Маңызды

Суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының негізгі бағыттарының бірі. Аталған жоспар негізінде Түркістан облысында қолға алынып жатқан жұмыстар көп. Мәселен, жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Жетісай және Мақтаарал ауданына жасаған жұмыс сапарында ағын су мәселесіне тоқталып, осы бағыттағы жұмыстарды саралады. Өйткені осы аймақтардың тұрғындарынан түсетін өтініштердің бір бөлігі ағын суға байланысты.

Өңір басшысы Жетісайдағы тік дренажды ұңғымаларды пайдалану өндірістік бөлімшесінде болып, шаруалармен кездесті. Бұл бөлімше Жетісай мен Мақтаарал аудандарындағы суармалы егістік алқаптарының ирригациялық-мелиоративтік жағдайын жақсарту, жерасты суының деңгейін бір қалыпты жағдайда ұстау, жердің тұздану мөлшерін азайтумен айналысады. Өңір басшысы аудандағы елге аса қажетті әрі стратегиялық маңызы бар каналдар мен су нысандарының құрылысын сапалы жүргізу, елдің сұранысына сай жаңа жобаларды бюджетке ұсыну жұмыстары бір сәт тоқтамауы тиіс екенін жеткізді.
Жетісай және Мақтаарал аудандары бойынша 731 тік дренажды ұңғыма бар болса, оның 392-сі Жетісай ауданына қарасты. Бүгінгі таңда Жетісай ауданында 170 дана тік дренажды ұңғыма жұмысқа жарамды. Қызылқұм, Ш.Ділдәбеков, Мақталы, Ж.Ералиев, Абай, Ынтымақ ауылдық округтерінде мәселе өзекті. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты «Тік дренажды ұңғымаларды пайдалану» өндірістік бөлімшесі есебінде Мақтарал, Жетісай аудандар бойынша тік дренаждардың саны – 360 дана. Соның ішінде, 318 данасы жұмысқа жарамды, ал 42 данасы қайтадан қалпына келтіруді қажет етеді. 360 дана тік дренажды ұңғыма 72205,6 га суармалы жердің жерасты суларының деңгейін төмендетіп, топырақтың құнарлылығын жақсартады. Мақтаарал ауданы аумағында ПУИД-2 жобасы арқылы 150 дана тік дренаждардың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ол жұмысқа қосылған жағдайда 45786 га жердің құнарлылығын арттырады.
Жетісай ауданы, Асық-ата өңіріндегі жобаланған 210 дана тік дренаж іске қосылған жағдайда 18008,4 га суармалы жердің жағдайы жақсарады. Тік дренаждардың жобалау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптамаға тапсырылған. Жоспар бойынша жұмыс 2022 жылдың төртінші тоқсанында басталуы керек. Шаруалармен, су саласы мамандарымен кездесуде К-30 шаруашылық каналын гидротехникалық имараттарымен, автоматтандырылған су есептегіш және су таратқыштарымен қайта құру жобасы да талқыланды. К-30 каналы «Достық» республикааралық магистралды каналынан бастау алып, жалпы Жетісай ауданындағы 4 елді мекендегі 13034 га жерді сумен қамтамасыз етуге негізделген. Қазір жұмыстың 59 пайызы аяқталған. Бүгінгі таңға құрылыс материалдарының құны күрт өсу салдарынан жобаға қосымша қаржы қажеттілігі туындаған. Тапсырыс беруші тарапынан қаржы министірлігіне толық құжаттар әзірленіп, жұмыстар атқарылып жатыр. Өмірзақ Шөкеев ағын су мәселесі мыңдаған тұрғын үшін аса өзекті екенін айта келе, су нысандары уақтылы тапсырылуы тиіс екенін айтты. Қос аудан басшысына тапсырыс берушімен және мердігермен бірге осы бағытта жұмысты ширатуды тапсырды.

Соңғы уақытта жер қойнауын заңсыз пайдаланатындарға қатысты деректер саны артты. Талаптарды білмеу немесе ескермеу жауапкершіліктен жалтаруға себеп бола алмайды. Өз кезегінде, түсіндірме жұмыстары да қарқын алуы тиіс. Қолға алынған жұмыстар да жоқ емес.

