ЖҮЗУДІ ЖЕТІК БІЛМЕУ ЖАПА ШЕКТІРЕДІ
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Түркістан облысы бойынша су айдындарында 12 адам қаза тапты. Өмірі өкінішті жағдаймен аяқталғандардың 9-ы жас өскін. Өкінішті жағдайлар Түркістан өңірінің Жетісай (2 жағдай), Ордабасы (1), Мақтаарал (1), Келес (1), Түлкібас (2), Сайрам (1), Шардара (2), Төлеби (1) аудандары мен Арыс (1) қаласында орын алған. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде су айдындарында қаза болғандардың саны 21 адам (оның ішінде 15-і бала) болған. Биыл бұл кері көрсеткіш 42 пайызға төмендеген. Дегенмен де төтеншеліктер әрбір адамның өмірі қымбат екенін, сондықтан да бұл мәселе өзекті болып тұрғанын алға тартып, тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырады.
Есепті кезеңде орын алған 12 қайғылы оқиғаның 7 жағдайы- суға шомылу кезінде өз күшін дұрыс бағаламау немесе жүзе білмеуден, 4-уі балалардың ата-аналардың қарауынсыз суға құлауынан, 1-уі мас күйінде суға малтудан болған. Мамандар абайсыздан суға құлау, жүзе білмеу, жеке құтқару құралдарын пайдаланбай шомылу және тыйым салынған жерлерде шомылуда жазым оқиғалардың орын алуын болдыратынын ескертеді. Өз кезегінде төтеншеліктер су айдындарында ажал құшпас үшін тек рұқсат етілген орындар мен жағажайларда шомылуды, суға шомылмас алдын судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алуды ескертеді. Сонымен қатар, суға түскенде бір-біріңізден алыстап, балаларды көзден таса қалдырмауды қаперден шығармауды сұранады. Бұдан бөлек тамақ ішкеннен кейін бірден суға гүмп беріп, сүңгу де қауіпті.
Осы бағытта төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері құрылымдық және аумақтық бөлімшелерімен кең ауқымда үгіт-насихат жұмыстарын және тұрақты профилактикалық шаралар жүргізіп келеді. Үгіт-насихат жұмыстарына 5000-ға жуық адам тартылған. Оның ішінде облыстық төтенше жағдай департаментінен 2793 адам, полиция департаментінен 280 адам, еріктілер 1224 адам. Жыл басынан бері 181 рейд жүргізілген. Тексеру жұмыстары кезінде 11 азаматқа су айдындарында спирттік ішімдік ішкені үшін 152 790 теңге көлемінде айыппұл салынған. Сонымен қатар облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының құрылымдық және аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп WhatsApp әлеуметтік желілері арқылы мектептердің 22501 «Ата-аналар» топтарында 450020 ата-анаға «Судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы хабарлама таратылған.
Бүгінде Түркістан облысы бойынша 3000-ға жуық канал, 44 су қоймасы, 123 өзен, 13 тоған және 33 көл бар. Ресми тіркелген суда демалу орындарының саны 118. Оның 3-уі жағажай болса, 115-і бассейндер мен аквапарк болып табылады.