СЕЛ ӘКЕЛГЕН СЕРГЕЛДЕҢ…

Мамырдың алғашқы күнінен бастап Мақтаарал тұрғындарынан маза кетті. 1-мамырда таңғы сағат 06:00-дер шамасында көрші Өзбекстан Республикасындағы «Сардоба» су қоймасы бөгетінің бұзылуы туралы ақпарат аудан тұрғындарының дегбірін қашырды. Себебі, жарылған бөгеттен тасыған су ауыздықтылмаса ол әп-сәтте шекараға жақын ауылдарға лап беріп, адамдарды әбігерге салатыны анық еді. Халықтың толқығанын байқап, білген жергілікті билік «Сардобадан» аққан су сел тудырмайды деп сендіріп, халықты сабырға шақырып бақты. Бірақ…

 

2-мамырға қараған түні секундына 180 текше метр салмақпен аққан «Сардоба» суына лық толған аудандағы «ЦГК» каналы арнасынан асқан. Жағаға қарай жылжыған су алдымен Жеңіс пен Жаңатұрмыс елді мекендеріне қарай жақындай түскен. Келісі күндері қызыл су Өргебас, Фирдауси, Достық ауылдарына қарай жылжыған. Төтенше жағдайға байланысты ауданда шұғыл түрде дабыл қағылған. Шырт ұйқыда жатқан жұрт оянып, үй жайын тастап, қаша жөнелген. Осылайша ауданда жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, жедел штаб құрылған.

Көп ұзамай Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдауси, Өргебас елдімекендері су астында қалған. Қауіпті аймақ саналған бұл елдімекендердің қатарына көп ұзамай Достық елді мекені де қосылады. Абырой болғанда аталған ауылдағы 6 мыңнан астам тұрғын бір күнде қауіпсіз жерге көшіріледі. Бірақ ондағы жүздеген үйлер су астында қалады. Жалпы 2-4 мамыр аралығында Мақтарал ауданында су астында қалған және су басу қаупі бар елді мекендердегі 31-мыңнан астам адам уақытша қауіпсіз жерге орналастырылады. Кейіннен бірқатар ауылдар су басу қаупінен шығарылған соң, ондағы тұрғындар үйлеріне кері қайтарылады. Қазіргі таңда Мақтаарал және Жетісай аудандарында 10 эвакуациялық бекет жұмыс істеп тұр. Мұнда 3700-ден астам адам орналасқан. Бұдан бөлек Тасқын судың салдарынан үйіне кіре алмай қалған біраз жұрт жақын-жуығының үйін паналап отырғаны жайы бар.

«Сардобадан» келген қызыл су кесірінен Мақтааралдағы 845 тұрғын үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина нысаны, 1 мәдениет үйі, 10 дүкен су астында қалған. Сондай-ақ, Жеңіс ауылындағы көпір және республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 54,7 шақырым автомобиль жолын да су шайған. Барлығы 8 мың гектарға жуық егістік алқап бүлінген. Жалпы ауданда 11 елді мекеннің егістігі зақымданған. Кеше облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов егін шаруашылығымен күн көріп отырған кәсіпкерлердің жалпы шығыны 3 млрд. теңгеге жуықтайтынын хабарлады. Сонымен қатар ол өткен аптада мал шығыны 32 млн. теңге болып есептелгенін айтқан. Өтемақы төлеу мәселесі үкіметтік комиссияға ұсынылатын болады.

Мемлекет апаттан бүлінген нысандар мен одан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмектер мен өтемақының барлығы жасалатынын хабардар еткен. Осыған орай атқарылып жатқан жұмыстар топтамасы туралы толық ақпаратты назарларыңызға ұсынамыз.

 

Тасқын су техниканың жетіспейтінін көрсетті

Жалпы «Сардоба» су қоймасының бөгеті бұзылған кезде Мақтааралға қарай аққан су көлемі 300 млн. текше метрді құраған. Аталған су қоймасының сыйымдылығы 922 млн. текше метрге лайықталғанын ескерсек, ауданға алапат қарқынмен келген қызыл судың қаупі жоғары болғанын бағамдау қиын емес.

