қолы жетпей тұрған тұрғын алаптарға газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындау жұмыстары атқарылып жатқанын алға тартты.

Бұдан бөлек, ауданда есепті мерзім ішінде 222 тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, 58 спорт алаңшасы салынған.

Осы және өзге де жұмыстармен таныс болған қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы аудан бойынша салыққа түскен түсім өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда төмен екеніне қынжылыс танытты. Ал дәл осы көрсеткіш бойынша Еңбекші ауданы Абай ауданынан алда тұр.

Еңбекші ауданы аумағында 19147 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген болса, олардан жергілікті бюджетке түскен салық көлемі 55 млрд. 687 млн. теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 54 пайызға көп. Десе де, Еңбекші ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан жоқ. Тазалық мәселесіне қатысты шикіліктер де жетерлік. Олқылықтарды реттеуді шегелеген Мұрат Әйтенов екі ауданның әкіміне де салаға жауапты орынбасарларымен бірлесіп аудандағы апатты үйлер мәселесін реттеу туралы әкімдікке ұсыныс беруді тапсырды. Өз кезегінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданында 6, Абай ауданында 16 көпқабатты апатты тұрғын үй бар екенін атап өтті. Қала әкімі бұл үйлер күн сайын тұрғындардың өміріне қауіп төндіретінін, мұның шешімін табу қажеттігін баса айтты. Мәселені кейінге ысырған сайын одан келер қауіп зорайа түсетінін ескертті.

Бүгінге таңда Шымкентте комиссия шешімімен апатты деп танылған 41 үй бар. Бұл туралы қала әкімінің өзі ағымдағы жылдың 14-тамызында инстаграм әлеуметтік желісі арқылы тұрғындар сауалына тікелей эфир арқылы жауап беру кезінде айтқан болатын. Сол кезде Мұрат Әйтенов бұл мәселені шешу мақсатында инвесторларға үйлерді сүріп, оның орнына көпқабатты үйлер салып, бастапқы бірінші, екінші қабаттарына үйлері сүрілген тұрғындарды жайғастырып, қалған жоғарғы қабаттағы пәтерлерді сатуға шығару туралы талап қою арқылы шешу жолдарын қарастырылып жатқанын атап өткен. Бірақ нақтылы шешім әлі қабылданбағанын да ескерте кеткен. Апатты үйлер мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар биыл басталмаса, келер жылы орындалатынын мәлімдеген.

Сөзден нақты іске көшу қалай өрбитіні уақыттың еншісіне қалдырғанымыз жөн секілді.

 

А. САТЫБАЛДЫ.