Маңызды


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті ретіндегі тұңғыш Жолдауын алдағы қыркүйек айының 2-жұлдызында өткізуді жоспарлағаны белгілі болды. Бұл туралы Президент өзінің твиттер парақшасында жазған. Аптаның дүйсенбісіне дөп түсетін бұл күнде Қасым-Жомарт Кемелұлы қандай мәселелерге екпін түсіретінін де атап өткен.
Халыққа арнаған алғашқы Жолдауы кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі бизнесі, педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату жөнінде Парламентке және Үкіметке нақты тапсырмалар беретінін мәлімдеген.

«Уақыт».

Кеше Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында Тамыз конференциясы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен ауқымды жиынға еліміздің әр аумағынан ұзын-ырғасы 2 мыңнан астам ұстаздар қауымы келді. 2019-2020 жаңа оқу жылы қарсаңында өткізілген басқосуда Президент Үкіметке білім саласына қатысты бірнеше түйіткілді түбегейлі шешу туралы тапсырма берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Турасын айту керек. Бүгінде мұғалімдердің жалақысы ең төмен деңгейде қалып отыр және экономика бойынша орташа жалақының 65 процентін ғана құрайды», — дей келе, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.
Егер Үкімет берілген тапсырманы бұлжытпай орындайтын болса төрт жылдың ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есеге дейін өсетін болады. Сонымен қатар ұстаздар қауымына сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін төленетін қосымша ақы да екі есеге артады. Жас ұрпақ санасына сәуле шашатын мұғалімдердің кезекті еңбек демалысының мерзімі 56 күнге дейін ұлғайып, магистр дәрежесі үшін үстемақы төлеу тетігі қарастырылады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы үштілді білім беру жүйесін енгізу мәселесін жан-жақты талдап, салмақты шешімге келу қажеттігін алға тартты. Бұл ретте ол Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деген өнегелі сөзін тілге тиек ете отырып, «ағылшын тілін оқытуды 2-3 сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын», — деді.
Сондай-ақ, Президент ұстаздар қауымына әрдайым ізденіс үстінде жүріп, сапалы білімді маман болулары аса маңызды екенін мәлімдеді.
Қазіргі таңда елімізде жас ұрпаққа білім беретін мектептердің 128-і
үш ауысымда, 31-і апатты жағдайда жұмыс істейді. Мемлекет басшысы бұл мәселенің де өзегін тарқату қажеттігін айтты.
Тамыз конференциясының Пленарлық мәжілісінде еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерге әліппенің қайтарылатынын мәлімдеді. Ведомства басшысы «Ұстаздар мен ата-аналар көптен бері әліппе мәселесін көтеріп жүр. Бұл өте маңызды. Біз Әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы, өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізілетін болады. Әліппе сынақ өткізетін алаң емес. Бізде нақты қазақ тіліне бейімделген әдістеме бар. Ол Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі. Сондықтан ештеңені ойдан шығармай, осы әдістеме негізінде жұмыс жүргіземіз» деді.
Ендігі кезекте осы жылғы Тамыз конференциясында айтылған мәселелердің жүзеге асатыны немесе сол күйі түйіткүл күйінде қалатыны Премьер-Министр Асқар Мамин бастаған Үкімет мүшелерінің іскерлігіне тікелей байланысты болатыны сөзсіз.

А. САТЫБАЛДЫ.

