ТЕРМИНАЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ТОҚТАУСЫЗ ЖҮРУДЕ

Шымкентте әуежай аймағында салынып жатқан  жаңа жолаушылар терминалы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Межеленген міндетті дер кезінде орындап, нысанды ел игілігіне  өз уақытында тапсыру үшін аталған аумақтағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

 

Апта ішінде Шымкент қаласының әкімі  Мұрат Әйтенов   өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыны құрайтын жаңа жолаушылар терминалының құрылысының аумағына барып, тиісті жұмыстармен танысты. Қала әкімі мердігер мекеме басшылары мен жұмысшыларға аталған нысанның қала үшін стратегиялық маңызы зор екенін, және ол мемлекет басшысынының тікелей бақылауындағы жоба болып табылатынын ескертті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласын дамытудың кешенді тапсырмасы аясында іске асып жатқан жаңа жолаушылар терминалының құрылыс-монтаж жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталды. Енді екінші кезеңнің құрылыс жұмыстарын «Альянс Контракт Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылыс жұмыстарына 110 жұмысшы, 10-ға жуық арнайы техника тартылған. Бүгінде екінші кезең бойынша жұмыстардың 43 пайызы орындалды. Бұдан бөлек, ақпараттық жүйелер мен багаж жабдықтарын жеткізу бойынша келісім шарт жасалса, жеделсатылар мен эскалаторларды жеткізу бағытында тиісті құжаттар рәсімделуде.

Жаңа жолаушылар терминалы құрылысымен қоса, терминалға апаратын жаңа жол мен инженерлік құрылым  жұмыстарын да бірге аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар жобада сыйымдылығы 500-ге жуық автокөлікті құрайтын көлік тұрағын абаттандыру жұмыстары қаралған.

Жоба бойынша жаңа жолаушылар терминалының  жалпы ауданы — 35 000 шаршы метрді құрайтын болады.