АЛТЫ АЙЛЫҚ СӘБИ АМАН ҚАЛДЫ
Қазақстанда 2008 жылға дейін мезгілінен бұрын туылып, салмағы 1 келіге жетпей туылған сәбилер түсік ретінде есептелген. Бірақ бертін келе заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен ерекше күтімнің нәтижесінде алақанға сыйып кететін мұндай сәбилерге қолдау мен тиісті күтімдер жасалып келеді. Нәтижесінде олардың 75 пайызы аман қалып, көптеген шаңырақты күміс күлкіге толтырып, шаттыққа кенелтуде.
Бұл қуанышты статистиканы толықтыруда шымкенттік дәрігерлердің де үлесі зор. Дүние есігін үш ай ерте ашып, 6 айлық болып туылған қыз баланы жергілікті дәрігерлердің аман алып қалғаны осы сөзіміздің кезекті дәлелі бола алады.
Маңдайында көрер жарығы бар сәби ағымдағы жылдың 12-тамызында дүниеге келген. Нәрестенің туылған кездегі салмағы бар жоғы 800 грамм болған. Жағдайы да алаңдатарлық халде болған. Бірақ қалалық перинаталдық орталық дәрігерлері асығыс шешім шығаруға асықпай, тиісті ем-дом жасауға кірісіп-ақ кетеді. Нәрестенің жағдайы ауыр болғандықтан оны анасының құшағының уақытша ажыратып, бір айға жуық уақыт жансақтау бөліміндегі аппаратқа жайғастырып, тыныс жетіспеушілігіне байланысты жасанды жолмен тыныс алу аппаратына қостырады. Бұған қоса шала туылған шақалаққа қосымша қан беріліп, қарқынды ем жүргізіледі. Үш айға жуық уақыт тиісті ем-домнан кейін нәрестенің беті бері қарайды. Қуанышы көкке жеткен ана дәрігерлерге рахметін айтады. Қызының салмақ қосқанын көріп, қуанған Феруза Бүркітбаева «жүктілік мерзімінің 25 аптасында 800 грамм болып туылған еді. Қазір салмақ қосып, 1500 граммға жеттік. Қазір жағдайымыз жақсы»,- деп дәрігерлерге алғысын білдіруде.
Күннен күнге салмақ қосып, жағдайы жақсарып келе жатқан сәби мен анасы жақын күндері перзентханадан үйлеріне шығарылады.