Қазақстандықтардың қарасы қалыңдап келеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Статистика комитетінің дерегі бойынша 2019 жылдың 1-шілдесіндегі жағдай бойынша ел тұрғындары саны 18 миллион 507,9 мың адамға жеткен. Осылайша қазақстандықтар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 235,5 мың адамға толығып, 1,3% пайызға көбейген.
Барлық қазақстандықтардың 58,2 пайызы қалада мекендесе, 41,8 пайызы ауылда тіршілік етуде екен. Статистика комитеті көңіл тоғайтарлық бұл деректерді таратып қана қоймай, көңілді күпті ететін бірқатар көрсеткіштерді де жариялады.
Соның бірі кеше ғана дүние есігін ашқан балалар өлімінің өсуі. Яғни, дүниеге келген сәбилердің қайтыс болу дерегі көңілді алаңдатпай қоймайды. Статистика комитеті ағымдағы жылдың алты айында 1 жасқа дейін қайтыс болған балалардың саны 1 702 адамға жеткенін мәлімдеді. Былтыр бұл дерек 1 626 бала болған. Осылайша бала өлімі өткен жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артқан. Мамандар балалар өлімінің негізгі себептеріне перинаталдық кезеңдегі жағдайлар мен туа біткен ауытқулардың салдарын жатқызады. Осы аралықта 131 бала тыныс алу мүшелерінің ауруларының асқынуынан көз жұмған. Улану, жарақат алу мен жазатайым жағдайлар 60 баланың өмірін қиған.
Тағы бір көз жұма қарауға болмайтын мәселе ол Қазақстан аумағынан көшу дерегінің де өсіп жатқаны. Дәлірегі, есепті кезеңде Қазақстанға келіп, қоныс тепкендер 11,3 процентке азайса, туған өлкеден көшкендердің саны 16,9 процентке артқан.

С. НҰРАЙ.

Шымкентте прокуратура органдары жүргізген тексеру және талдау жұмыстарының нәтижесінде 433 мың азаматтың құқықтары қорғалған.
Таяуда Шымкент қаласының прокуратурасы бұл туралы ресми мәлімет таратты. Онда бірқатар салалардағы былықтардың беті ашылып, ретсіздіктер жойылғаны айтылды. Айталық, қадағалаушы органның білім басқармасына жүргізген талдауы нәтижесінде орта білім беру ұйымдары педагогтарының медициналық зерттеп-қараудан тегін өтуі қамтамасыз етілмей келгені анықталған. Соған сәйкес, енгізілген қадағалау актісі негізінде 17 879 педагогтың медициналық тексеруден тегін өтуіне 18,9 млн. теңге қаралған.
Денсаулық сақтау ұйымдарына енгізілген қадағалау актісі негізінде 3 мыңға жуық кәмелетке толмағандарға заңмен белгіленген кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемін көрсету қамтамасыз етілген.
Қалалық прокуратураның ықпал етуімен 11 мың тұтынушыға табиғи газ жеткізетін «Жеңіс» ЖШС көгілдір отынның 1 000 текше метрі үшін төленетін тариф көлемін 3587,67 теңгеден 3497,91 теңгеге дейін төмендеткен.
Қала прокурорларының Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасына берген тапсырмасына сәйкес жүргізілген тексеру нәтижесінде «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС 118 жұмыскерге беруі тиіс 14 млн. теңге жалақы қарызын толық төлеген.
Шымкент қаласының прокуратурасы жүргізген тексеру мен талдау кезінде анықталған ең сорақы іс – салық органдарының мүмкіндігі шектеулі азаматтардан заңсыз салық төлеуді талап етіп келгені болды. Олар яғни, салық органдары мүгедектердің мүлік, көлік, жер және т.б салықтардан босатылғанына қарамастан «шаш ал десе, бас алатын» әрекетке барып, салық төлеуді талап етіп олардың құқын бұзған. Прокуратура органының ықпал етуімен аталған салықтарды төлеп келген мүмкіндігі шектеулі 1200 азаматтың құқықтары қорғалып, оларға заңсыз салынған салық төлемдері қайтарылған.
Салық органдары мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүлік, көлік, жер және т.б салықтардан босатылғанына қарамастан оларға неге салық төлетіп келген? Бұл білместік пе әлде халықты қанаудың тың әдісі ме?

Ә. АЙТЖАРИ.

