ЕНДІГІ ТОЙЛАР ЕЛДІККЕ СЫН

Халайыққа хұсни хат

Қадірменді халайық!

Түркістан уәлаяты мен Шымкент шаһарының тұрғындары! Ардақты ардагерлер! Орта буын ұрпақ пен жалынды жастар!
Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газеті арқылы өзгеше өңір мен мерейлі мегаполистің жұртшылығына сөз арнап отырмыз. Біз. Байырғы тілшіңіз. Қашанғы қаламгеріңіз.
Айып етпегейсіздер, айналайындар. Іштеріңіз біледі, біреуді біреу беріле мойындай бермейтіндей, оншалықты ұната қоймайтындай біртүрлілеу кезең ғой қазір. «Осы кісі-ақ той туралы қайта-қайта айтып, жаза береді екен», – деп сөкпегейсіздер. Сіздер. Тойдың мәнісі мен мәдениетін жетілдірмек жұмыстар жөнінде он жылдай уақыт бұрын ел газеті «Егемен Қазақстанда» бірнешелеп мәселе көтергенбіз. Біраз-біраз талқыланған. Жеті-сегіз жыл бойы облысымыз бен шаһарымызда өтетін небір тойларда нәніпәтірленбей, нақтылы ой-пікірлер білдіргенбіз. Әзіл-шынын араластырып. Тойларға кешігіп келгендерді тыпыршытатынбыз. Қағытпалай қалжыңдап, «іспіскіге» ілетіндеріміздің қатарында аса биік лауазымдылар, сенаторлар мен мәжілісмендер, әкімдер, прокурорлар мен соттар, полицейлер, қаламдас-қадамдастарға дейін болушы еді. «Әзіл түбі – зіл емес» деп белгілі мәтелді өзгертетінбіз. Көздегеніміз – той мәдениетін, адамдардың ішкі мәдениетін биіктету хақындағы ойларды оята түсутұғын. Көпшілігі түсіністікпен қарайтын. «Ұятты кісілерді ұялтқаныңыз қалай, көке?» – деп, түсін суытқан той иелері де кездескен.
Мұның бәрін неге тәптіштедік? Мынадай хұсни хат жазбаққа һәм құқылымыз-ау дегенді меңзегеніміз-дағы. Әрине, ендігі әңгіме еректеу, бүгінгі ахуал бөлектеу. Бәріңіз де тойлар туралы толғанып, уайымдап жүрсіздер. «Тым-тым тойшыл боп кетіп едік, той жарыста тайраңдап, той жасауда дандайсып, мастанып кетіп едік, мына пәлелі пандемия ас та төк астамшылдықтың, бұзылған пейіл мен былғанған ниеттің салдары емес пе екен?!» – деушілер де аз емес.
Әзірше той-томалақтарға тиым салынған. Ерте ме, кеш пе, рұқсат етілер. Коронавирустан кейінгі тыныс-тіршілік тұтастай дерлік оған дейінгі дем-тыныстан бөлектеу болатын шығар. Кемеңгер суреткер Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – деген ғой. Қазақ ел болғысы келсе, ендігі жерде шынайылықпен шыңдалмағы, өзгеріп-өңденбегі, жаңарып-тазармағы ләзім-дүр. Темірдей тәртіпке, мұнтаздай тазалыққа, жоғары жауапкершілікке бетбұрыс жасамағы жөн. Өйтпесе, қиын-ақ.
Тойларды түгелдей тәртіптемей болмайды. Кең де толық мән-мағынасындағы жоғары мәдениет той-жиындарға арқау, асыл арна етілмегі абзал. Қазақ неліктен тым тойшыл? Мұның түрлі себептері бар. Көшпенділік өмір мен табиғатқа ерекше етене тұрмыс салты. «Мал-жан аман ба?» дейтін қазекемнің төрт түлік пен жайлауға жақындығы. Ондаған жылдарға созылатын ойранды соғыстар. Отаршылдардан, жаугершіліктен жапа шегіп, зәразапталған қазақ Тәңірден той тілеген. «Уа, Жаратқан! Тойға жеткізе гөр!», «Жиған-тергеніміз жауға емес, тойға шашылсыншы!», «Екі дүниең абат, екі тойың қабат болсын!» – деп, бата-тілектер бәтуалаған. Қан-қасап қырғындардан түскен жан жараларын қайран қазақ түрлі де түрлі тойлармен емдеп жазбаққа тырысқан.
Түсінуге болады біздің қазекеңді. Бағзы замандарды былайырақ қалдырып, Тәуелсіздіктің әуелгі кезеңдерін алайықшы. Үлкенді-кішілі тойлардың бәріне кең жол, өрелі өріс, тың тыныс ашылды. Республикалық, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық, қалаберді халықаралық тойлар. Ірі де іргелі іс-шаралар. Керемет күндер. Арнайы апталықтар мен айлықтар. Әр апта сайын бір батырымызды тауып, той тойладық. Өлілерімізді біршама түгендеп тастап, тірілерімізді тойлауға жаппай жұмылдық. Тойлардың небір, нешеме түрлерін ойлап таба бастадық. Әлбетте, егемендігін ежелден армандап, азаттығын әзелден аңсаған, табиғатынан тойға жақын қазақ үшін осынау тойлар мен мерекелі, мерейлі іс-шаралардың баршасы болмаса-дағы, біршамасы өте-мөте керек те еді. Елдің еңсесін көтеру үшін, рух пен намысты биіктету мақсатында, бірлік пен ынтымақты ұйыту үшін ізгілікті мұрат тұтқан ішкі саясат бағдарланғаны да рас.
Алайда қалай да той өткізе беру бағдарларының залал-зардапты жақтары басымдана бастады. Қазекемде бұрыннан бар тойшылдық, даңққұмарлық, жалған намыстан қабыздайтын, іштарлықтан, күншілдіктен қабынатын даңғойлық, даңғазалық, ас та төк, астам ысырапшылдық асқынды. Ұлт ретіндегі ұтылыстарға ұшыратты.
Ай, айналайын Абай-ай! «Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартарсың», – дейді. «Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек; періште төменшіктеп қайғы жемек», – дейді. Әрбір нәрсенің, кез келген іс-әрекеттің, ішпек-жемектің, кимек-күлмектің, көңіл көтермектің, құшпақ-сүймектің, мал жимақ, мансап іздемектің, демек той тойламақтың да өлшеуі болмағы керектігін таразылап, талдаған. «Өлшеуінен асырса, боғы шығады», – дейді ғой Құнанбайұлы.