Апат болған алғашқы күні облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданға бет алып, болған жағдайды бақылады. Сол күні облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы штаб құрылды. Штабтың алғашқы отырысын өткізіп, ол жерде тиісті сала басшыларына нақты тапсырма берді. Эвакуациялық орталыққа жеткізілген тұрғындарға тиісті жағдайлар мен медициналық көмектер көрсетілді. Коронавирусқа байланысты сақтық шаралары да қаперден шықпады. Су басқан ауылдардың кіре берісіне блок-бекеттер қойылып, жосып кеткен жұрттың дүние-мүлкілерін тәртіп сақшыларының күзетуі ұйымдастырылды. Алғашқы күндері авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 дана техника жұмылдырылды.

Кейіннен апаттық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарға жұмылған адамдардың саны 1300-ден асты. Осы мақсаттағы жұмыстарға 220 бірлік техника тартылды. Оның ішінде Өзбекстаннан 200-ден астам маман мен 100-ге жуық өрт сөндіру машиналары, экскаваторлар, тракторлар, су сорғыштар және басқа да техникалық құралдар жұмылдырылғанын айта кетейік.

Сонымен қатар, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан арнайы техникалар тартылды.

Бұдан бөлек, апаттық-құтқару жұмыстарына Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының әскери бөлімі мен құтқару батальонының қызметкерлері қатысып, техникалары қолданылуда. Осылайша орын алған тасқын су ауданда тиісті техниканың жетіспеушілігін көрсетті.

Шығын көлемі шын есептеле ме?

3-мамырда төтенше жағдай жөніндегі облыстық штабтың кезекті отырысында аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы апаттың зардабын тартып отырған адамдарға ауқымды көмек көрсетілетінін айтты. Ол ең алдымен эвакуациялық пункттерге орналасқан халыққа әлеуметтік көмек көрсету және өтемақы төлеу үшін олардың мал саны, жылжымайтын мүлік, жеке бас құжаттарының мәліметтерін жинақтауды тапсырды. Тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарға келтірілген залал көлемін шоттың тасына салуды міндеттеді. Сонымен қатар егістік алқаптарын баптау үшін диқандар жұмсаған қаражат пен үй жануарларына келтірілген зиян көлемін есептеуді жүктеді. Бұл жаңалықтың барлығы айтып келмеген апат салдарынан алдағы күндеріне алаңдап отырған тұрғындар көңілін орнына түсірді.

Дей тұрғанмен тұрғындарды «шығын көлемі шын есептеле ме?» деген сұрақ біразға дейін толғандыратыны жасырын емес.

 

Сақтанғанды, сақтайды

Аталған штаб отырысы кезінде аймақ әкімі су басу қаупі бар елді мекендерді тасқын судан қорғау мақсатында бөгет жасау жұмыстарына кірісуді тапсырды. Соған сәйкес, жергілікті тұрғындардың қатысуымен аудандағы бірқатар елді мекендерде бөгеттер қойылды.

Атап айтқанда Нұрлы жол, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекенінде бөгет соғылды. Сонымен қатар, көрші Жетісай ауданындағы Қоғалы ауылының автомобиль жолының бойында ұзындығы 500 метрден асатын бөгет орнатылып, қауіпсіздікті нығайту жұмыстары жүргізілді.

 

Көмек керуені көңіл тоғайтады

Былтыр әскери қоймада орын алған жарылыстан жапа шеккен Арыс тұрғындарына республиканың барлық өңірі көмек қолын созған болатын. Мақтааралда болған тасқын судан кейін де қазақстандықтар «Қайғыны ел көтереді» деген тәмсілді бетке ұстаған халық екенін көрсетіп, гуманитарлық көмектер жолдауды бастап кетті.