Жуырда Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың өкімімен құрылған жұмысшы топ, қала аумағындағы жер қойнауын пайдаланып жатқан компанияларға жер қойнауын заңсыз пайдалану мен тасымалдау кезінде жолдар мен қоршаған ортаның ластануын алдын алуға бағытталған жазбаша және түсіндірмелік кездесу өткізілді.
Арыс қалалық кәсіпкерлік бөлімі мамандары карьер басшыларына, ауыр жүк көлік иелеріне қала аумағындағы автомобиль жолдарының бұзылуына жол бермеу үшін карьерлерден шығатын кіре беріс аумағына арнайы таразы қою, құмның шашылуын болдырмау мақсатында ауыр жүк көліктерінің үстін арнайы тентпен жабу, тасымалдаушы ауыр жүк көлік иелеріне құжаттарының міндетті түрде берілуі және кен орындарында кассалық төлемдер орнату секілді талаптар түсіндірілді. Сондай-ақ, жұмысшы топ қала аумағындағы өндірістік кәсіпорындардың жұмыстарын бақылауға алып, алдағы уақыттада мониторинг жұмыстарының жалғасатындығын жеткізді.

Сауран ауданында қоршаған ортаны қорғау мен табиғатқа қасақана зиян келтірушілермен күрес күшейген. Мәселен, жуырда аудан аумағында заңсыз жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілерін анықтау және болдырмау бойынша құрылған жұмысшы топ Түркістан облысы бойынша Көліктік бақылау инспекцияның жылжымалы көлік бақылау бекеттерінің мамандарымен және тиісті мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерімен бірлесіп жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан тасымалдау кезінде заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында кезекті рейдтік іс-шара өткізді.

Облыстық көліктік бақылау инспекцияның жылжымалы көлік бақылау бекеттерінің мамандарымен 12-ші тамыз күні Сауран ауданы Шорнақ ауылдық округіндегі Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралінің бойында жүк көлігіне заңсыз ауыр жүк арту деректерін анықтады. Жүк көлігінің жүргізушілері рейд кезінде полицейлерге жер қойнауын пайдалануға рұқсат беретін ешқандай нақты құжат көрсете алмады. Нәтижесінде жүк тасу көлігі заңды шешім қабылдағанға дейін ақылы айыптұраққа тоғытылып, әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ құқық қорғау орган өкілдері аталған жүк көліктерінің жүргізушілеріне ҚР ӘҚБтК-нің 630-бабының талабын (жол жабындысын ластау) бұзғаны үшін, жалпы 275 мың 730 теңге айыппұл салды.
Айта кету керек, жұмысшы топ өкілдері, жер қойнауын заңсыз пайдалану, оның ішінде кең таралған пайдалы қазбаларды (құм-тас қоспасы, топырақ, т.б) заңсыз қазу, тасымалдау, сатуды анықтау, алдын алу және жолын кесу мақсатында жыл басынан бері шұғыл алдын алу іс-шарасын үздіксіз жүргізіп келеді.
Бұдан бөлек, өткен аптада Сауран ауданынына қарасты Майдантал ауыл округінің аумағында «Орман және дала өрттерінің алдын алу» және «Көршілес аумақтарға өткізбеудің алдын алу» мақсатында оқу-жаттығу өткізілді. Аталған оқу жаттығуға Сауран ауданы әкімінің орынбасары, Майдантал, Жібек жолы ауыл округтерінің ерікті өрт сөндіру жасақтары және әкімшілік қызметкерлері, Сауран ауданының жеке құрамы, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының жеке құрамы және Орман шаруашылығы мекемелері қатысты. Іс-шара барысында орын алған өрт оқиғаларын тиімді сөндіру және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, сонымен қатар техникалармен жеке құрам дайындыққа келтірілді.

Түркістан облысында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы жемісті жүзеге асып келеді. Бүгінде аталған жобаның «Экология болашағы» бағытын іске асыру мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынып, атқарылып жатыр.

