Зияткерлік ойындар – дүниетаным баспалдағы
Өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына баулып, интеллектуалды ұлт қалыптастырып, осы бағытты келешектің темірқазығына айналдыру керек, – дейді белгілі журналист Балтабек Түйетай.
– Балтабек Исақұлы, сіз көптен бері жастарды спортқа баулу, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау ісін қолға алып, бұл бағыттағы біршама игі істердің басы-қасында болдыңыз. Енді, міне, жаңа жоба бастапсыз. Интеллектуалды ұлт жайындағы идея қайдан туды? «Ойлы болсаң, озып көр!» байқауын асығыстау бастап жіберген жоқсыз ба?
– ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын және «Интеллектуалды ұлт – 2020» мемлекеттік идеясын жүзеге асыру мақсатындағы елімізде көптеген жақсы шаруалар атқарылып жатыр. Осыған орай «Intellectualdy ult» жалпыұлттық жобасы аясындағы «Ойлы болсаң, озып көр!» байқауы осы мемлекеттік маңызы бар мәселені қамтиды деп санаймын. Айтулы жобаның жүзеге асуына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тікелей қолдауы болып отырғанын ерекше атау ләзім. Идеология саласындағы жаңа бетбұрыстарға жол ашатын идеяның жүзеге асуына Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы да мұрындық болды.
«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық шеңберінде зияткерлік дәстүрлерді сақтап қалу мен дамыту бүгінгі күн тәртібінде тұрған басты мәселе. Зияткерлік ойындары арқылы (шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, т.б.) жеке бастың мінез-құлқының қалыптасуына, ұстамды және ізденімпаз болуына, ойлау қабілетінің артуына, еріккенінен көше кезіп босып жүрмеуіне ықпал етеді. Әлемдік көшбасшы елдер зияткерлік дүниелері (шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, т.б.) арқылы ұлттық білім беру жүйесінің ерекшеліктерін қалыптастырып жүр. Бұл ойындардың жас ұрпақтың интеллектуалдық деңгейін жоғарылату мүмкіндіктері мол.
– Зияткерлік ойындар деп шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ және тағысын-тағы атап отырсыз. Олардың жастар өмірінде алатын орны қандай? Шахмат өнерімен ақыл-ой тәрбиесін жақсартуға бола ма?
– Зияткерлік ойындар адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Ал шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, т.б. зияткерлік ойындар логикалық ойлау қабілеттерін дамытып, ойын арқылы балалар өмірден көптеген мәліметтер алып, білімін желтілдіреді. Бос уақыттарын тиімді пайдаланып, жаман әдеттерден аулақ болады.
Ең қуанарлық жағдай – Шымкент қаласының мектептерінде шахмат өнері пән ретінде енгізіліп, интеллектуалдық ойынның өрісі кеңейе түсті. Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда вариативті компонент есебінен 432 мектепте шахматтан 14 766 оқушыны қамтитын 711 факультатив енгізілген.
Облыстық пен қалалық білім беру басқармаларының мәліметтеріне сәйкес, қазіргі кезде республикада жалпы 58 984 бала мен жасөспірімді қамтитын 3597 үйірме мен секция жұмыс істейді; 185-і қосымша білім беру ұйымдарында; 3233 мектепте зияткерлік ойындардың бапкерлері балаларға тәрбие беруде.
Интеллектуалды ұлттық мақсатқа ұмтылу арқылы жаһандық бітімгершілік миссиясы бар – дені сау, бір-бірін ести, тыңдай алатын, оңтайлы шешім қабылдауға қабілетті, жылдам және тиімді әрекет ететін адамдар ұрпағын тәрбиелеуге болады.
– Соңғы кездері шахматтан бөлек, жастар арасында ұлттық ойындарға деген қызығушылық артуда. Өзіміздің ұлттық ойын – тоғызқұмалақ жайлы не айтасыз?
– Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын, түріктектес халықтардың рухани, логикалық ойлау өнері. Бұл ойынның маңызы – жасөспірімнің ойлау жүйесін арттырып, есепке бейімділігін қалыптастырады. Адам бойындағы шығармашылық қасиеттердің дамуына септігі тиеді. Осындай маңызды қасиеттері көп болғандықтан бұл ойынды даланың ойшыл ұлдары көп қолданған. Қазақ халқының ағартушылары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин тоғызқұмалақ ойынын ерекше мадақтаған. Ал Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов, Қалыбек Қуанышбаев секілді тұлғалар бұл ойынға деген сүйіспеншілігін жасыра алмаған.
Тоғызқұмалақ ойынының мәні – адамға үйлесімді тәрбие беру, кез-келген жанның ақыл ойын шыңдау, ми қызметін дамыту және қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру. Бұл ойынның 4 мың жылдық тарихы бар, ерекше маңызға ие – ата-бабамыздан қалған асыл мұраларымыздың бірі.
– Сіз шахмат ойынын ерекше жақсы көретін және оны тұрақты ойнап жүретін азаматтардың бірісіз. Бұл интеллектуалды ойын туралы зерттеу кітабын да жарыққа шығардыңыз. Бүгінде шахматпен шұғылданатын жастардың күрт азайып кеткенін ескерсек, сіздің бұл бағыттағы іс-әрекеттеріңіз зая кетеді деп ойламайсыз ба?