Ауданға ең алғашқы гуманитарлық көмекті 4-мамырда Жамбыл облысы жолдады. Әулиеата өңірі әкімдігінің ұйымдастыруымен Мақтааралға 30 тоннадан аса азық-түлік тиелген керуен келді. Онда 10 тонна ұн, 10 тонна күріш, 5 тонна қант, 1 тонна қарақұмық, 2 тонна сұйық май, 2 тонна макарон өнімдері мен 5 тонна гигиеналық заттар бар. Жалпы құны 10 миллион теңгені құрайтын гуманитарлық көмек демеушілер есебінен жүзеге асқан.

Көп ұзамай Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген ауданға 20 тонна азық-түлік жеткізді.

Қызыл судың кесірін көрген ауданға Түркістан облыстық мәслихатының және барлық аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары 30 тонна азық-түлік жөнелтті. Олардың барлығы Атакент кентінде орналасқан арнайы қоймаға орналастырылды.

Сонымен қатар, «Халық банкінің» «Халық» қоры 50 тонна, «Nur-Otan» партиясы 40 тонна азық-түлік жеткізді. Бұдан бөлек, Бәйдібек, Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара, Келес, Отырар, Сайрам аудандары мен Арыс, Түркістан қалаларын азық-түлік жеткізілді. Әр аумақтан жолданған көмек керуенінде азық-түлік 5-10 тонна аралығындағы көлемде болды.

Күнгейдің жүрегі саналатын Мақтааралдағы күрделі жағдайды еңсеру үшін өзге де облыстардан гуманитарлық көмектер келді.

Кешегі жағдай бойынша Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы азық-түлік қоймасына 600 тоннадан астам азық-түлік жиналған.

Олардың ішінде ұн, ет, дәнді-дақыл, көкөніс, консервілік өнімдер, сұйық май, арнайы дайындалған азық-түлік себеттері, киім-кешектер мен гигиеналық заттар бар. Соның бүгінде 150 тоннаға жуығы Мақтаарал ауданындағы 11 эвакуациялық орталыққа жайғастырылған тұрғындарға үлестіріліп берілген. Сондай-ақ, туған- туыстарының үйін уақытша паналап жүрген азаматтарға Атакенттегі №9 және №7 жалпы орта мектептерінен ашылған қоймалардан азық-түліктер жүйеленген тәртіппен таратылуда.

Азық-түліктің ысырапсыз таралуы мен себепсіз үлестіруін болдырмау үшін облыстық орталықтандырылған қоймаға бейнебақылау қондырғылары орнатылған.

 

Балалар бақылауда

Селден болған апатқа қарамастан оқушылардың барлығы білім алуы тиіс. Осыған байланысты уақытша паналау орталығындағы оқушылардың қашықтықтан білім алуларына тиісті жағдайлар жасалған. Олардың «Балапан», «Еларна» телеарналары арқылы оқуларын жалғастыру мақсатында эвакуациялық пункттерге телевизорлар орнатылған. Оқушылар қажетті кеңсе заттары, оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Балалар бос уақыттарында танымдық, спорттық ойындар ойнап, кітап оқумен айналысуда.

 

Құжат рәсімдеуде қиындық

тумайды

6-мамыр күні Мақтаарал ауданындағы тасқын судың зардабынан эвакуацияланған тұрғындарға құжаттарын қалпына келтіріп, көмек көрсету үшін арнайы жасақталған 5 мобильді халыққа қызмет көрсету тобы апат аймағына жіберілді.

Мемлекеттік корпорацияның барлық қажетті құралдармен жабдықталған мобильді халыққа қызмет көрсету тобы аудан бойынша орналасқан эвакуациялау пункттерін кезекпен аралайды. Мамандар қызыл судың зардабын көріп отырған жергілікті тұрғындарға мемлекеттік қызметтер бойынша құқықтық кеңес беріп, құжаттарын қалпына келтіру үшін өтініш қабылдайды. Бұл ретте тұрғындарды құжаттандыру бойынша миграциялық қызмет басқармасымен және басқа да атқарушы органдармен жедел түрде ықпалдасу ұйымдастырылған. Мобильді топ бірінші жұмыс күні 150-ден аса адамға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес беріп үлгерген. Бүгінде эвакуациялау пункттерінде мамандар мақтааралдықтардың жоғалған құжаттарын қайта рәсімдеуге тиісті өтініштер қабылдауда.

