ЕДЕЛ-ЖЕДЕЛ ЕМ КӨРСЕТУГЕ ОҚЫТЫЛУДА

Газетіміздің өткен санында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Позилов коронавирустық инфекцияның ықтималды екінші толқыны кезінде провизорлық және жұқпалы аурулар стационарларында тұрғындарға едел-жедел ем-шаралар көрсету үшін арнайы 3 сценарий дайындалғанын, олар – тұрақты, қолайсыз және жағдай өршіген кез болып үш жікке бөлінетіні туралы мәлімдеген болатынбыз. Бұл бағытта қалалық жедел медициналық көмек көрсету станциясының қызметкерлері арасында дайындық жұмыстары пысықталу үстінде.

Атап айтқанда Covid-19 коронавирустық инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындық бойынша жедел медициналық көмек көрсету станциясының қызметкерлері ауқымды аттестациядан өтуде.

Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Позилов мәлімдейді.

Мамандар біліктілігін арттыруға бағытталған шараға барлығы 900 медицина маманы қамтылған. Жаппай аттестациядан өту кезінде жедел жәрдем қызметкерлеріне не үйретіледі?

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Позилов бұл аттестацияда жедел жәрдем станция қызметкерлері ықтималды екінші толқын кезінде тұрғындарға төмендегідей төрт саты бойынша медициналық қызмет көрсетуде шеберліктерін шыңдайтын болады.

Яғни, алғашқы көмек көрсету науқастардың төрт дәрежесін анықтау негізінде жолға қойылады. Олар, аурудың жеңіл түріне шалдыққан науқас, қосымша ауруы жоқ орта дәрежедегі, қосымша ауруы бар орта жағдайдағы және ауыр жағдайдағы сырқат бойынша оқытылады.

Өз кезегінде Б. Позилов бұл аттестацияның маңызы зор екенін, сол арқылы мамандардың біліктілігін анықтап, одан әрі дамыту барысын бағамдай алатынын алға тартады.

Жедел жәрдем станциясы қызметкерлерін жаппай аттестациядан өткізу шарасы бір уақытта тоғыз жедел жәрдем бекетінде өткізілді.