Айналайындар, жасыңыз бар, кәріңіз бар, дегендей, бәріңіз де білесіздер. Әңгімелеп, кейде күліп, кейде кейіп айтып жүрсіздер. Қазақ кейінгі ондаған жылдар бойы тойдың қызығын шектен тыс көп күйттеп кетті. Көп нәрсенің боғын шығарып жіберді. Жалған намыс пен той жарыстың жетегінде желігіп, жаныға жалбаңдап, жаппай бәсекеге еріге еліткен елге айналдық. Шырайлы, шұғылалы Шымкентіңіз бүкіл дүние жүзіндегі, қалаберді Қазақстандағы тойханалары ең көп шаһарға айналды. Түркістан уәлаятының орталығы мен Жетісай, Сарыағаш сияқты қалаларында ғана емес, барлық аудан орталықтарында, тіпті ірілі-ұсақты ауылдарында да тойханалар тізіліп тұрыпты.
Шілдехана, бесіктой, тұсаукесер, сүндеттой. Сырға салу, құдалық. Беташар мен үйлену тойлары. Туған күндер. Жиырма бес, отыз, қырық жасқа толу тойлары… Ертеректе елу жастың өзін елге ерекше еңбек сіңірген, қайраткер тұлғаларға ғана жасайтын секілді еді. Егемендіктен кейін еркіндіктің жөні осы екен деп, еліріп кеткендейміз. Отыз, қырық жасты тойлау ұят сияқтытұғын. Кейінгі жылдары қырыққа толған талайлардың үш-төрт жүздей адам шақырып, тойханаларды теңселтіп жататынын көріп-біліп, қатысып жүрсіздер. Ары қарата айтпай-ақ қоялықшы.
Жалған намыс, жаппай жарыс дегеннен шығады, той-томалақтардың нешеме түрлерін банктерден несие алып жасайтындар да жетіп-артылады. Сол несиені қайтара алмай, отбасыларда ұрыс-керіс шығып, өшпенділік өршіп, ажырасып жатқан жастар қаншама. Білесіздер бәрін. Куәсіздер баршаңыз. «Не болса соған той жасап…», «Бұрнағы жылы сүндет той мен мерейтой, былтыр алтын той мен бесіктой өткізді. Биыл тағы да…», «Беташар мен бесіктойлардың өзі үйлену тойларынан үлкен боп барады. Бара-бара бұ қазақ қайтер екен?!» Дейсіздер. Ренжисіздер. Ығырланасыздар. Бірақ батыл қадамдар, бастамалар жасамайсыздар. Өзгермейсіздер. Өзгеретін, бастама жасайтын кез келді. Мынадай тәмсіл бар. Бірде көпшілікті жинап: «Кім өзгерістер болғанын қалайды, қол көтеріңіздер», – депті. Жұрт түгел көтеріпті. Қолдарын. «Ал енді кім өзінің өзгергенін қалайды, өзін өзгерткісі келеді?» – дегенде, ешкім де қол көтермепті. Әнекиіңіз, солай. Енді өзгермесек, кері кетеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқанша мәрте «Кез келген нәрсеге той жасауды тоқтату керек», – деді. «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» – деді. Күні кешегі «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында да: «Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды», – деді.
Құрметті қауым! Әлемді әбігерлендіріп, дүниені дүрліктірген жұқпалы індет, ауыр дерт артқан міндет бәрімізді және әрқайсымызды одан сайын ойландыруға тиіс. Қаншама аяулыларымыздан айырылдық. Бір қазақ туса бар қазақ қуанатындай, бір қазақ қаза тапса бар қазақ қайғыратындай күйдеміз. Қолдан жасалған қырғындардан ондаған еселеп азайған алашпыз. Мұны ешқашан да естен шығаруға болмайды. Тиым салынған той-томалақтардан, басқа да жиындардан, тіпті жаназалардан қараулы, қалың вирус жұқтырып қайтыс болғандар аз емес. Алдағы айлар мен жылдар жақсылықтар әкелгей. Алайда, бәрібір, қатерлі пандемиядан кейін жан-жақты өзгеруіміз керек. Билік өзгерсін, өзгелер өзгерсін деп өзеурей бермей, өзіміз өзгермекке міндеттіміз. Әл-Фараби бәдіздеген бәйекшіл парасат, әрекетшіл парасат әрбірімізге, пәрменді парасат билік буындарының баршасына байланысты.
