АҒЫН СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБАДЫ
Келес өңірі аграрлық сала болғандықтан, тұрғындардың басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Ал егіншілік кәсіптің күре тамыры – ағын су жүйелері. Сондықтан су көлемін үнемдеу бағытындағы жобалар үлкен маңызға ие.
Осыған дейін ағын су мәселесін Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылының тұрғындары көтерген болатын. Аталған мәселені шешу мақсатында мамандар СТК каналының бойындағы Үшқұлақ су бөлу аймағына барып, сала мамандарымен ағын суды үнемдеу бойынша талқылау өткізді. Нәтижесінде Ақтөбе ауылдық округі Ынтымақ елді мекеніне баратын Р-28 каналының бойынан 8 жерге су бөлгіш тетігін қойып, каналдың 8 шақырымына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуге қажетті сметалық құжаттарын жасауға тапсырма берілді.
Жалпы биыл аудан аумағында 14 қашыртқы, жалпы ұзындығы – 32,55 шақырым, 17 канал, жалпы ұзындығы – 68,7 шақырым және 1 гидроқұрылымына ағымдағы жөндеу және механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар толық аяқталса, өңірдегі өзекті мәселеге айналып отырған су жүйелеріндегі түйткілдер шешімін таппақ.