Таяуда Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов күнгейдің зиялы қауым өкілдерімен жүздесті. Осы қауышу кезінде ол көкейінде кептеліп тұрған бірқатар мәселені тілге тиек етті. Ол дербес қала болған Шымкент пен Түркістан облысының қарым-қатынасы көңіл тоғайтарлық деңгейде емес екенін алға тартты.
Қала басшысы «Шымкенттің республикалық қала мәртебесіне ие болуы, Түркістанның облыс орталығы атануы – олардың арасына жік салу үшін жасалған жоқ, керісінше, оңтүстік өңірін заман талабына сай дамыту үшін жасалған қадам екенін жете ұғынуымыз қажет»,-дей келе, «Рухани байланыс — өте нәзік мәселе. Бұл тұрғыда жіберілген кішкентай қателіктің өзі кешірілмейді. Бұдан былай еліміздің дамуына серпін беретін шараларды түркістандық ағайынмен бірлесе өткізейік» — деді.
Сонымен қатар ол, шайқалған руханияттың зардабымен күресу, құлдыраған экономиканы қайта қалпына келтіруден әлдеқайда қиын екенін баса айтты.
Мегаполис басшысы күнгейде орын тепкен қос өңірдің арасында біте қайнасқан байланыс орнату үшін қандай шараларды жүзеге асыру қажеттігіне де тоқталып өтті.
Бұрындары Шымкент облыс орталығы болған кезде аптаның демалыс күндерінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілетін. Шымкент дербес қала атанғаннан бастап, бұл шара тоқтап қалды. Оны қайта жандандыру керек. Себебі шымкенттіктер оңтүстік диқандарының өнімін сағынды. Ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі тек төмен бағадағы өнімдерге қол жеткізетін алаң емес, халық көңілін серпілтетін шара.
Осылай деген қала басшысы Түркістан облысының диқандарына қарата «ала жаздай еңбек етіп, күтіп баптап өсірген өнімдерін тұрғындарға тиімді бағада ұсынатын күнгей диқандарын Шымкенттен көргім келеді. Сондықтан да Түркістан облысының шаруаларын үшінші шаһарға қайта шақырамын. Келіңіздер, табан ет, маңдай термен өсірген өнімдеріңізді бізге де саудалаңыздар. Бұдан екі жақ та ұтады», — деді.
Бұдан бөлек, Ерлан Қуанышұлы келер жылы ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай өткізілетін шараларды төрткүл дүниенің «екінші ұстазы» болған ойшылдың туған өлкесі Түркістан облысында өткізу жоспарланып жатқанын, дана әрі дара тұлғаның құрметіне орай болатын мерекелік жиындарды түйіндеуді Шымкентте өткізу туралы ұсыныс білдірді.
Сондай-ақ ол, келер жылы Шымкенттің ТМД елдерінің мәдени астанасы атануына орай өткізілетін жиын-тойлардың тиісті деңгейде өткізілуіне түркістандықтардың атсалысуы жақсы нәтижеге бастайтынын жеткізді.
Айтахановтың бұл айтқандары іске асып, дегендері орындалып жатса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Осы аптада «Highvill» Kazakhstan инвестициялық-құрылыс компаниясының өкілдері Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановпен жүздесіп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстары бойынша туындаған кейбір мәселелерді нақтылап, жоспарларын пысықтап алды.
Өз кезегінде «Highvill» Kazakhstan инвестициялық-құрылыс компаниясы қаладағы ең озық жоба «Shymkent City» қалашығына заманауи үлгідегі көп қабатты тұрғын үй құрылыстарын салатынын айта кетейік. Осыған орай қала әкімінің қабылдауында болған іргелі компания өкілдеріне қала басшысы тұрғын үй құрылысын жүргізуде ешқандай кедергінің болмайтынын айтып, олардың бастамаларына оң бағасын беретінін жеткізді. Сонымен қатар ол, компания өкілдеріне құрылыс жұмыстары кезінде сапаға зор мән берумен қатар, нысандардың сейсмикалық жағдайларға шыдас беретіндей деңгейде болуына да баса назар аудару қажеттігін ескертті.

М. Әбдірайым.