Білім беру жүйесіне экологиялық аспектілерді интеграциялау аясында облыс мектептерінде орта мектеп бағдарламасына сәйкес 9 сынып оқушылары «Экология негіздері» курсымен 100 пайыз толық қамтылған. Оқушылардың үздік жасыл тәжірибелер мен технологияларға қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларды қосымша білім берумен қамту мақсатында облыс мектептерінде 75 мектеп жылыжайы жұмыс істейді. Алдағы оқу жылында мектеп жылыжайларының санын 288-ге жеткізу жоспарланып отыр. Аталған мектеп жылыжайларында оқушылар «Экология негіздері» курсынан өтетін болады. Сонымен қатар облыс колледждерінде 16 жылыжай жұмыс істеп тұр.
Оқушыларды табиғат пен қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу мақсатында облыстағы барлық балабақшаларда, мектептер мен колледждерде «Тірі табиғат бұрыштары» және мектеп жанындағы аумақтық көгалдандыру жүйелері құрылған. «Тірі табиғат бұрыштарында» бастауыш сынып оқушылары «Дүниетану», ал, жоғары сынып оқушылары «Экология негіздері» курстарында сабақтан тыс жұмыстар жүргізеді.
Өңірдегі 53 қосымша білім беру мекемелерінде 28500 оқушы, мектептегі үйірмелерде 355 600 оқушы қосымша біліммен қамтылып, қамту көрсеткіші 70,1%-ды құрады. Жоспарға сәйкес 2022 жылы қосымша біліммен қамтылған оқушылар үлесін 75,5%-ға жеткізу жоспарланған. Біліммен қамту барысында экологиялық-биологиялық бағытқа басымдық берілген. Флора және фауна әлемі, жас эколог және жас натуралистер үйірмелері тұрақты түрде жұмыс жүргізеді.

Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұттың төрағалығымен өткен кезекті лездемелік жиында аудан аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын орындардың жағдайы мен елді мекендердегі санитарлық тазалық жұмыстары және Майлыкент пен Арыс ауылдық округіндегі атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды.

Өткен айдың аяғында арнайы жұмысшы топпен аралау барысында аудан аумағында 81 бей-берекет жатқан күл-қоқыс орындары анықталып, қазіргі таңда соның 79 ретке келтірілген. Бұл жайында аудандық ТҮКШЖК және АЖ(ЖКХ) бөлімінің басшысы А.Бесейев мәлімдеді. Жиынның күн тәртібіндегі соңғы мәселелер болып Майлыкент және Арыс ауылдық округіндегі атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі тұрғындар өтінішін және аудан әкімдігі тарапынан ауыл тазалығына қатысты берілген тапсырмаларды өз деңгейінде орындамаған ауыл әкімдеріне қатаң ескерту жасады. Барлық ауыл әкімдеріне тазалық жұмыстарын күшейтуді тапсырып, жауапты бөлім басшысына қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын арнайы орындарды (полигон) талапқа сай ету мақсатында тиісті құжаттарды дайындауды жүктеді.

Көлдердің көп болуы климатқа жақсаруына айрықша әсер етеді. Әсіресе, Түркістан сынды ауасы құрғақ, жазы ұзақ өңірлерге мұның тигізер пайдасы орасан. Жуырда облыс орталығында ұзындығы 67 метрді құрайтын бассейні бар ашық аспан астындағы демалыс орны ашылды. «Ашық аспан» Бекзат Саттарханов даңғылы бойындағы 11 гектар жерге жайғасқан «Желілік саябақта» орналасқан.

