ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ БАСТЫ НАЗАРДА

Сауран ауданында қоршаған ортаны қорғау мен табиғатқа қасақана зиян келтірушілермен күрес күшейген. Мәселен, жуырда аудан аумағында заңсыз жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілерін анықтау және болдырмау бойынша құрылған жұмысшы топ Түркістан облысы бойынша Көліктік бақылау инспекцияның жылжымалы көлік бақылау бекеттерінің мамандарымен және тиісті мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерімен бірлесіп жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан тасымалдау кезінде заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында кезекті рейдтік іс-шара өткізді.

Облыстық көліктік бақылау инспекцияның жылжымалы көлік бақылау бекеттерінің мамандарымен 12-ші тамыз күні Сауран ауданы Шорнақ ауылдық округіндегі Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралінің бойында жүк көлігіне заңсыз ауыр жүк арту деректерін анықтады. Жүк көлігінің жүргізушілері рейд кезінде полицейлерге жер қойнауын пайдалануға рұқсат беретін ешқандай нақты құжат көрсете алмады. Нәтижесінде жүк тасу көлігі заңды шешім қабылдағанға дейін ақылы айыптұраққа тоғытылып, әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ құқық қорғау орган өкілдері аталған жүк көліктерінің жүргізушілеріне ҚР ӘҚБтК-нің 630-бабының талабын (жол жабындысын ластау) бұзғаны үшін, жалпы 275 мың 730 теңге айыппұл салды.
Айта кету керек, жұмысшы топ өкілдері, жер қойнауын заңсыз пайдалану, оның ішінде кең таралған пайдалы қазбаларды (құм-тас қоспасы, топырақ, т.б) заңсыз қазу, тасымалдау, сатуды анықтау, алдын алу және жолын кесу мақсатында жыл басынан бері шұғыл алдын алу іс-шарасын үздіксіз жүргізіп келеді.
Бұдан бөлек, өткен аптада Сауран ауданынына қарасты Майдантал ауыл округінің аумағында «Орман және дала өрттерінің алдын алу» және «Көршілес аумақтарға өткізбеудің алдын алу» мақсатында оқу-жаттығу өткізілді. Аталған оқу жаттығуға Сауран ауданы әкімінің орынбасары, Майдантал, Жібек жолы ауыл округтерінің ерікті өрт сөндіру жасақтары және әкімшілік қызметкерлері, Сауран ауданының жеке құрамы, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының жеке құрамы және Орман шаруашылығы мекемелері қатысты. Іс-шара барысында орын алған өрт оқиғаларын тиімді сөндіру және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, сонымен қатар техникалармен жеке құрам дайындыққа келтірілді.