СУ САЛАСЫНА ЖАУАПТЫ МАМАНДАРДЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгінгі таңда су ресурстарын тиімді басқару мемлекеттің негізгі міндеттерінің біріне айналуда. Оны орындау үшін технологиялар, инфрақұрылым және жабдықтар, білікті және тәжірибелі мамандар болуы керек. Сонымен қатар сумен жабдықтау үздіксіз және сапалы болуға тиіс. Бұл мәселені шешудің бір жолы -мамандарды оқыту. Осы орайда, 20 сәуірде «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-да арнайы тренинг өтті. Оған Түркістан облысының 17 ауданы әкімінің орынбасарлары мен су арналарының өкілдері қатысты.

Жиын барысында сөз алған Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй коммуналдық басқарма басшысы Руслан Мұздыбеков «Қазіргі уақытта бізде ауылдық елді мекендерге келетін болсақ, 97,3% ауызсумен қамтылып отыр. Осы жылдың қортындысымен 98%, ал 2025 жылдың қорытындысымен 100%-ға жеткізуіміз керек. Осы уақытта бізде енді шешілетін бірқатар мәселелер бар. Геологиялық барлау кездегі жұмыстар нәтижесінде қай елді мекенге қай елді мекеннен су тартамыз деген жұмыстар аяқталу сатысында» деп атап өтті.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС қазіргі уақытта жаңа цифрлық технологияларды, озық жабдықтарды қолдануда, сонымен қатар биллингтік және геоақпараттық жүйелерді пайдалануда үлкен тәжірибе жинақтады. Инновациялардың арқасында көптеген көрсеткіштер бойынша энергетикалық және еңбек шығындары төмендеді, нақты экономикалық нәтижеге қол жеткізілді. Кәсіпорын мамандары мекеменің осы және өзге де жетістіктері турасында тарқата баяндады.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС Бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиевтің айтуынша, халықты сапалы және үздіксіз сумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін мекеме ережелер жинағын, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі регламенттерді пайдаланады, сумен жабдықтау және су бұру саласында реттелетін нормативтік-құқықтық құжаттарды қатаң сақтайды. Облыс аудандарындағы сумен жабдықтау және су бұру жағдайы әрдайым қолайлы бола бермейді. Инфрақұрылым тозған және жаңартуды қажет етеді. Өндірісте озық технологиялар қолданылмайды, заманауи үнемді, энергияны қажет етпейтін жабдықтар пайдаланылмайды. Нәтижесінде үлкен мәселеге тап болуда. Міне, осы түйткіл отырыс барысында терең талқыланып, ұсыныс-пікірлер айтылды.
Сапар соңында қонақтар кәріз-тазарту құрылыстары кешенінің жұмысымен танысты. Оларға Еуропалық қайта құру және даму банкінің кредиттері, поляк әріптестері тарапынан бас бақылау, биогаз орнату және биотехнологияларды енгізу арқасында жүргізілген шайынды суды тазарту станциясы туралы егжей-тегжейлі айтылды. Қонақтар тазартылған ағынды судың иісі мен тазалығына көз жеткізді. Бұдан бөлек, қонақтарға барлық маңызды бағыттар бойынша білім беретін «Smart маман» оқу орталығы таныстырылды.

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС.