ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Өскелең ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру ұстаздардың басты міндеті. Ал мектепке бару және дәрістен соң үйіне қайту кезінде олардың жолдардан қауіпсіз өтуін қырағы түрде бақылау тәртіп сақшыларының құзырындағы шаруа.
Осы мақсатта қалалық Полиция департаментінің кіші мәжіліс залында арнайы жиын өтті. Онда қалалық Полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов арнайы құрылған жұмыс тобына тиісті тапсырмалар берді. Атап айтқанда, каладағы барлық мектептің алдындағы жаяу жүргінші жолақтарының жанына «Абайлаңыз, балалар!» жол белгісін үлкен көлемде орнатуды және бірқатар басқа да тапсырмалардың өз деңгейінде болуын жолға қоюды жүктеді. Ал жиналысқа қатысқан Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, энергетикалық және коммуналдық шаруашылық басқармасы, білім басқармасы өкілдеріне осы бағытта анықталған кемшіліктерді ескеріп, оның орындалуын қадағалауды пысықтауды тапсырды.
Бүгінде арнайы құрылған жұмыс тобы Шымкент қаласы аумағындағы барлық мектеп алдынан өтетін автокөлік жолдарындағы жол белгілерін Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңының талаптарына сәйкестігін тексеру жұмыстарын жүргізуде. Баста мақсат – 2019-2020 оқу жылында жол қозғалысы ережесінде жасөспірімдердің қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету болып табылады.
Алдағы уақытта, дәлірегі оқу жылы қарсаңында Шымкенттің полиция қызметкерлері күнделікті таңғы сағат 07:30-дан 19:30-ға уақыт аралығында үш ауысыммен білім беру ұйымдарының аумағында орналасқан жаяу жүргіншілер жолағында оқушылардың білім беру ұйымдарына қауіпсіз келіп-кетуін қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізетін болады

М. ӘБДІРАЙЫМ.