АЙТАДЫ ДА ҚОЯДЫ…

Билік сөзінің салмағы түсіп, қадірі кетіп бара ма?

 

Бүгінде биік мінберлерде басшылардың айтқан әрбір уәделі сөзі орындала бермейтіні ешкімге жұмбақ болмай қалды. Халық басшылардың көп сөзі шындықтың ауылынан алыс болып жататынына еті үйренгендей ме дерсің… Бұл сөздердің Шымкент қаласы әкімі мен оның қарамағындағы қызметкерлерге тікелей қатысты болып отырғаны өкінішті.

Естеріңізде болса ағымдағы жылдың 25-мамырында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов COVID-19 инфекциясының тез таралуына жол бермеу мақсатында әкімшілік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндау үшін журналистермен онлайн конференция өткізген болатын. Сол кезде мегаполистің басшысы қалада құрылысы жүріп жатқан 200 орындық жұқпалы ауруларға арналған госпиталь 1-маусымда пайдалануға берілетінін нық сеніммен айтқан. Бұл құрылыс нысаны үшін 5,8 млрд теңге қаржы жұмсалатынын айта кетейік.

Бірақ әкім айтқан межелі мерзімде госпитальдың лентасы да қиылмады. Нысан пайдалануға да берілмеді. Бірақ мойындау қажет бұл үшін денсаулық сақтау саласының басы жарылып, көзі шығып жатқан жоқ. Десе де, жұмыс айтқан уақытта тындырылмаған соң, оның себебі мен салдарын қала тұрғындарына түсіндіре кету артық етпес еді. Әкім алдағы уақытта «Әйтенов айтады да қояды» деген сөздерден өзін арашалап алу қажет еді. Бірақ ләм демеді. Кім біледі, ол нәрсе оның ойында да болған шығар. Бірақ қарбалас жұмыстардан бас көтере алмай жүргенде, есінен тарс шығып кеткен де болар. Бірақ әрдайым жанында жүретін жауапты мамандары мен орынбасарларының ойына мұндай ой неге келмеген екен?

Бірақ әкім орынбасарларының өздеріне де айтқан сөздерінің, берген уәделерінің уақытын көрсетіп тұратын адам қажет сияқты. Мәселен, сәуір айында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Махсұт Исахов Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте 1-маусымнан бастап қоғамдық көліктер электронды төлем жүйесіне көшетінін сүйіншілей жеткізген болатын. Сол кезде біз бұл ақжолтай жаңалықтың аз уақыттың ішінде жүзеге аса қоятынына аздап күмәнданған едік. Себебі, Шымкент билігі оған дейін де (2015 жылы және 2019 жылы) қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесін енгізетінін хабарлағанын, кейіннен оның жәй ғана сөзбұйдаға айналып кеткенін дәлел ретінде келтіре кеткен едік.

Сөйтіп жүргенде 1-маусымда келіп жетті. Бірақ өзгерген дәнеңе жоқ. Есесіне 29-мамыр күнгі кезекті брифингте Мақсұт Исахов қоғамдық көліктерде электрондық төлем жүйесінің енгізілуі ағымдағы жылдың шілдесінен басталатынын айтты.

Бұл билік сөзінің салмағы түсіп, қадірі кетіп бара жатқанының көрінісі ме?

 

Қ. ҚАЛИЕВ.