ӘЙТЕНОВТІҢ ТӨҢІРЕГІНДЕ ҚАҢҚУ СӨЗДЕР КӨБЕЙІП БАРАДЫ
Соңғы кезде әлеуметтік желіде Шымкент қаласы әкімдігінің аппараты мен қызметкерлері жайында әртүрлі алып-қашпа әңгімелер көбейді. Жұртшылық «қала әкімінің штаттағы және штаттан тыс кеңесшілері бар» деген сөзді түсінбей дал. Оның түп-төркінін былайғы жұрт нақты білмейді. Шынында, Шымкент қаласы әкімінің заңды кеңесшісі бар ма? Бар болса, олар кімдер?
Мәселен, осы күндері әлеуметтік желіде «Отырар» телеарнасының директоры Әйгерім Жұмағұлова жайында саналуан пікірлер жазылып жүр. Сол пікірлер жазылған жолдарда әкімнің кеңесшілері мен қызметкер қыз-келіншектердің шетінен сұлу болатыны айтылып, небір дүдәмал әңгімелердің шеті шығып жатыр. Ал енді біреулер «бүгінде Шымкент қаласы әкімінің жұрт білмейтін кеңесшілері неге көбейіп кетті?» деген сұрақты төтесінен қояды. Жұрт жазбасында жүндей түтіп жүрген Ә. Жұмағұлова туралы аз-кем мәлімет бере кетсек. Ол бір кездері ОҚО әкімі болған Бейбіт Атамқұловтың, Шымкент қаласының әкімдері болған Ғабидолла Әбдірахымовтың, Н. Сауранбаевтың кездерінде әкімнің кеңесшісі-баспасөз хатшысы болған. Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласына екінші рет әкім болып келген кезде Зауытбек Тұрысбековтердің иелігіндегі «Отырар» телеарнасына директор болып тағайындалған.
Шымкентке Ерлан Айтаханов әкім болған кезде бұрынғы бірнеше басшылардың кезінде «тақтан түспеген» Әйгерім Жұмағұлова «сахнадан» бір мезгіл көрінбей қалған. Міне, енді қалаға М. Әйтенов әкім болып келіп еді, Ә. Жұмағұлова қайтадан көзге түсе бастады. Мысалы, әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушының бірі, белгілі журналист Әсет Әссанди өз постында Жұмағұлованы Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды деп жазады. Ізінше бұған З. Мирзаходжаева, Н. Карешина сияқты фейсбук желісін қолданушылар өз ойларын білдіреді. Ондағы пікірлерде Ә.Жұмагұлованың нашар маман екені туралы және жеке басының талантына байланысты бірқатар өзгеше пікірлер айтылады.
Бұлардан басқа бірталай азаматтар да Әйгерімнің расымен қала әкімінің заңды кеңесшісі ме әлде қала басшысын сырттай мақтап отыратын «штаттан тыс кеңесшісі ме деп, күмәнді ойларды алға тартады.
Шынтуайтына келгенде, «Ә. Жұмағұлованың қала әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды» деген нақты дерек әкімдіктің ресми сайтында жарияланған жоқ. Бұған байланысты да, әлеуметтік желіде талай-талай пікірлер көтерілді. Бірақ бізді қынжылтатын бір нәрсе Ә. Жұмағұлованың осы әрекеттеріне қатысты түрлі жазбаларға байланысты әкімдік тарапынан ешқандай пікір білдірілмегені. Түйіп айтсақ, әкімдік осыған қатысты сөздерді көріп, біле отырып, түрлі жағымсыз пікірлерден өзін арашалап алатын мәлімдеме жасамады. Жарияламады. Сөйтіп, көп көкейінде көлкіген сұрақты басы ашық күйінде қалдырып келеді.
Жұрт арасында дәл осы шынашақтай қыздың білімі басшылық қызметке сай еместігі туралы сөздер де айтылып жүр. Расында, аталмыш пікірлердің астарында ақиқат жатса, ол бүгінгі әкімдердің жеке басына, сөз жоқ, нұқсан келтіретіні шындық. Оған қоса, қызметтік абыройына да дақ түсіретіні даусыз.
Бәрімізге белгілі, дәл қазір елімізде коранавирус індетіне байланысты карантин жүріп жатыр. Карантин талабына сәйкес бас санитариялық дәрігердің қабылдаған қаулысы бойынша, адамдар жиі шоғырланған жерлерде және жиналыстарда бетперделік режимнің қатаң сақталуы қажеттігі айтылып жүр. Жуырда Шымкент қаласының әкімі өткізген кезекті бір жиында көпшілік талқысына көп түсіп жүрген сол қарындасымыздың осы бір қағидадан қиыс кеткені сын тезіне алынды. Бұл жайында әлеуметтік желілер мен мерзімді баспасөздерде сыни пікірлер аз жазылған жоқ. Алайда, бұған әкімдіктің лауазымды қызметкерлері тарапынан да, Жұмағұлованың өзінен де қандай да бір түсініктеме берілген жоқ.
Негізінде, біздің бұл тақырыпты жазуымыздың мақсаты – «Ә. Жұмағұлова ақиқатында, қала әкімінің заңды кеңесшісі ме әлде әкімнің ісіне сырттай баға беріп отыратын штаттан тыс кеңесшісі ме?» деген сұраққа жауап алу. Біз Шымкент қаласы әкімдігінен осы сұраққа қатысты нақты жауап күтетін боламыз. Әйтпеген күнде қала әкімінің төңірегіндегі қаңқу сөздерге тоқтау болмайтын сияқты. Себебі бүгінгі жұртшылық кез келген нәрсенің ақиқатын білгісі және сол ақиқат төңірегінде сөйлегісі келеді!
«Уақыт».
(Сурет Әйгерім Жұмағұлованың Фейсбук әлеуметтік
желісінен алынды).