– Халықаралық шахмат қауымдастығының бұрынғы президенті Кирсан Илюмжинов бір сөзінде: «Біздің қалмақ елінде бастауыш сыныптардан-ақ шахматты үйрете бастайды. Соның арқасында жоғары сыныптарға барғанда оқушылардың интеллектуалдық деңгейі біршама жоғарылайды. Мұны тәжірибе арқылы байқап отырмыз», – деп мақтанышпен айтқаны бар.
Зияткерлік дүниелерді меңгеру, үйрету және жалпы білім беру оқу орындары оқушыларының шахмат теориясын игеруі, сөзсіз, олардың рухани мүмкіндіктерінің өсуіне ықпал етеді. Соның арқасында бүкіл қоғамның интеллектуалды әлеуеті артады және көп кешікпей Қазақстанның дамуында соны серпіліс, сапалы секіріс жасауға қабілетті жаңа жас әрі дарынды ғалымдар, басқарушылар мен кәсіпкерлердің тұтас шоғыры пайда болады. Біздің міндетіміз – осыған белсенді түрде ықпал ету.
Зияткерлік әлеуетін дамыту әлемдік экономикадағы көшбасшылықтың жарқын үлгісі бола алады. Зияткерлік ойын шахмат неғұрлым кең тараған сайын елде жауапты да қисынды шешімдер қабылдай алатын, оларды өмірге енгізу үшін күресуге қабілетті, шығармашылық мінез-құлық таныта алаты адамдар көп болады.
Зияткерлік дүниелер оқушылардың сабақтан тыс тәрбиелік уақытын тиімді ұйымдастырады. Интеллектуалды тұлғалар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырады. Зияткерлік өнерге бейім оқушылар мен ата-аналар әлеуметтік өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді.
– Осы орайда Мұхтар Әуезовтің: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі еріксіз есімізге түседі. Болашақтың бесігі – бүгінгі өскелең ұрпақ. «Не ексең, соны орасың» – дейді дана халқымыз. Жастарымыз тәрбиені көшеден емес, интеллектуалды ойындардан алғаны абзал ғой, әрине. Ендеше, Балтабек Исақұлы, мынаны айтыңызшы: сіз бастаған «Intellectualdy ult» жалпыұлттық жобасының «Ойлы болсаң, озып көр!» байқауының қандай ерекшеліктері бар?
– «Intellectualdy ult» жалпыұлттық жобасының «Ойлы болсаң, озып көр!» байқауының ережесіне сәйкес, қала аумағында оқушылар, ересектер, ардагерлер, тәлімгер-ұстаздар арасында зияткерлік ойын байқауы өтеді. Жоба аясында қатысушылар зияткерлік ойындардан шаршы тақтада күш сынасып, жарысқа қатыса алады. Бұл байқаудың басты мақсаты – Шымкент қаласында интеллектуалды ұлт жобасы аясында білімді, ақылды, саналы ұрпақты тәрбиелеу.
Сонымен қатар, олар БАҚ және ғаламтор арқылы жарияланған зияткерлік есептерді шешу байқауына қатысып, жылдам шахмат ойнаудан бақ сынайды. БАҚ-та жарияланған тақырыптар бойынша эссе, мақала, әңгіме, өлең, сұхбаттар, т.б. бойынша да конкурстар өткізіледі. Жалпы зияткерлік ойындарға жанашыр кез-келген адамның шығармашылық қабілетін айқындауға мүмкіндік береді.
Бұл байқаудың тағы бір ерекшелігі – интеллектуалды ұлтты дамыту мақсатында рухани дүниелерге ерекше мән беріледі. Осы мақсатта «Шахмат – зияткерлік ойын» атты қазақ тілінде тұңғыш рет рухани дүние жарық көріп, ол осы байқауға қатысушылардың барлығына тегін таратылады. Барлық интеллектуалдық ойындардың топтары жас мөлшеріне қарамай жасақталады. Оқушыларға, ересектерге, ардагерлерге, тіпті зияткерлік ойыншылардың тәлімгер-ұстаздарына да ақшалай сыйақы тағайындалады.
Еліміздің аумағында және Шымкент қаласында «Intellectualdy ult» жалпыұлттық жобасының «Ойлы болсаң, озып көр!» байқауы тұңғыш рет өткізіліп отыр.
– Балтабек Исақұлы, шахмат сізге, ізіңізді басып келе жатқан ұлдарыңызға не берді? Өзіңізді бақыттымын деп есептей аласыз ба?
– Әрине, бақыттымын. Өйткені, ұлдарымды ұяға қондырып, немере сүйіп отырған жағдайым бар. Отбасым түгелімен шығармашылықпен айналысады. Ұлдарым өзім сияқты шахмат ойынын ұнатады. Интеллектуалды ойынның арқасында ой-өрістері өсіп, жауапкершілікті сезінетін салиқалы азаматтарға айналып келе жатқанын көріп келемін. Балаларымның ешқайсысы темекі тартуға, алкогольді ішімдік ішуге құмар емес. Бос уақытын өте тиімді өткізеді. Өйткені, салауатты өмір салтын ұстанған тату отбасында басқалай болуы да мүмкін емес.
– Ендеше, сіздің отбасыңыз көріп келе жатқан игіліктер оқырмандарымызға жұғысты болсын. Сізге және отбасыңыздың барлық мүшелеріне амандық тілейміз. Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін көп рахмет!..
Сұхбаттасқан: Әсет ӘССАНДИ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
«Қазақ үні».