Бұл нысан Түркістан қаласы үшін аса маңызды. Пандемия кезінде салынып, ашылуы кейінге қалдырылған аумақ сенімгерлік басқаруға берілді. Аталған нысан «Балалар жылында» балаларға үлкен сыйлық болып отыр. Бұдан бөлек, қала ауасының ылғалданып, климаттың қолайлы болуына да ықпалын тигізбек. Нысан туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Түркістанда су тапшы екенін жақсы білесіздер. Соған қарамастан, тұрғындардың демалуына мүмкіндік жасалу керек. Жақында ғана «Шаға» жағажайы ашылды. Барлық саябақтарда жасанды көлдер бар. Оған өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Осының барлығы оңай тірлік емес. Көлдерді көбейту арқылы климатты жақсарту көзделген. Бұл жұмыстар білікті ғалымдардың атсалысуымен есептеліп жасалуда. Бүгінгі демалыс аймағы да біздің балаларымыз бен тұрғындардың бос уақыттарын қуана-қуана өткізетін орнына айналады деп үміттенеміз» деп атап өтті.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласының маңындағы жасыл белдеудің аумағы да артып келе жатыр. Мұның өзі қаладағы азынаған желдің арынын басуға ықпал етуде. Алдағы уақытта да орман алқаптарын кеңейту бағытында жұмыстар жалғасын табады. Айта кету керек, Түркістан қаласының маңындағы топырақтың құнары жоғары емес. Сондықтан шөлге төзімді сексеуіл ағашын отырғызуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Мұның өзі облыс орталығындағы ауа сапасының жақсаруына оң ықпал етуде.

Түркістан қаласының климаты баршаға бірдей қолайлы емес. Десе де қаланың ауа райын жақсарту мақсатында қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатқаны да жасырын емес. Нәтижесіне келсек, «Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне сәйкес, Түркістан облысы мен облыс орталығы – Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Бұл – 4 жылда жасалған ауқымды жұмыстың нәтижесі.

Көгалдандыру, газдандыру, күннен қуат алатын электр станцияларының көбеюі мен өңірдегі орман алқабының артуы нәтижесінде Түркістан облысында жалпы экологиялық ахуалдың жақсарғаны ғылыми түрде дәлелденді. Өңірде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында «Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат» және «Экология болашағы» секілді 4 бағытта жұмыстар атқарылуда. Ауқымды жұмыс нәтижесі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында баяндалды. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Қайрат Әбдуәлиевтің баяндауынша, атмосфералық ауа сапасын жақсарту мақсатында жоспарға сәйкес, 5 жыл көлемінде 1000 гектар жерге 1,1 млн ағаш көшеттері отырғызылады. Облыста 831 елді мекеннің 55%-ға жуығы табиғи газбен қамтамасыз етілсе, жыл соңымен 9 нысанның құрылысы аяқталып, 467 елді мекенге табиғи газ қосу жоспарлануда.
Қатты тұрмыстық қалдықтарын жинап, қайта өңдеуге күш салынған. Облыс аумағында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиесілі немесе 548,2 мың гектарды құрайды. Өткен жылы 100 шақырымға жуық канал күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен. Жетісай, Мақтаарал аудандарында 175 қашыртқы, 9 су нысаны жөнделіп, механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, 45,1 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды. Түркістан қаласында ағын су тапшылығын шешу үшін ірі су нысандарының құрылыстары жүргізіліп, қосымша 248,8 млн м3 ағын су жеткізіледі. «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 58 шақырым канал бетондалып, 60 млн м3 су үнемделетін болады.
«Кеңсай — Қосқорған — 2» су қоймасы, «Шаға» жағажайы, Ескек есу каналы пайдалануға беріліп, 31млн м3 ағын су жеткізіледі. «Сырдария өзенінен машиналық арна салу», «Сарқырама» су қоймасы салу жобалары әзірленуде. Бұл жобалар арқылы Түркістан қаласы кепілді ағын сумен толық қамтамасыз етіледі.
Айта кету керек, 2020 жылғы 1 кыркүйектегі мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмасын орындау мақсатында 2 млрд ағаш егу жұмыстары бекітілген. Кешенді жоспарға сәйкес, облыс келемiнде бес жылдың iшiнде мемлекеттiк орман қоры жерлерiнде 110 мың га алқапқа 170 млн ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. 2021 жылы 14 619,4 га жерге 18,707 млн ағаш-көшеттері отырғызылып, жоспар толығымен орындалды. 2022 жылы 16 940 га жерге 22 млн ағаш-көшеттерін отырғызу жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласының айналасынан құрылған «Жасыл белдеудің» жоспарланған 29 511 гектар жер көлемiнiң, бүгiнгi таңда 13 629 гектары орындалған. Жасыл белдеу құру жұмыстарына облыстық бюджеттен тиiстi қаржылар бөлініп, әуежай және рекреациялык аймақта 400 гектардан астам жерге тамшылатып суғару жүйесі және көшеттерге тiрек толығымен орнатылды. Қазіргі кезде абаттандыру және тазалық жұмыстары жүргiзiлуде.
Сонымен қатар жаңа әкімшілік іскерлік орталығындағы 50 гектар алма бауы жаңартылып, тамшылап суғару жүйесi және көшеттерге тірек орнатылып, қоршау және абаттандыру жұмыстары жургiзiлді. ҚР Орман кодексiнiң 54 бабының 1.1 тармағына сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылар мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн уран өндiру үшiн пайдаланған кезде, екі есе мөлшерде орман екпелерiн отырғызу және орманға айналған алқапқа ауыстырылғанға дейін оларды күтіп-ұстау жұмыстары мiндеттелген. Осыған байланысты, «ҚазАтомПром» мекемелерiмен 20 024,5 гектар жерге орман екпелерiн отырғызуға, оның iшiнде жапырақты ағаш-көшеттерін 2 974,5 гектарға, ал сексеуіл көшеттерін 17 050,0 гектарға отырғызуға келiсiмшарт жасалған. Бүгінгі таңда 4 500 га, оның iшiнде, жапырақты ағаш-көшеттер 764 га, сексеуіл 3 736 гa отырғызылған. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 30 млн-ға жуық көшет ендiрiлдi. Алдағы уақыта тиісті сала басқармасына қарасты мекемелердiң күшiмен 60 млн ендіріледі.

