ТАҢДАҒАН ЕМХАНАҢЫЗҒА ТІРКЕЛІП ҮЛГЕРДІҢІЗ БЕ?

Ағымдағы жылдың 15-қыркүйегінен бастап ел аумағында азаматтардың медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымын (МСАК) таңдау шарасы басталғаны белгілі. Екі айға дейін, яғни 15-қарашаға дейін жалғасатын бұл шара аясында азаматтар өзі қалаған емханасына тіркелу мүмкіндігіне ие болады. Дұрыс таңдау жасаудың жолы қандай?

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы Ахмет Беден тұрғындардың өз емханасын таңдауына мүмкіндік беретін бұл шараға төмендегіше түсінік береді.

– Емханаға тіркелу жолының бірнеше жолы бар? Соның бірі тіркеуді электронды түрде жүргізу болып табылады. Тіркелудің мұндай жолы электрондық үкіметтің www.e.gov.kz веб-порталында жүргізіледі. Бұл үшін міндетті түрде электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы тиіс. Веб-порталға кіргеннен соң батырманы денсаулық сақтау бөліміндегі «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметіне апару қажет. Ол жерден өзіңіз таңдаған емхананы таңдайсыз. Емхана пациент туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Операция сәтті болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның электронды цифрлық қолтаңбасы қойылған электрондық құжат түрінде тіркелгені туралы хабарлама беріледі.

Кейбір жекелеген санаттарға жататын азаматтар бұл қызметті тікелей емханаға барып жүргізе алады. Ол үшін өзі таңдаған емханаға тіркеу туралы өтінішке жеке басын куәландыратын құжатты қоса беру қажет. Бұл санатқа зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер, колонияларда (өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді рәсімдейтін адамдар жатады.

Айтпақшы, екі айға жалғасатын бұл тіркеу науқанында азаматтар денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және ТМККК және МӘМС бойынша медициналық қызмет көрсетуге үміткер медициналық ұйымдарды ғана таңдай алатынын айта кетейік. Бұл тұрғыда Шымкент қаласында 36 медициналық емдеу мекемесі азаматтарды тіркей алады. Оның 14-і мемлекеттік, 22-сі жекеменшік медициналық орталық. Десе де медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымын (МСАК) таңдау шарасы аясында өз қалаңыздағы тіркелу үшін қолжетімді емханалардың тізімімен МӘМС қорының www.fms.kz сайтындағы «Емхананы таңдау» бөлімінде танысуға болатынын білген абзал.

Осылай деген ол азаматтарға осы жылдың 31 желтоқсанына дейін бұрын бекітілген емханасында қызмет көрсету жалғасатын алға тартты. Сонымен қатар кез келген азамат мекен жайы ауысқан жағдайда немесе жылына 1 рет басқа емхананы таңдауына құқылы екенін атап өтті.

Жалпы мамандар медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымын (МСАК) таңдау шарасы кезінде азаматтардың тұрғылықты жеріне жақын емхананы таңдауына кеңес береді. Бұл дәрігерлердің пациенттердің денсаулығын ұдайы бақылау үшін, қажет болған жағдайда үйіне баруына өте тиімді әрі пандемия кезінде маңызды екенін айтады. Десе де, әрбір адам таңдау жасауға құқылы екенін ескертеді.