АУРУ ТҮРІН АЙЫРА БІЛЕСІЗ БЕ?

Ауруды емдегеннен гөрі оны алдын алған әлдеқайда оңай. Десе де ауру жұқтырып алу мен оған шалдығудан ешкім сақтанбаған. Бойыңызды дерт дендесе, салыңызды суға түсіруге тағы болмайды. Бойыңызды жинап, тез арада ем-шаралар алуға асыққан абзал.

Батпандап кірген ауруға бой алдырмаймын деп ешқандай ем-дом жасамасаңыз немесе дертіңізбен өз бетіңізше күрессеңіз халіңіз нашарлап кетуі мүмкін. Уақыт жоғалтып, сары уайымға түспес үшін, ауру белгілері байқалған бойда-ақ, учаскелік дәрігерге немесе жедел жәрдем қызметіне хабарласыңыз.

Десе де коронавирус пен тұмаудың белгісі қандай екенін біліп жүргеніңіз артық болмас.

Коронавирус пен тұмаудың белгілері қандай?

Екпіні күшті вирустың белгілері көп жағдайда дене қызуының көтерілуімен байқалады. Сонымен қатар әлсіздік, шаршау мен құрғақ жөтел СOVID-19 вирусына тән белгі. Бұл індетті жұқтырғандардың бойында буындардың ауырсынуы, мұрынның бітелуі, тамақтың ауырып, іштің өтуі сынды белгілер жүреді. КВИ-ге тән тағы бір белгі бас ауыру мен ентігу жатады.

Ал тұмаудың белгілері дене қызуының көтерілуі, шаршау, құрғақ жөтел, түшкіру, буын мен бастың ауыруы болып табылады. Сондай-ақ, өте сирек жағдайда іш өтіп, мұрын бітеліп, тамақ ауырады. Тұмаудың тырнағына іліккендерде ентігу болмайтынын естен шығармайық.

Көп адамдар суық тигізіп алса, «тұмау ауруына шалдықтым» деп түсінеді. Бірақ суық тию мен тұмау екеуі екі бөлек жәйт екенін білген абзал. Суық тиген адамда көп жағдайда түшкіру, буындардың ауыруы, мұрынның бітелуі мен тамақтың ауыруы сынды белгілер көп байқалады. Өте сирек жағдайда жөтел қысып, бас ауырады. Суық тиген кейбір адамдарда жоғары температура байқалып, әлсіздік бой көрсетуі мүмкін. Бірақ іштің өтуі мен ентігу кездеспейтінін біліп жүріңіз.