ДӘРІЛЕР ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫМНАН АЛЫНДЫ

Ағымдағы жылдың 5-шілдесінен бастап елімізде 65 мыңнан астам қорап дәрілік зат заңсыз сатылымнан алынған. Құзырлы органның заңсыз сатудың жолын кесу бойынша жүргізілген шаралары кезінде бұдан бөлек, тағы жарты миллион медициналық бетперде мен 36 мың медициналық бұйым тәркіленген.

 

Бұл туралы кеше еліміздің ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дәрі-дәрмекті заңсыз сатудың жолын кесу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған министр дәрілік заттарды заңсыз сатудың 348 фактісінің жолы кесілгенін жеткізді. Құрыққа түскен 284 адамның 138-сі медицина саласының қызметкері болып шыққан.

Заңсыз сатылған дәрі дәрмектердің көп бөлігі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Атырау қалаларында тәркіленген. Енді заңсыз саудадан шығарылған ол дәрілер аумақтық денсаулық сақтау органдарына берілмек.

Естеріңізге сала кетсек, өткен сенбіде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізген болатын. Сол кезде Президент коронавируспен күрес бойынша Үкімет пен әкімдердің жұмысына көңілі толмағанын ашып айтқан. Ол дерттің дендемеуін бақылау баяндамада болғанымен, іс жүзінде олай емес екенін тілге тиек етті. Дәріханалардағы заңсыз дәрі сату деректерінің көрсеткіштері көңіл жығарлық екенін айтқан Президент бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін, сондай-ақ, кінәлілер заңға сәйкес жазаланатынын атап өтті.

Елімізде Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында дәрі тапшылығы мен дәріханалар алдындағы ұзын-сонар кезектің әлі бар екенін ескерсек, бұл бағыттағы заңсыздық бойынша деректер әлі де өзгеруі әбден мүмкін.

Жалпы маусым айынан бастап еліміздің көптеген өңірлерінде коронавирус жұқтырғандар күрт көбейіп, өкпесі қабынған науқастар саны өрши түскен. Сол кезден бастап эпидахуал қолайсыз күйге түскен аймақтарда дәрі тапшылығы орын алып, дәріханаларда ұзын-сонар кезек пайда болған. Жұрт наразылығын тудырған бұл жағдайды реттеу туралы Президент пәрменінен соң құзырлы орган тапшы болып жүрген дәрілердің дені заңсыз айналымда болып жүргенін анықтаған.

Кешегі жағдай бойынша елімізде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 71838 адамға жеткен. Осы күнге дейін індетті 43401 адам жеңіп шыққан. Көз жұмғандар 585 адам.