«Ордабасыда өнеркәсіпті дамытатын мүмкіндіктер орасан» Әліпбек ӨСЕРБАЕВ, Ордабасы ауданының әкімі:
Қасиет қонып, құт дарыған Түркістан облысы, Ордабасы ауданына биыл 55 жыл толып отыр. Тарихтағы орны бөлек бұл мекеннің айтулы күнін мерекелік концерт беру, даңғайыр дастархан жасаумен атап өту азаматтығымызға сын болар еді. Бұл ретте жарты ғасырдан астам уақыт тарихы бар қасиетті ауданның өткеніне шолу жасап, алдағы күнге бағдар түзудің маңызы зор.
Осы аптаның сейсенбісінде Ордабасы ауданының 55 жылдық мерейтойы аясында республикалық, облыстық БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз туры ұйымдастырылды. Шара барысында журналистерге аймақ үшін стратегиялық маңызы зор ауылшаруашылық, кәсіпкерлік және өнеркәсіптік саласындағы нысандардың жұмысы мен жеткен жетістері таныстырылды.
Солардың бірі «KARLSKRONA LC AB» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады. 2016 жылы іске қосылған бұл жобаның қаржысы қомақты. Барлығы 868 218 000,00 теңгені құрайды. Құны қымбат кәсіпорында балқыған болаттан құйылып жасалатын электр жабдықтары өндіріледі. Қазақстанда теңдесі жоқ бұл кәсіпорында 50 азамат өз нәпақасын тауып, біреуден кем, біреуден ілгері өмір сүріп жүрген жайы бар.
Аудандағы өндірістің көрігін қыздырған кәсіпорын мұнымен шектеліп қалмайды. Жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп жүрген келесі кәсіпорын «Бөрте Милка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорынның өнімдері нарықта сапалы тауар ретінде үлкен сұранысқа ие болып үлгерген. Өнімдері тартымды тауар болғандықтан дүкен сөрелерінен әп-сәтте таусылып жатқан «Бөрте милка» кәсіпорнының өндіріс қуаттылығы – тәулігіне 40 тонна сүт өнімін өңдеуге қауқарлы. Жобаның құны 1 млрд. 336 млн.теңгеге жетеді. Мұнда 60-тан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Ордабасы ауданының 55 жылдығына – 55 іс шара» аясында ұйымдастырылған баспасөз туры қыш шығаратын «Агро-V» серіктестігінде жалғасты. 2014 жылдың қазан айында «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған зауыт қышты автоматтандырылған жүйедегі жаңа технологиялармен жасап шығарады. Құрышқолды құрылысшылар «Агро-V» зауыты қышының берік болатынын, қыста жылуды, жазда салқынды жақсы сақтайтын сапалы өнім деп таниды. Болашағы баянды өндіріс орнында 148,0 млн. теңгеге инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылған. Яғни, ондағы инфрақұрылымды дамыту мақсатында ені 8 метр болатын 0,7 шақырым жолға асфальт төселді. Бес шақырым қашықтыққа бағандар орнатылып, электр желісі тартылды. Тереңдігі 80-100 метрлік 2 ұңғыма қазылды. Қандай да бір жағдайда тіршілік көзінен тапшылық болмас үшін су мұнарасы орнатылды. Бес шақырымнан аса жерге байланыс желісі тартылды. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында зауытқа газ құбыры жүргізілді. «Агро-V» ЖШС-нің жаңа қыш зауытының жалпы құны 526,9 млн. теңгені құрайтынын айта кетейік.
2004 жылы құрылып, 2017 жылы жылқы бордақылау алаңын іске қосқан Бөржар ауыл округіндегі «Ордабек» ЖШС-нің жұмысы аудан мақтанышы десек артық айтқандық емес. Қызған еңбек пен ырыстың ордасы болып табылатын бұл жерде бір мезетте 400 жылқыны бордақылау мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Құны 30 млн. теңгені құрайтын бұл жерде 8 адам жұмыс істейді. Олардың ай сайынғы орташа жалақысы 130 мың теңгені құрайды.
