МАҚТААРАЛ: ТАСҚЫН СУДЫҢ ЗАРДАБЫН ТАРТЫП ОТЫРҒАН ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАНДАЙ КӨМЕК ҚАЖЕТ?

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы су астында  қалған бес ауыл тұрғындары  10 эвакуациялық бекетке жайғастырылғаны белгілі. Қазіргі таңда Мақтаарал мен Жетісай аудандарындағы уақытша паналау орталықтарында 3700-ден астам адам орналасқан.

 Апаттан зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету мақсатында республиканың көптеген өңірлерінен гуманитарлық көмектер жетуде. Қайырымдылық керуенінің ішінде әлеуметтік маңыздағы азық-түліктер мен гигиеналық заттар, киімдер, төсек жиынтықтары және т.б тұрмысқа аса қажетті тауарлар бар. Олардың барлығы Атакенттегі орталық қоймада қабылдануда.

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Төлебаев аталған қоймаға жауапты болып бекітілген. Қолдағы есептерге сүйенсек, қоймада қазіргі таңда 600 тоннадан астам азық-түлік бар. 150-тоннаға жуық ас-ауқат эвакуациялық пункттегі тұрғындарға үлестірілген. Осы жерде қоймадағы өнімдер уақытша паналау орталығына жайғасқан тұрғындармен қатар, үйлері су астында қалғандықтан туыстарының үйін паналап жатқан азаматтарға да берілетінін айта кетейік. Бұл үшін қосымша қоймалар ашылған.

Кенжехан Төлебаев қоймаға жиналған гуманитарлық көмектер екі-үші айға жетуі тиіс екенін айтуда. Осыны алға тарта отырып ол, ендігі кезекте асханаға қажетті ыдыс-аяқ, үй жиһаздары, теледидар мен тоңазытқыштар, газ плитасы  секілді тұрмыстық заттарға қажеттілік туындауы мүмкін екенін айта келе, қайырымдылық жасаушы азаматтар мен компаниялар осы жағын ескерсе деген ұсыныс білдіруде.  Ол тұрмыстық заттар көп ұзамай жаңа үйге көшетін тұрғындар үшін аса қажет болары анық деп есептейді.  Жергілікті билік өкілдері де тұрмыстық техникалар көмек ретінде жеткізілсе, кейіннен ол әрбір үйге бөлініп берілетінін мәлімдейді.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары орнықты ой айтып отыр. Бұған қайырымдылық жасайтын көптеген азаматтар келісіп, айтқан ұсынысқа құлақ түретініне күмәніміз де жоқ. Тек бір секем алатын жәйт – саудагерлердің сұраныстың көбейгенін байқап, тұрмыстық техникалық заттардың бағасын  әдеттегіден асырып сатуы әбден мүмкін екені болып отыр.

А. САТЫБАЛДЫ.