Келес өңірі аграрлық сала болғандықтан, тұрғындардың басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Ал егіншілік кәсіптің күре тамыры – ағын су жүйелері. Сондықтан су көлемін үнемдеу бағытындағы жобалар үлкен маңызға ие.

Осыған дейін ағын су мәселесін Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылының тұрғындары көтерген болатын. Аталған мәселені шешу мақсатында мамандар СТК каналының бойындағы Үшқұлақ су бөлу аймағына барып, сала мамандарымен ағын суды үнемдеу бойынша талқылау өткізді. Нәтижесінде Ақтөбе ауылдық округі Ынтымақ елді мекеніне баратын Р-28 каналының бойынан 8 жерге су бөлгіш тетігін қойып, каналдың 8 шақырымына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуге қажетті сметалық құжаттарын жасауға тапсырма берілді.
Жалпы биыл аудан аумағында 14 қашыртқы, жалпы ұзындығы – 32,55 шақырым, 17 канал, жалпы ұзындығы – 68,7 шақырым және 1 гидроқұрылымына ағымдағы жөндеу және механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар толық аяқталса, өңірдегі өзекті мәселеге айналып отырған су жүйелеріндегі түйткілдер шешімін таппақ.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының бір бағыты суды үнемдеу мен өнімділікті арттыруды көздейді. Нәтижесінде суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары да қарастырылған. Аталған ұлттық жоба аясында Түркістан облысында қолға алынып жатқан жұмыстар да көп.

