ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ҚАМҚОРЛЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысының тұрғындары «Қамқорлық» бағдарламасына ризашылықтарын білдіріп, сәтті жүзеге асуына тілектестік танытуда. Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен бастау алған бұл бағдарламаның  мақсаты – әлеуметтік жағдайы аса төмен, көмекке мұқтаж тұрғындарды жан-жақты қолдау.

 

Аталған бағдарламаның шарапатын Төлеби ауданының тұрғындары да көруде. Алатау ауылдық округіне қарасты Екпінді ауылында тұратын әлеуметтік қолдауға аса мұқтаж Ұлықбек Құрманбаевтың үйіне күрделі жөндеу жүргізілді.

Игі іс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай Алатау ауылдық округі әкімі аппараты және «Мәуліт» мешітінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Баспаналары жаңарған отбасы демеушілік жасаған «Мұғжиза» қайырымдылық қоры мен жас кәсіпкерлерге алғыстарын білдірді.

Төлеби ауданында тұрмыстық жағдайлары өте төмен, қиын жағдайдағы жалпы 86 отбасы анықталып отыр. Соның ішінде  еңбекке қабілетті 57 жұмыссыз азаматтардың ішінде 9-ы тұрақты жұмыспен қамтылып,  5 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Ал  1 азамат кәсіпкерлік грантқа құжат тапсырды.

Сондай-ақ «Біргеміз!» акциясы аясында аз қамтылған 1272 отбасыға демеушілер тарапынан азық-түлік берілді.

 

 Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.