Елу жылда – ел жаңа

Мақтааралда орын алған апаттан соң, су астында қалған үйлердің ендігі халі қандай болады? Егіннен нәпақа табамыз деп отырған диқанның еселі еңбегі қалай өтеледі?

Ағымдағы жылдың 6-мамырында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданға келген Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярмен бірге тұрғындармен кездесті. Онда су басқан ауылдардың әрбір тұрғынына 100 мың теңге өтемақы төленетіні айтылды. Аймақ басшысы су астында қалған Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары Мырзакент елді мекенінің шетінен бой көтеретін жаңа ықшам ауданға көшірілетінін жеткізді. Бұл мақсатта 50 гектар жер белгіленіп, 500 үй салу жұмыстары қолға алынатынын айтты. Жуырда Қазақстан мен Өзбекстан Премьер-Министрлері Асқар Мамин мен Абдулла Арипов Түркістан облысының Мырзакент ауылында бой көтеретін жаңа тұрғын үйлердің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Премьер-Министр Асқар Мамин мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындары жаңа немесе жөнделген баспанамен толық қамтамасыз етілетінін атап өтті.

Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылады. Оларға жалақы төленеді. Ал су астында қалған тағы Фирдоуси және Өргебас ауылдарының азаматтары үшін билік тарапынан бірнеше ұсыныс беріліп отыр. Атап айтқанда, өзге елді мекеннен жаңа мөлтек аудан соғып, халықты сол жерге көшіру, суға кеткен ауылдағы үйлерін қалпына келтіру, азаматтар бүлінген тұрғын үйлерін өзі салуға ниет білдірсе, оған өтемақы төлеу. Сонымен қатар Үкімет ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің шығынын төлеп бермек. Ал шаруалардың алған несиесін төлеу уақыты кейінге шегеріліп отыр.

 

Көмектің үлкен-кішісі жоқ

Сарқын судан зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созу мақсатында 3-мамырда «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры құрылды. Аталған қорға алғашқылардың бірі болып Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген 200 млн. теңге қаржы аударды.

Ағымдағы жылдың 8-мамырында Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті брифингте облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов «қорға отандық кәсіпкерлер мен азаматтардан 160 млн. теңгеге жуық қаржы түсті. Жиналған қаржы Мақтаарал ауданындағы тұрғын үй салу, егін мен мал шығындарын өтеу бағытындағы жұмыстарға бағытталады»,-деді.

Сонымен қатар апаттан кейінгі Мақтааралды қалпына келтіруге Болат Өтемұратов Қоры 6 млн АҚШ долларын (2,5 млрд. теңге) бөліп отыр. Түркістан облысы әкімдігі бұл қаржыға 150 тұрғын үй салынатынын хабарлады. Осы аптада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Мақтааралға келді. Апаттың ауыр жүгін тартып отырған тұрғындармен тілдескен ол партия атынан Мақтааралда 20 үй соғылатынын айтты. Бұл үшін Тұңғыш Президент қоры мен «Нұр Отан» партиясы құрған «Біргеміз» қорынан 340 млн. теңге бағытталып отыр.

Қайткен күнде де көмектің үлкен-кішісі жоқ.

 

