МАҚТААРАЛ ӨҢІРЛЕРГЕ  ӨЗ ӨНІМІН ЖОЛДАДЫ

Тасқын судың зардабын көрген Мақтааралға еліміздің барлық өңірлерінен 600 тоннадан астам гуманитарлық көмек келіп жетті. Атакенттегі орталық қоймада қабылданған гуманитарлық көмектің басым бөлігін азық-түлік, гигиеналық, медициналық, тұрмыстық-техникалық, құрылыс заттары және киім-кешектер құрайды.

Ол гуманитарлық көмектердің барлығы өңірлерден жүк көліктері арқылы келіп жетті. Өз кезегінде аудан басшысы Бақыт Асановтың бастамасымен гумаминтарлық көмекті жеткізген жүк көліктеріне қырыққабатты тегін тиеп жіберу жолға қойылды. Аудандағы жеке кәсіпкер Қанат Маратұлының қолдауымен дәл осы әдіспен бүгінге дейін 600 тонна қырыққабат гуманитарлық көмекті тиеп алып келген өңірлердің жүк көліктеріне тегін таратылған.

«Қуыс үйден құр шықпа» деген тәмсілды ұстанған аудан басшысы мақтааралдықтарға қиын-қыстау кезінде қол ұшын созған азаматтарға алғыспенен жауап қату азаматтық парыз деп біледі.

Қазіргі таңда орталық қоймаға қабылданған азық түліктердің 200-тоннадан астамы тасқын судан зардап шеккен отбасыларға таратылып берілді.