Біздің қымбатты кітапханашымыз

Иә, ол біздің қымбатты кітапханашымыз. Нағыз маман, нағыз адам. Нағыз еңбек адамы. Нағыз еңбек адамы қай қоғамда да, қай заманда да болған, бола береді де. Сондай ғажайып жандарды тап басып тауып, құрметке бөлеп, елге таныту-парызымыз. Өмірлік ұстанымын қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, өзі мұрат еткен ісін абыроймен атқара білген еңбек адамы ретінде біздің кейіпкеріміз де қандай да болса құрметке лайық жан. Сәуле Махамбайқызы Бораншиева. Сонау 80 жылдардың басында Алматыдағы жоғары оқу орнын бітіріп, елге оралған өрімдей жас қыз еңбек жолын аудандық кітапханада бастапты.

Содан бері 40 жылға жуық осы саланың ыстығына күйіп, суығына тонған Сәуленің еңбек жолы көз алдымызда сайрап жатыр. 1981 жылдан Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің аудандық орталық кітапханасында кітапханашы, редактор, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі, библиограф қызметтерін атқарып келді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін, жаңашыл да талапшыл маман 2009 жылы Алматы қаласындағы Мәдени саясат және өнертану институты жанындағы мамандар кәсібін жетілдіру курсында «ақпараттық технологтар және библиографтар» бағытында білімін жетілдірді. 2013 жылдан ақпараттық – библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы болып жұмыс істейді. 2018 жылы Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасы жанындағы «Каталогизатор мектебінен» Web – РАБИС бағдарламасы модульдары бойынша білім жетілдіру курсынан өтті. Кітапхананың әр саласында жемісті еңбек еткен Сәуле нағыз мұратын библиографиялық қызметтен тапқан жан. «Библиографтар еңбегін қадірлеймін» деп Н.Добролюбов айтқандай, библиография –инемен құдық қазғандай орасан күш – жігерді, ең алдымен терең білімді талап ететін сала. Сәуленің бойынан осы қасиеттің бәрі табылды десек, жоғы жылдар өте табанды ізденіспен қалыптасты. Өлке кітапханаларындағы библиография саласын дамыту бағытындағы тынымсыз ізденісі ой-өрісінің өзіндік өрнегімен өріліп телегей теңіз жемісін де беріп жатты. 2009 жылы облыс кітапханаларының жылдық атқарған жұмыстарын талдауда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының кітапханаларды дамыту орталығы тарапынан «Президент оқыған кітаптар» атты библиографиялық құралы мазмұндылығы мен ұтымдылығы жағынан айрықша пікірге ие болғаны баршамыздың мерейіміз. 2009 жылы Созақ аудандық орталық кітапханасы базасында өтетін облыстық аймақтық зерделі кеңесті кәсіби деңгейде ұйымдастыру шараларына жарияланған кітапханалық жобалар байқауында жаңашыл идеяларымен ерекшеленіп ОҚЖ директорының «Ең үздік жоба» арнайы жүлдесін иеленіп, аталған аймақтық жиынның өз дәрежесінде өтуіне айтулы үлес қосса, 2010 жылы А.С.Пушкин атындағы ғылыми – әмбебап кітапханасы ұйымдастырған семинарда «Библиографиялық қызмет: дәстүрден жаңашылдыққа» тақырыбында озық