Татулықты сақтағанның ұпайы кемімейді…

Мақтааралдағы бірқатар ауылдардың су астында қалуы күтпеген жағдай болды. Апаттың себебі анық. Өзбекстан Республикасындағы «Сардоба»су қоймасы бөгетінің бұзылуы. Бірақ апат себебі хабарланғанмен оның орын алуына кімнің кінәлі екені туралы кесімді сөз әлі айтылған жоқ. Бірқатар сарапшылар «2010 жылы құрылысы басталып, 2017 жылы пайдалануға берілген «Сардоба» сапасыз салынған» дегенді алға тартады. Бұл туралы кезінде мамандар бірнеше рет дабыл қаққаны туралы ақпараттар да жоқ емес. Бірақ, су қоймасы бөгетінің жарылуы сол ескертуден нақты нәтиже шықпағанын анық көрсетіп тұрған сыңайлы. Осы жағдайларды қаперге алған көп жұрт Мақтааралдағы бүтіндей бес ауылдың су астында қалуына табиғи жағдай емес, адами фактор әсер етуі мүмкін деген болжамға табан тірейді. Сонымен қатар орын алған апат Өзбекстанда болған жағдайдың әсерінен туындаған соң, барлық шығындарды көрші ел көтеруі керек деп есептейтіндер де жоқ емес. Бұған билік те келісетін сыңайлы. Оған себеп апат орын алғашқы күні Қазақстан Өзбекстанға нота жолдайтыны айтылған. Кейіннен еліміздің Сыртқы істер министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды. Ведомства өкілі А. Смадияров мұндай шешім су басу салдарын бірлесіп жою бойынша үкімет пен шекаралас өңір басшыларының тығыз өзара іс-қимылын назарға ала отырып, өзбек тарапына ҚР Сыртқы істер министрлігінің нотасын жолдау мәселесі қарастырылмайтынын алға тартқан.

Осыған орай Өзбекстан Республикасының президенті Ш. Мирзиёевтің тапсырмасымен көрші елден Мақтаарал ауданына 100-ге жуық арнайы техника мен 200-ден астам маман келген.

Көрші елден келген жасақ жайылған суды сору, арналарды бұру, бөгет салу жұмыстарын жүргізуде. Олардың су астында қалып, зақымданған тұрғын үйлердің құрылысына да атсалысатыны да айтылуда. Көмекші топ алдағы уақытта Өзбекстан елінен тағы да жұмыс күші мен құрылыс материалдары келетінін жеткізді.

Бүгінге дейін Өзбекстаннан келетін көмектің көп бөлігін сол елден шыққан ресейлік кәсіпкер Әлішер Усманов көтеріп отыр. Меценат Әлішер Усманов су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының эвакуацияланған 30 420 тұрғыны үшін «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қорына 5 млн 2020 мың АҚШ долларын аударды. Бұл қаражат эвакуацияланған 5202 отбасының жеке шотына түседі.

Көлдей көмек көрсетіп отырған Әлішер Усманов 1953 жылы 9-қыркүйекте Өзбекстанда дүниеге келген. 1990-жылдары Ресей азаматтығын алған. 2020 жылдың 7-сәуіріндегі дерек бойынша, оның байлығы 13,4 млрд долларға бағаланып отыр.

Бұдан, «ағайын-ырысың, көршің -тынысың» екенін, сондықтан да көршіңе кінә тартпай, әліптің артын бағып, татулықты сақтағаннан ұпайымыз кеміп қалмайтынын түсіну қиын емес сияқты.

 

РЕДАКЦИЯДАН:

«Сардоба» бөгетінің жарылуы көрші елге де қатты соққы болды. Онда 10 елді мекен су астына қалып, 70 мың тұрғын көшірілген. Айтпақшы, күні кеше Мақтааралда судан тазартылған ауылдарда мыңға жуық мал өлекселерінің шығарылып, олардың арнайы пеште өртелгені хабарланды. Мал өлекселерінің көпшілігі Өзбекстанға тиесілі. Қазіргі таңда су басқан ауылдарда жағымсыз иіс белең алған. Соған байланысты залалсыздандыру жұмыстары да жүріп жатыр. Ветеринарлар көрші елден сумен бірге келген мал өлекселеріне кезінде қауіпті аурулар бойынша екпе салынған немесе салынбағанынан хабарсыз. Мұның барлығы былайғы жұрт үшін айтуға оңай жәйт болғанмен, ондағы үйі бүлініп, егісі суға көміліп отырған ағайын үшін ауыр тиіп отырған ахуал. Соған қарамастан олар яғни, мақтааралдықтар барынша сабыр сақтап, бастарына түскен қиындыққа мойымай, келер күннен игілік күтіп, артық уайымға салынбай отыр. Ендеше «сабыр түбі – сары алтын» деген сөз салтанат құрсын деп тілейік.

 

Салтанат ИБРАГИМОВА.