КАРАНТИН РЕЖИМІ ТАҒЫ ЕКІ АПТАҒА ҰЗАРТЫЛДЫ

Covid-19 індетінің тіркелуі тоқтамауына байланысты Шымкентте карантиндік шектеу шаралары 9-қарашаға дейін ұзартылды. Соңғы рет 9-қазан күні 26-қазанға дейін созылған болатын.

 

Шымкент қалалық бас санитар дәрігерінің 24-қазандағы Қаулысында адамдардың көп шоғырлануына жол беріп, мерейтой жиындарын атап өту, банкет жасау, той өткізу, еске алу шарасы, туылған күн, құдалық, беташар өткізуге тыйым салынатыны айтылған.

Сонымен қатар, көрмелер, ойын-сауық, спорттық, отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды, форумдарды, конференцияларды, семинарларды адамдардың көп жиналу орындарында өткізуге тыйым салынып отыр.

Карантинге байланысты цирктің, көңіл көтеру мекемелерінің атап айтқанда, караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтар, балалардың ойын алаңдары мен жабық бөлмелердегі аттракциондардың, мұз алаңдарының, батуттардың мен букмерлік конторлардың жұмыстары да уақытша тоқтатылып тұр.

Қаулыда карантин талаптарын орындау барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы міндетті екені ескертілген.