ТҰРЛЫБАЙДЫҢ ТАҒДЫРЫ БЕЛГІСІЗ…

Осы аптада Қытай елінің сотында есірткі контрабандасы үшін 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында ұсталып, 2015 жылы өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкіммен сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісін қайта қарау бойынша отырыс өтті. Сот отырысы Қытайдың Гуанчжоу қаласында болды.

4,5 келі есірткімен құрықталған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі 2016 жылдың 2- қарашасынан бастап қайта қаралуда. 2017 жылы оған қатысты іске нүкте қойылады деп күтілген болатын. Бірақ бұл болжам іске аспады.
Екі жылдық үзілістен соң қайта жалғасқан процес барысында қорғаушы тарап ұсынған қылмыстық істің материалдары қаралды. Отырысқа қорғаушылар, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің өкілдері, Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы және аудармашы қатысты.
Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлаған. Сонымен қатар минстрлік Ақжарқын Тұрлыбайдың денсаулығы жақсы екенін, сотта өзін-өзі жақсы ұстап, сот тарапынан қойылған сұрақтарға қытай тілінде түсініктеме бергенін мәлімдеген. Сот отырысы екі сағатқа жалғасты. Алайда бұл іске қатысты сот үкімі енді қашан шығатыны белгісіз болып тұр…

С. НҰРАЙ.