ШЫҢҒЫС МҰҚАН ПАРА СҰРАҒАНДАРДЫ ХАБАРЛАУ ҮШІН ТҰРҒЫНДАРҒА ТЕЛЕФОН НӨМІРІН БЕРДІ

Кешегі аптада Шымкентте «HR-Process» цифрлық жүйесі іске қосылды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан өзінің фейсбук парақшасында бұл цифрлық жүйенің қызметі мен оның қоғамға тигізер пайдасы туралы ұғынықты етіп, тұщымды жазба жариялаған екен. Өз кезегінде біз газет бетіне Шыңғыс Мұқанның жазбасын жариялауды жөн санадық.

Шымкентке келгелі бері мектепке орналастырып беруін сұрап, біраз адам хабарласты. «Шымкентте өзіңіз білесіз ғой, ақша бермесе, жұмысқа орналасу қиын», — дейді. Оңтүстікте өскен соң, бұл тақылеттес әңгімені бала күнімізден естіп келеміз.
Ешкімді қолынан ұстап алмаған соң, мектепке шынында да пара беріп орналаса ма, әлде таңдау әділ жүре ме, ол жағын жауапты басшылардың ар-ұятына қалдырдым. Менің түсінігім бойынша әр басшы ең білікті маманды таңдап алуға мүдделі. Пара алу да, пара беру де – қылмыс.
Құқық қорғау органдары мұқият қарап отыруы тиіс. Ал атқарушы органдар не істей алады?
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мырза алғашқы жұмыс күнімде-ақ білім саласындағы келеңсіз осындай алып-қашпа әңгімеге негіз қалдырмау үшін мектепке жұмысқа қабылдау процедурасын цифрландыру туралы тапсырма бергенін айтты.

Әкімнің тапсырмасымен жуырда www.hr-process.kz жұмысқа қабылдау порталы іске қосылды. Шымкент мектептері бос жұмыс орындарын осы сайтқа салып отырады. Оған 137 білім ұйымы тіркелді. Күні бүгін (19-тамыз) 78 бос жұмыс орны орналастырылды. Түрлі критерийлер бойынша кандидаттың қаншалықты лайықты екенін 75 пайызға ақпараттық бағдарлама шешіп береді. Қалғанын комиссия анықтайды. Комиссияны жасақтағанда да тәуелсіз әрі білікті адамдарға басымдық беріледі.
Мектеп директорларын тағайындау да заңмен реттелген. Жеті кезеңнен тұрады. Әкімдік онда да барынша әділ шешім шығаруға мүдделі.
Мектептерге ақша беріп жұмысқа тұрудың өзі ұят. Егер ондай жағдай болса, ондай ақпаратты мұқият қарап, тиісті органдарға өзім жетелеп апаруға дайынмын.
Десе де, қанша жерден адами факторды болдырмауға, оған ақпараттық технологияны пайдаланғанымызбен, әр кісі бүгінгі сыбайластық өз баласының болашағына балта шапқанмен бірдей екенін саналы түрде түсінбесе, кез келген озық жүйеден сырғып шығатын саңылау табуға болады.
Сонымен бірге, жұмыссыз қалсам да пара беріп жұмысқа орналаспаймын деп жүргендер де бар. Осындай саналы азаматтар көбейген сайын білім саласындағы да, басқа да саладағы саңылаулар жойылады. Ешкім пара бермесе, ешкім пара алмайды. Сондықтан, білім ұйымдарына жұмысқа тұруға үміттілерді ешкімге пара бермей, заң аясында жұмысқа қабылдануға шақырамын.
Осылай деген ол, тұрғындарға егер де дәл осы бағытта адамдар пара алуға емеурін танытқан жағдайда шұғыл түрде өзінің қызметтік телефон нөміріне қосылған WhatsApp (+77007007091) желісіне хабар қалдыруға шақырды.

Қ. ҚАЛИЕВ.