ШАРДАРАДА ЖОҒАРЫ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫМЕН ЖИЫН ӨТТІ
Қазақстанда ойын бизнесіне қатысты қоғамдық дискурс ойынқұмарлыққа байланысты қауіп-қатерді бағалау тетігін әзірлеу қажеттілігіне бағытталып отыр. Сонымен қатар жастар арасында құмар ойындарға деген құштарлықтың жоғары деңгейі байқалуда. Бұл, өз кезегінде, тәуелділер санының өсуіне әкелуі мүмкін. Мұның алдын алудың бірден-бір жолы – жастар мен ата-аналарды ақпараттандыру. Бұл бағытта елімізде, оның ішінде Түркістан облысында қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Тарқатайық…
Жуырда Шардара қаласында орналасқан М.Горький жалпы орта мектебінің жоғарғы сынып оқушыларымен және ата-аналармен «Лудомания, вандализм және тазалық мәдениеттілік», «Жат ағымдардың қоғамға кері әсері» тақырыбында кездесу өтті. Оған Шардара қаласының әкімі О.Айдосов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов, аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров, аудандық мәслихат депутаты Қ.Тілешова, мектептің ювеналдық учаскелік инспекторы, полиция капитаны К.Жанықұлов, Шардара қаласы әкімі аппаратының бас маманы Г.Құрманбек қатысты.
Жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маман А.Данияров «Расында, мұсылман — бүлдiрушi емес, бүтiндеушi, қиратушы емес дұрыстаушы, зиян келтiрушi емес, пайда әкелушi. Дінімізде қоршаған ортаны қорғау да жиi насихатталған. Ағаш отырғызу мен құдық қазу дiни тағылымдарда мақталып, мұсылмандар осы iстерге жұмылдырылған. Халқымыз тазалыққа аса мән берген. Бабаларымыз көшпенді өмір сүрсе де, өмір сүру әдеттерінде тазалық басты орында тұрған. Ұлтымыздың ұстазы Ыбырай Алтынсарин «Сабаз болсаң жердей бол, жер бәрін шыдап көтереді, таза болсаң судай бол, су бәрін жуып кетіреді» деп тазалықтың маңыздылығын жырына қосқан. Сонымен қатар қазіргі уақытта үлкен мәселеге айналып отырған құмар ойынға деген әуестіктен де арылуға шақырамын. Ардақты пайғамбарымыздың жастарға қарата айтқан хадисінде «Арзан ойын — күлкі мен тән ләззатына құмартпайтын, қызуы мен қызығы мол жалындаған жастық шағыңда нәпсіқұмарлыққа салынбай, Хаққа құлдық ұрып өткізуге бекінген жасқа Раббың дән риза болады» деген. Сондықтан кеселді дүниелерге әуес болмау керек» деп атап өтті.
Ал аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов «Тазалық — тазалаған жерде емес, тазалықты сақтаған жерде» дейді. Шындығында тұрғылықты жерімізді шашып бүлдіретін де, жинайтын да – өзіміз. Ал сенбілікке жұмыла кіріскен жұрт ауданның гүлденуіне үлкен үлес қосады. Аудан көз алдымызда көркейіп, дамуда. Оның көркін келтіретін әрине — тазалық. Тазалық табалдырықтан басталады деген сөзді ұмытпау керек» деді. Сонымен қатар жастарға құмар ойынға құмартпау керегін, оның салдары ауыр болатынын, оңай олжаға қызықпай, ақшаны маңдай термен табу керегін түсіндірді.