Ерлі-зайыптылар арасындағы түрлі кикілжің, ұрыс-керіс, зорлық-зомбылық деректері бойынша дер кезінде тиісті шаралар қолға алынбаса оның соңы өкінішті жағдайларға апаруы әбден мүмкін.
Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында жалпы еліміз бойынше 59555 неке қиылса, осы аралықта 29025 жұп ажырасқан екен. Бұл алаңдарлық мәселе. Кейбір жағдайларда отбасындағы текетірес ажырасумен емес, орны толмас өкінішті жағдайлармен аяқталып жататыны ащы шындық. Осы ретте жыл басында Қазақстан аумағында болған мына жәйт еске түсіп отыр. Талдықорғанда кезекті кешкі ас үстінде отырған ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс орын алып, оның соңы қып-қызыл жанжалға ұласқан. Кейіннен көзіне қан толған отағасы 42 жасар әйеліне пышақ сұғып алған. Тілге келмей, жан тәсілім болған жарының мәйітін жертөлеге түсіріп, жасырған. Осыдан бірнеше жыл бұрын оралдық отбасында да осыған ұқсас жағдай орын алған. Яғни, күйеуі әйелін буындырып өлтіріп, мәйітін жертөлеге көмген. Әу-баста «бір жастықта басымыз қартаяды» деп серт берген қос ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірлерінің дәл бұлай аяқталуына қызғаныш деген қызыл ит себеп болған.
Шымкентте орны толмас осындай жағдайлардың жолын кесу мақсатында «Тұрмыс» жедел алдын алу іс шарасы өткізілді. Шымкент қалалық Полиция департаменті ұйымдастырған бұл шара 7-13 тамыз аралығында болды.
Шара барысында Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері отбасылық тұрмыста жасалған 291 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Анықталған әкімшілік құқықбұзушылық дерегінің 254-і алкогольді ішімдікті ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келу болса, 16-сы отбасы тұрмыста жасалған құқыққа қарсы іс ірекеттер көрінісі, 15-і жеңіл дене жарақатын салу дерегі, 6-ы қорғау нұсқамасын бұзу деп танылған.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңына сәйкес, құқықбұзушылықтарға бейім 1100-ден астам азаматтармен тәртіп сақшылары профилактикалық әңгімелесулер жүргізген. Зорлық-зомбылықты алдын алу мен оның зардабы туралы 20 дәрістік іс-шаралар өткізілген. Және осы бағытта дайындалып, баспадан басылып шыққан 3200-ден астам жадынамалар таратылған. Дәл осы, яғни, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бағытында есепте тұрған 6 мыңнан астам адам тексерілген.
Шара кезінде 72 тұрмыстық зорлық-зомбылық жайттары анықталды. Анықталған зорлық-зомбылық жәйттерінің 5 дерегі сенім телефонына келген хабарламалар арқылы белгілі болған. Ал 29-ы профилактикалық іс-шаралар өткізу кезінде учаскелік полиция инспекторлары арқылы, 38-і тиісті органдарға келіп түскен өтініштер негізінде анықталған. Анықталған барлық 72 тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайы бойынша заңды шаралар көрілген.
«Тұрмыс» профилактикалық шарасы кезінде отбасы тұрмыста құқық бұзушы 217 адам ішкі істер органы есебіне алынды. Енді олар әрдайым жергілікті жердегі полицейлердің назарында жүреді.

М. Әбдірайым.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамыз айының екінші жексенбісін «Қазақстан құрылысшылар күні» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай кешегі және осы аптада мәртебелі мамандық иелері – құрылысшылар қауымына жан-жақтан құттықтаулар жолданып, құрметтер көрсетілді.
Игі тілектер айтылып, олардың қоғам дамуына тигізіп жатқан пайдасы мен қосып жүрген үлестері төңірегінде түрлі лебіздер жеткізілді. Айтулы күнде шымкенттік құрылысшыларға да алғыстар әр тараптан келіп жатты. Солардың қатарында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те бар. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өз кезегінде Түркістан облысының басшысы Өмірзақ Естайұлы жолдаған Алғыс хатында төмендегідей тілектер жазған.
«Құрметті Ерлан Қуанышұлы!
Сізді және бүкіл Шымкент қаласының құрылысшыларын киелі Түркістан шаһарындағы құрылыс алаңдарында және төтенше жағдай жарияланған Арыс қаласында еңбек етіп жатқан барлық құрылысшылар мен қызметкерлерді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларына бақыт, атқарып жатқан абыройлы жұмыстарына табыс тілеймін! Келешекте еліміздің өркендеуіне және дамуына қарқынды үлес қоса беретіндеріңізге зор сенім артамын!».
Аймақ басшысының бұл құттықтауы мыңдаған құрылысшылар қауымын қанаттандыра түскені анық.