Ордабасының құтын асырып, ырысын тасытар тағы бір нысан – «Асыл тұқымды шаруашылық. Ордабасы ешкі сүт өнімдері» аграрлық-өнеркәсіптік кешені. Жоспары ауқымды жобаның инвестициялық құны үш кезеңді қамтиды. Бірінші кезең: 383 млн. 650 мың теңге, екінші кезең: 562 млн. 875 мың теңге, үшінші кезең: 500 млн. теңгені құрайды. Қаржыландыру көзі «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы болып табылады. Жоба аясында дәл қазіргі таңда кешенде 1- ші ферманың және жем-шөп жинау ғимараттарының құрылысы салынды. Нидерланды мемлекетінен Зааненский тұқымды 500 бас ешкі сатып алынды. Инвестициялық жобаларға сәйкес келешекте ешкілердің санын 6 мыңға көбейтіп, бір тәулікте 15 тонна сүт алу көзделген. Қазіргі таңда бұл кешенде 32 адам жұмыс істейді.
Өндірісі осылай құлашын кеңге жайып келе жатқан ауданда бұдан бөлек, туризмді алға сүйрейтін нысандар да бар. Солардың бірі «Аққойлы» мешіті. Бұл мешіт бір кездері Ишанбазар деп те аталған. Мешітті ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Мәді Қарының бабасы, Бұхара қаласында 30 жылдан аса діни сабақ алып, Ишан деген құрметті атты иеленген Егемберді салдырған. Мұнда алғашқы кезден-ақ заманына лайық діни, қоғамдық, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған. Апта сайын жұрт базарға жиналған. Мерекелерде күрес, бәйге сияқты ұлттық ойындар тамашаланған. Ескерткіштің «Ишанбазар мешіті» аталуының сыры міне осында. Кейінірек жергілікті рудың атымен «Аққойлы медресесі» делінді.
Ишанбазар тарихи-сәулет ескерткішінің ұзындығы – 34, ені – 20, биіктігі – 18 м. Қабырғаларын қалауға тік бұрышты, күйдірілген шаршы кірпіштер қолданылған. Он төрт күмбезден тұратын ғимарат Иран, Орта Азия сәулет өнері үлгісімен салынған «Жәми» мешіттеріне ұқсайды. Мешіт ғимараты 2004 жылы толық жөндеуден өткен.
Ауданда тарихы қызық тағы бір нысан – Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайы. Бұл мұражай Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы музей үйі болып 1976 жылы ақпан айында ашылған. Ал 2001 жылғы 26-маусымдағы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің №78 қаулысымен Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайы мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылған. Мұражайдың шаңырағы іштен қарағанда күмбез болып келеді де, сырттан қарағанда жауынгерлер жасағын басқарып, жауға қарсы қол бастап, елге пана болған батыр қолбасшылардың шатырындай үшкірленіп тұрады. Әу-баста нысанның жобасын қағазға сызып түсіргендер бұл жерді цирк аренасындай етуді ойластырған. Ондағы мақсат палуандық өнерді жалпақ жұртқа көрсету еді. Күмбездің диаметрі 12 метр болса, мұражай қабырғасының биіктігі іргетасымен қосқанда 5 метрден асады. Ал табанынан ұшар басына дейінгі биіктігі 16 метрді құрайды. Жәдігерлер қорында 1129 экспонат бар. Мұражайдың көрме залында Қажымұқанның өмірі, жетістіктерімен қатар, облыс спортының мақтаныштары, түрлі дүбірлі додалар мен тартысты турнирлерде топ жарған тарландарымыздың суреттері, медальдары, қолданған заттары мен спорттық киімдері қойылған.
Аудан әкімі Әліпбек Өсербаев баспасөз турына қатысқан журналистермен кездесу кезінде Ордабасының ауылшаруашылық, кәсіпкерлік, өнеркәсіп саласының құлашын кеңге жаюға өте тиімді аумақ болып саналатынын, ол үшін мүмкіндіктер жетерлік екенін атап өтті. Сонымен қатар ол, «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында біраз тірліктер тындырылғанын атап өтті. Ордабасы ауданында әлі талай оң өзгерістердің іске асуын қамтамасыз етуге тәжірибесінің жеткілікті екенін де жасырмады. Өз кезегінде ол:
– Білімің мен білігің жеткілікті болса, сан салада жұмыс істеп шыңдалған жақсы. Алысқа бармай өзім туралы айтып өтейін. Бұған дейін үш рет Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалдым. Оның арасында облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы, облыс әкімінің орынбасары болдым. Енді Ордабасы ауданын басқару сеніп тапсырылды. Міне сол сенімнен шығу жолында маған әр салада, әртүрлі қызметте шыңдалғаным зор көмегін тигізеді. Жоқтан бар жасай аламын. Жалпы адам бір жерде, бір қызметте тапжылмай отыра берсе, қарайып қалады, — деді.
Т. МӘНДІБЕК.
Суреттерді түсірген:
А. ӘССАНДИ.