Мәселен, Келестік шаруалар биылдан бастап мал азығын жаңбырлатып суару технологиясымен өндіруге көше бастады. Өңірде жаңбырлатып суару технологиясын алғашқылардың бірі болып Қошқарата ауылдық округі аумағында орналасқан «Асқар» шаруа қожалығы қолдана бастады. Ағын су шығуы қиын болған 4 гектар аумаққа жоңышқа өнімін еккен шаруа егінін жаңбырлатып суару әдісімен суаруда. Шаруаның айтуынша, жоба құны 26 млн теңгені құраған.
«Осындай тың жобалар егін шаруашылығында мол өнім алуымызға жол ашады. Соның ішінде мал азығын көптеп жинауға мүмкіндік беруде. Жаңбырлатын суаруға арналған 2 техника алдық. Алған суммамыздың 50 пайызын «Қазагрофинанс» АҚ-ы тарапынан лизингтік шарт негізінде төленіп беріледі. Бұдан кейін жаңбырлатып суару әдісінің арқасында диқандардың өздері игере алмай жүрген бос жерлер тиімді пайдаланылатын болады» дейді шаруа қожалығының иесі Азамат Утеев. Айта кету керек, ауданда аталған тың технологияны қолданғысы келген шаруалардың саны артуда. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бүгінде 2 шаруа қожалығы аталған жобаның техникасын алуға тиісті құжаттарын топтауда екен.

«Жасыл Қазақстан» жобасы — халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құру мен елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бағдарлама. Ұлттық жоба 4 негізгі бағытты қамитиды. Біріншісі «Таза Қазақстан» бағыты атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған. Аталған бағыт аясында 5 жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығындыларды 20 пайызға төмендету көзделген.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған 8 мыңнан аса контейнер орнату және қалдықтардың кәдеге жаратылу көрсеткішін 18 пайыздан 34 пайызға көтеру жоспарланған. Бұдан бөлек, су объектілерінің экожүйесін сақтау бөлігінде «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. «Үнемді Қазақстан» атты екінші бағытына келсек, «Суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру» міндеті аясында 401 арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарланған. Бұдан бөлек, ұлттық жобада суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары қарастырылған. Қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында су жинау көлемі 1,7 текше шақырымды құрайтын 9 жаңа су қоймасын салу көзделіп отыр. «Табиғат» бағыты ұласып өсуі кемінде 65 пайызды құрайтын 2 млрд ағаш отырғызу, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру шараларын жүргізу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруды көздесе, «Экология болашағы» атты төртінші бағыт халықтың экологиялық білімі мен мәдениеті деңгейін арттыруға бағытталған.
Аталған жобаны жүзеге асыру бойынша Түркістан облысында қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Жуырда Бәйдібек ауданындағы «Қапшағай» су қоймасының қазіргі жағдайы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында талқыланды. Екі кезеңге жалғасатын су қоймасын жөндеу жұмыстарына 2 млрд теңге бөлінбек. Қауіптің алдын алу үшін келер жылы су қоймасы толыққанды жұмыс істемейді.
Маңызды мәселе облыс әкімінің халықпен кездесуінде де көтерілген болатын. Қазата елді мекенінде орналасқан су қоймасы «Қазсушар» РМК мекемесінің есебінде. Стратегиялық маңызы бар нысан 40 жыл бұрын салынып, содан бері жөндеу көрмеген. 40 жыл бұрын салынған су қоймасы осы уақытқа дейін жөнделмеген болатын. Оның сыйымдылығы 34 млн текше метр, тереңдігі 23,6 м дейін, орташа тереңдігі – 10 м, дамбаның ұзындығы – 1,8 шақырым. Аппарат отырысында аудандағы өзекті мәселелерді Бәйдібек ауданының әкімі Е.Шәріпбеков баяндады. Аудан халқының 55%-ы табиғи газбен қамтылған. Газ жүйелерінен туындаған ақаулар мен апаттық жағдайларды дер кезінде ретке келтіру үшін аудан орталығынан «Казтрансгаз» АҚ-ның аудандық филиалын ашу қажеттігі туындауда. Мәселені шешуге қатысты облыс басшысы тиісті тапсырма берді.
Жиналыста Созақ ауданының өзекті мәселелері де талқыланды. Аудан әкімі М.Тұрысбеков 2019 жылы басталған АГТС бар магистральды газ құбыры-тармағын салу жұмысы бойынша баяндады. Биылғы жұмыстарға 600 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» құрылыс монтаждау жұмысы жалғасып 3500 немесе 70 пайыз абонентке газ құбыры жүргізілген. Аудан көлеміндегі 35 елді мекеннің 98%-ы, 60 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.