ӨТЕМАҚЫ АЛУҒА ӨТІНІМ БЕРУ ТОҚТАТЫЛДЫ
Шымкентте коронавирус індетімен күрес кезінде қауіптің алдыңғы шебінде жүріп, вирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің 403-не 2 млн. теңге үстеме ақы берілген. Ал індетті жұқтырып, оның шырмауынан шыға алмай қөз жұмған 21 медицина қызметкерінің отбасына 10 млн. теңге өтемақы төленген. Өз кезегінде бұл әлеуметтік төлемдер мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асты.
Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбішев ANTIKOR.LIVE жобасы аясында эпидемияға қарсы күрес жұмыстарына тартылған медициналық қызметкерлерге әлеуметтік төлемдер мен жалақы үстемелерін жүзеге асыру туралы жұмыс барысын баяндаған кезде мәлімдеді.
Өз кезегінде Ғалымжан Әбішев Covid-19 вирусын жұқтыру немесе індеттен қайтыс болғаны үшін тиісті әлеуметтік төлемдер алу туралы өтінім 20-қазаннан бастап қабылданбайтынын, тиісінше өлім-жітім болған кезде дәрігердің отбасына өтемақы төленбейтінін де айта кетті.
Сонымен қатар ол, індет алғаш тіркелген наурыздан қыркүйекке дейінгі 7 ай уақыт ішінде эпидемиямен күрес жұмыстарына жұмылдырылған инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарда жұмыс істеген медициналық қызметкерлерге ай сайын еңбекақыларына қосымша үстеме ақы төленгенін, бұл үшін 5 млрд. 146 млн. теңге бағытталғанын алға тартты.
Бұдан бөлек Ғалымжан Әбішев коронавирус індетінің ықтималды екінші толқыны келген жағдайда қалыптасқан ахуалға төтеп беру үшін инфекциялық ауруханаларда 1380 төсек-орын науқастарды қабылдауға тыңғылықты дайын екенін жеткізді. Егер ахуал алаңдатарлық күйге түскенде «Б» планына көшіп, 4025 төсек-орын ашылатынын, жағдай өршіген кезде 5500 науқастар үшін төсек-орын ашылатынын айтты.