Қайткенде де той өтпей тұрмайды, әрине. Біраз уақыт өтер. Той-томалақтарға рұқсат берілер. Қалай болғанда да қазақ дейтұғын қызық халықты тойсыз елестете алмайсыз. Бұдан былайғы тойлар түбегейлі түрде басқашалануы керек. Көршілес елдер жиырма жылдай уақыт бұрын-ақ шектеулер қойған. Салт-дәстүрлік рәсімдер, тұрмыстық түрлі шаралар туралы заңнамалары бар. Қанша адамның қатысатынына, қай уақытта басталып, қай мезгілде тәмамдалатынына, дастарқан мәзіріне дейін тәптіштелген. Тәртіптелген. Бізге де арнайы заң немесе заңнамалық құжат қажет. Тіпті болмаса, жергілікті мәслихаттар шешімдерімен реттеліп, ресімделсе дейміз.
COVID-19 індетінен сабақ алып, тойларды төрт есе қысқартуды ұсынамыз. Тойларға қатысатын адамдар саны да төрт-бес есе азайтылуы керек деп есептейміз. Шілдехана, бесіктой, тұсаукесер, беташар мен құдалық отбасылық, әулеттік деңгейде ұйымдастырылса. Отыз, қырық жасқа толу тойлары, тағысын-тағылары тоқтатылса, сүндеттойлар мен үйлену тойларына, айрықша мерейтойларға қатысатындарды бұрынғыдай 1000-500-300 емес, жүз, жүз елу, ары кетсе екі жүз кісімен шектеген жөн. Тойханаларда, мейрамханалар мен кафелерде, тағы басқа көпшілік орындарында, тіпті жекеменшік үйлердің аулалары мен бау-шарбақтарында өтетін той-томалақтардың қай-қайсысы да екі-үш сағаттан аспай аяқталмағы ләзім-дүр. Кешкі 19.00-де басталатын тойлар 22.00-де, 20.00-де басталса, 23.00-де тәмамдалса. Барлық тойханалар, тағы басқалары 23.00-де жабылса. Дастарқан мәзірі тәртіптелсе. Бар-барша той-томалақтарды түгелдей ішкіліксіз өткізбекке көшсек.
Әрине, осынау хұсни хатымыздағы ой-пікірлеріміз бен ұсыныстарымызды талайлар құп көрмес. Зау-заңғар тойханалардың қожайындарынан бастап, жақ жаппас жасанды асабаларға дейін жақтыра қоймас. Амал қанша. Бәрібір, біздің қазақ көп жағдаяттарды жаңартып, жаңғыртпаса, тазартпаса, ұлт ретінде ұтыла бермек. Сана сапасын арттырып, ішкі-сыртқы мәдениетті биіктетудің күллі көрсеткіштері дерлік тойларымыздан аңғарылары аян-дүр.
Айналайындар, Алаш ардақтысы, жауһар жазушы, «Ақбілек» романын Шымкенттегі техникумда оқытушы боп жүріп жазған, ең алғашқылардың қатарында атылып кеткен Жүсіпбек Аймауытұлы бүй деген: «Адамның өз басының көркеюімен ұлты көркеймейді. Ұлты көркейсе ғана өзі көркейеді. Ұлт бақытты болса, ол бақыт сол ұлттың ішіндегі адамдарына да ортақ».
Көріп отырсыздар, ардақты ағайын, қадірменді халайық. Демек, тойды да әрбір қазекең ұлттың қамын ойлай отырып, ұлт бақытын көздей отырып жасауға парыздар. Қарыздар.
Өзімшілденіп, өркөкіректенбейік. Ұлтымыз ортақ. Өңмеңдеп, өжеңдемейік. Тойларымыз да ортақ. Қазақта той болмай тұрмайды. Тойларды түбегейлі өзгертпей, өзіміз де өзгермей, тағы да болмайды.
Ендігі тойлар елдікке сын!

Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне
қызмет» сыйлықтарының  лауреаты.