ШЕГІРТКЕ ШОҒЫРЫН ЖОЮ – БАСТЫ ТАЛАП

Түркістан облысы, Арыс қаласында шегірткемен күрес жұмыстары жалғасуда. Қала аумағындағы жайылымдық және егістік жерлерге тиісті өңдеу жұмыстары ағымдағы жылдың 6-сәуірінде басталды. Қауіпті аумақтарды залалсыздандыру жұмыстарына 12 техника тартылған. Шегірткемен күрес жұмыстарын «Өсімдік қорғау» ЖШС-нің мамандары жүргізеді.

 

Жуырда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев сала мамандарымен бірге қауіпті аумақтарды химиялық өңдеу жұмыстарының барысымен танысты. Өз кезегінде ол ең басты мақсат – шегіртке ошақтарын тез арада залалсыздандырып, зиянкестердің кең етек алып кетпеуіне тосқауыл қою екенін айтып, Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбекке сала басшыларының нақты жоспармен жұмыс істеуін тапсырды.

Түркістан облысында шегіртке зиянкестерінің негізгі ошағы – Келес, Сарыағаш, Шардара аудандары мен Арыс қаласы болып табылады. Соған сәйкес былтыр облыстағы 83 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген.

Жалпы биыл еліміз бойынша шегіркемен күрес жұмыстары үшін республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлінген. Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған қаржыға 554 мың гектар алқапқа тиісті өңдеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеген. Себебі, дәл осыншама аумақта шегіртке тектес зиянкестердің таралуы мүмкін екені болжанған.