іс–тәжірибесі облыс кітапханаларына таратылғанын да атап өткеніміз жөн. «Әріптес. Әдіскер. Тәлімгер» аудандық кітапханашылар байқауының бас жүлдесі де мерей қоса түсті. Өлкетану деректер қорын молайту бағытында ауыл кітапханалары арасында «Ауыл энциклопедиясы – аймақ жады», «Үздік ақпараттық – библиографиялы қаймақ» ұзақ мерзімді жобаларын тиімді үйлестіруде. Кітапханалық өлкетану бағыттары бойынша «Өзіңсің менің саз әнім…», «Әдеби Созақ: есімдер», «Тағдырымды жырларыма сыйғыздым», «Созақ ауданындағы тарихи – мәдени ескерткіштер» атты библиографиялық көрсеткіштер, өлке танулық анықтамалықтар құрастырып ауыл кітапханаларына таратты. «Бұл жыл аудан тарихында» атты өлкетанулық жылнамасы да бірнеше жылдар бойына оқырман сұранысына ие болуда. 2020 жылдың басынан С.Бақбергеновтың 100 жылдығына «Өз дәуірінің суреткері», Е.Өмірбековтың 100 жылдығына «Тербеткен дүйім жұртты дүлдүл сөзбен», Әл–Фарабидің 1150 жылдығына «Әлемдік ойдың алыбы», Ұлы Абайдың 175 жылдығына «Жазды мүлгі жастарға бермек үшін», ақын Г.Өмірбектің мерейтойына «Жүрегімде ең бақытты сәттерім», «Бір ел – бір кітап» акцияларына дайындаған арнайы көрсеткіштері оқырман назарына ұсынылды. Білікті библиограф ретінде пайдаланушылардың ақпараттық сұраныстарының нақты, мазмұнды, жедел қанағаттандыруына баса назар аударып отырады. 2019 жыл оқушылардың Кіші ғылыми Академиясы ұйымдастырған байқауға қатысушы жас өлкетанушының ғылыми жұмыс тақырыбына «Депортация: Созақ өңіріне қоныстанған поляктар тағдыры» атты зерттелмеген тың тақырып ұсынып, әдебиеттер таңдауға көмек көрсетті. Талапкердің бұл жұмысы аудандық байқауда үздік деп танылып облыстық байқауға жолдама алды. Әлеуметтік желіде, жергілікті баспасөз бетінде оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапты ілгерілету, библиографиялық білімдерді насихаттау бағытында жиі жарияланып тұрады. Сәуле Махамбайқызы елімізде орын алған төтенше жағдайда қашықтықтан оқыту бағытында «Библиограф–онлайн» жобасы аясында «Күнтізбеде әлем бар» (атаулы күндер жайлы ақпарат-әлеуметтік желіде), «Жадымызда, жүрегімізде, кітапта…» (ҰОС, Жеңіс тақырыбындағы өлең шумақтары, әндер тарихы жайлы ақпарат) немесе «Соғыс жайын әннен сұра..», «Көше атында тарих бар» (Абай көшесі туралы), «Бізге ұнаған бір шумақ» (поэзия беттері»), «Кітап келбеті» (әдеби кітаптар жарнамасы) шараларын жүйелі түрде жүргізуде. Аталған шаралар тақырыптарының тереңділігі, ұсынылған әдебиеттердің мазмұндылығымен, көз тартар көрнекілігімен ойлы оқырманын табуда. Ерен еңбектің жемісі де мол. Соның бір ерекше айғағы — ҚР Президентін сайлауалды қолдау штабтарындағы адал қызметі үшін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталуы еді десек, ерен еңбек табысы жылдар өте еселене түсті. Аудан әкімінің бірнеше мәрте Алғыс хаттары, А.С.Пушкин атындағы облыстық–әмбебап ғылыми кітапханасы директорының Алғыс хаты, ҚР Президентінің Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі, Оңтүстік Қазақстан облысы «Құрмет» қоғамдық қорының «Мінсіз қызмет» медалі, ОҚО әкімінің Алғыс хаты, ОҚО мәдениет қызметкерлері кәсіподағының Алғыс хаты. «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының Алғыс хаты… Осынау марапаттар легін 2019 жылы «Кітапхана ісінің үздігі» төс белгісі жарасымды жалғастырды. Иә, Сәуле библиограф бойынан кітаптың иісі бұрқырап, жаңашыл ой, озық істерімен топ жарып, әріптесін тамсандырып, оқырманның жылы лебізін тудырып, ықыластарына ие болған өз саласының нағыз маманы, ұжымда беделі берік әріптес, жас мамандардың жанашыр тәлімгері. Жақсы адамға, іскер маманға жақсы тілек жарасады. Біз кітап әлемінің адал шырақшысындай Сәуле әріптесімізге берекелі ғұмыр тілеуді жөн көрдік.

 

Гүлнәр Өмірбек.