Аитв инфекциясының індеттік ахуалы қай деңгейде?

Сарапшы мамандар қазіргі таңда АИТВ дертімен сырқаттанушылық пен өлім-жітім көрсеткішінің қай деңгейде екенін саралады. 195 елдің ғалымдары қатысқан зерттеу жұмысы 1990-2017 жылдар аралығын қамтыған. Зерттеу жұмысының нәтижесі Lancet HIV журналында жарияланды. Онда соңғы жылдары адамдардың аталған ауруға шалдығуы айтарлықтай төмендеп келе жатқаны анықталған. Бірақ бұл тенденция бұрынғы посткеңестік елдердің бірқатарында байқалмаған. Бұл туралы Вести Наука жазады.

1980 және 1990 жылдары әлемде адамдардың АИТВ індетіне шалдығуы белең алды. Осы уақыт аралығында жыл сайын 1,5 миллион адамға ауру ауыз салады. Уақыт өткен сайын жағдай ушыға түскен. Мәселен, 1992 жылға қарай жұқпалы дертке шалдыққандардың саны екі миллионнан асып жығылған. Ал қауіпті дертті жұқтырғандардың жалпы саны 10 миллионнан асып түскен.
Айтудың өзі адамға ауыр тиетін бұл ауру 90-жылдардың екінші жартысында кең тарады. Яғни, сол уақытта жылына үш миллионнан астам адам ВИЧ дертін жұқтырғаны бойынша тіркеуге алынған. Аурулардың саны түзілген тізім 20 миллионнан асқан. Үрей туғызар бұл «үрдіс» 2000 жылдардың орта шенінде екі миллионнан аса адамның өмірін қиған.
Қазіргі таңда әлем бойынша АИТВ-мен сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің төмендеуі байқалуда. Бір жылда осы ауруды 2 миллионнан аса адам жұқтырады. Және әр жылда бір миллионға жетеқабыл адам осы дерттен көз жұмады. Дөңгеленген дүниедегі 35 миллион халық осы дертті жұқтырғандар болып табылады.
Мамандар АИТВ дертін арқалап жүргендердің басым көпшілігі еңбекке қабілетті жастағы азаматтар екенін қынжыла жеткізуде. Мәселен, АИТВ-дан қайтыс болған әйелдердің көпшілігі 30-39 жас, ал ерлер 35-44 жасты құраған. Және де олар бұл аурудың кең таралуы Африкада байқалып отырғанын ашып айтқан.
Зерттеушілер осы дерттен өлім-жітім көрсеткіші көптеген елдерде төмендегенмен бұрынғы КСРО елдерінің кейбір аймақтарында көбейіп жатқанын мәлімдеген. Дәлел ретінде өткен онжылдықта осы дерт бойынша өлім -жітімнің ең үлкен өсімі Грузияда 17,6% — ға, ал ауруға шалдығудың көрсеткіші Ресейде 13,2% — ға және Қазақстанда 12,1% — ға артуы байқалғанын келтіре кеткен.
Мамандар АИТВ індетімен күресте антиретровирустық терапия (АРТ) маңызды рөл атқаратынын, олар ағзадағы вирустардың бақылаудан шығып, адам халінің нашарлауына жол бермей, ұзақ өмір сүруіне ықпал ететінін алға тартуда.
Бүгінде АИТВ індетін жұқтырғандардың антиретровирустық терапиямен қамтамасыз етілуі 2020 жылға қарай 81%, 2030 жылға қарай 90%- ды құрайды.

С. НҰРАЙ.