ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУДЫҢ КӨМЕГІ КӨП
Үстіміздегі жылдың наурызында COVID-19 вирусының көз ілеспес жылдамдықпен таралуы әлем елдеріндегі ахуалды алаңға түсірді. Осыған орай біздің елдегі билік осы оқу жылындағы төртінші тоқсанды қашықтан өткізу туралы шешім шығарған болатын.
Сол кезде күрделі кезеңде таңдалған бұл қауіпсіз жол туралы еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов «Уақытша қашықтан оқыту кезінде мектеп оқушылары қажетті техникамен қамтамасыз етіледі. Қашықтан оқыту жүйесі бойынша қиындықтың туындауы мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Бір отбасында бірнеше оқушы оқыса, бір компьютер мен бір смартфонды пайдаланудың ыңғайсыздығы немесе қажетті техниканың мүлдем болмауы мүмкін. Кейбіреулерде интернет байланысы да жоқ. Президент қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Бұл мәселе қазір ерекше бақылауда. Әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелерін қарастырудамыз. Кейбір өңірлер бұл жұмысқа кірісіп кетті»,- деп мәлімдеген. Бүгінде төтенше тоқсан түйінделіп, оқу жылы аяқталып, қашықтан оқыту туралы шешімнің оң нәтиже бергенін көріп отырмыз. Әрине, олқылықтар, кемшін тұстар кездесті. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында жасаған мәлімдемесінде де атап өтті. Осыған орай қашықтан оқыту бойынша өз шешімін күтіп отырған мәселелер реттелетіні белгілі.
Қашыктан оқытуды ұйымдастырудың әртүрлі технологиялары бар. Қашықтан білім беру мүмкіндігін ұсынатын оқу орындарының барлығы бір-бірінен белгілі қасиеттері бойынша ерекшеленеді. Олардың ерекшеліктері білім беру мазмұны мен деңгейі, білім алушылардың саны мен құрамы, техникалық және қаржылай мүмкіндігі бойынша айқындалады. Қашықтан білім беру жүйесі дамыған елдерде мемлекет деңгейінде қаржыландыру арқылы жүргізіледі. Қазіргі таңда дүниежүзіндегі дамушы елдердің барлық білім беру саласы қашықтан білім беру технологиясымен жұмыс жасауда. Мысалы, алпауыт елдердің бірі АҚШ-та 1995 жылдан бастап жоғары оқу орындарының 58% қашықтықтан оқыту технологиясына тәжірибе жасады. Сөйтіп оның тиімді екеніне көз жеткізді. Қазіргі таңда аталған елдегі мыңдаған оқу орындары осы технология бойынша жұмыс жасауда.
Өз ойымды қорытындылай келе қашықтан оқыту жүйесінің рөлі білім саласы үшін маңызды екенін баса айтқым келеді. Себебі, бұл жүйе арқылы мұғалімдеріміз бен окушыларымыз әлемдік ақпараттармен байланысуға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шыңдауга зор мүмкіндік алады. Жаңа форматтағы қашықтан оқыту жүйесі тек ұстаздар қауымы үшін ғана емес, ата-аналар мен оқушыларға да пайдалы. Еліміздің алдағы уақытта өркениетті мемлекеттер қатарынан көрінуі, білімді әрі білгір ұрпақты тәрбиелеу заман талабына сай білім алудан, жаңашылдықтан бастау алатынын айтқым келеді.
Б. Михеев,
«Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы, Қаратау аудандық филиалына қарасты «Қайнарбұлақ» БПҰ-ның төрағасы,
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №83 жалпы орта мектебінің директоры.