М. Әбдірайым.

Ендігі жерде тұрғындар Шымкент қаласы әкімдігінің ресми shymkent.gov.kz сайтындағы «Виртуалды қабылдау» арқылы қала әкімі Ерлан Айтахановтың атына шағымдар мен талап-тілектерін жолдай алады. Бұл нұсқа арқылы шағым жолдау сіз үшін ыңғайсыздық тудырса WhatsApp (87778858513) нөміріне хабарлама қалдыруыңызға әбден болады.
Бұдан бөлек, көкейде жүрген сауалыңыз бен тізіліп жазылған базынаңызды әкімге онлайн түрінде емес, жазбаша түрде жеткізгіңіз келсе, өтінішіңізді Шымкенттегі Н. Назарбаев даңғылы, №10 үйде орналасқан «Халықтық кеңсеге» қалдырсаңыз, оған тиісті мерзімде заң аясында жауап берілетін болады.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сонымен қатар қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі Шымкент басшысы Ерлан Айтахановтың әлеуметтік желіде тек ресми екі аккаунты бар екенін ескертеді. Олар Facebook әлеуметтік желісінде – Erlan Aitakhanov, ал Instagram-да @erlan_aitakhanov болып тіркелген. Осы ресми парақшалардан басқа қала әкімі Ерлан Қуанышұлының атынан ашылған аккаунттардың барлығы фейк болып табылатынын біліп жүргейсіз.

М. Әбдірайым.

Миллионды қала Шымкентте төрт аудан бар. Олардың ішіндегі Әл-Фараби ауданы қаладағы орталық аудан болып табылады. Ауданда 200 мыңнан астам тұрғын бар. Бүгінде сол тұрғындардың 98 пайызы жол, жарық, су, көгілдір отын сынды инфрақұрылымның игілігін көріп отыр. Тек ауданға қала территориясын кеңейту мақсатында Түркістан облысы, Сайрам ауданынан қосылған «Сәуле», «Бадам» шағынаудандарында инфрақұрылымдық жұмыстар түйіткүл күйінде қалып отыр. Дегенмен де ондағы тұрғындарға ауыз су апарып, жарық жеткізу, газ құбырын тарту күн тәртібіндегі басты мәселе.
Бұл туралы Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов мәлімдеді.
Ол осы жылы аталған мәселені түбегейлі болмаса да, рет-ретімен шешу бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынғанын айтады. Атап айтқанда, биыл «Сәуле» шағынауданындағы 276-шы орам аумағындағы халықты сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін 160 кВт қуаты бар трансформатор мен 25 баған орнатылған. Нәтижесінде сол жердегі 150 түтін сапалы электр энергиясымен қамтылған. Бұл жұмыс демеушілердің есебімен іске асқан. Жуырда мұндай көл-көсір қуанышты аудандағы «Бадам» тұрғын алабының 195-орамының тұрғындары да бастан кешірмек. Осы мақсатта Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы «Бадам» тұрғын алабының толық инженерлік инфрақұрылымына жобалау-сметалық құжаттама әзірледі.
Аталған аумақтарды сапалы тіршілік көзімен қамтамасыз ету бағытындағы мәселелер жуық арада шешімін табатын болады. Дегенмен де мәселені уақытша шешу үшін аудан әкімдігі 195-орамда екі жерде 70 үйдің тұрғындарын сумен қамтамасыз ететін колонкалар орнатқан. Тұтынылаған су үшін төлемақы жасауды сол жердегі адамдар ұжымдық тәртіппен жүзеге асырады. Дәл мұндай тәжірибені қолдану «Сәуле» шағынауданындағы 276-шы орам тұрғындарына да ұсынылған. Шымкентті сумен қамтитын «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС тығырықтан шығар мұндай жолға қарсылық танытып отырған жоқ екен.
Осыларды алға тартқан Ғабит Патшаханұлы алдағы уақытта әрбір үйге сапалы ауыз су жеткізу әкімдіктің алға қойған негізгі мақсаты екенін тағы да шегеледі.

М. Әбдірайым.