БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫ БІР АЙДА 20 МЫҢНАН АСТАМ ҚОҢЫРАУ ҚАБЫЛДАДЫ

Ағымдағы жылдың 16-наурызында елімізде төтенше жағдай жарияланған болатын. Соған сәйкес азаматтардың сақтық шараларын сақтап, үйде болуы қажеттігі айтылды. Көптеген қоғамдық орындардың жұмысы уақытша тоқтатылып, бірқатарының жұмыс уақыты қысқартылған.  Бірақ азаматтардың тиісті ақпараттармен қамтамасыз етілуін және көшеге шықпай-ақ өзіне қажетті деректерді қашықтықтан білуін жолға қою үшін өңірлерде бірыңғай байланыс орталықтар құрылған болатын.

Шымкентте бірыңғай байланыс орталығы 20-наурызда құрылды. Сол кезде бұл орталық Шымкент қаласы тұрғындарын мазалаған мәселелер бойынша туындаған сауалдарға шұғыл әрі тұщымды жауап беру мақсатында арнайы 39-50-55 телефон нөміріне жалғанған көпканалды «Call орталық» операторлары тәулік бойы азаматтардан келіп түскен қоңырауларға жауап беретіні хабарланған.

Жуырда Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабы аталған орталықтың әр он күндегі қоңырауларын зерделеді.

Орталық мамандары 22-наурыз бен 9-сәуір аралығында қоңырау шалған 8707 азаматқа жауап берген. Ал  9-19 сәуір аралығындағы он күнде тұрғындар қойған 13253 сауалды тыңдап, нақты жауап берді.

Олардың ішінде 6536 телефон қоңырауы кәсіпкерлік және қала ішіндегі қозғалыстар туралы мәселені қамтыған. Аталған мерзімде орталыққа коммуналдық мәселелер бойынша 2351 телефон шалынған. Әлеуметтік көмек жайлы 2310, блок-бекеттер туралы 1173 қоңырау қабылданған.  Барлығы 719 қоңырау жолдардың жабылуы мен тасымалдау туралы сұрақты бағыттаған.  Денсаулық сақтау саласына қатысты келіп түскен қоңырау саны 119, дезинфекциялау, қашықтан оқыту және т.б. мәселелер жайлы – 45-ке жеткен.

Қазіргі таңда жергілікті билік әлеуметтік маңыздағы азық-түлікті шекті бағадан асырып сату, жеке және заңды тұлғалардың төтенше жағдай режимін бұзуы, денсаулық жағдайы, карантин кезіндегі шектеу шаралары және т.б көптеген сұрақтар туындаса аталған бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалуды үздіксіз хабарлап келеді.

Қазіргі таңда 39-50-55 телефон нөміріне жалғанған бірыңғай байланыс орталығынан бөлек, Шымкент қалалы  Денсаулық сақтау басқармасы жанында Call-орталық жұмыс істейтінін де айта кетейік. Орталықтың телефон нөмірі 39-33-47. Call-орталығы 105 медициналық ұйыммен біріңғай жүйе арқылы жұмыс істейді. Оның ішінде 33 мемлекеттік мекеме, 72-сі жекеменшік. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап он бірінші сәуірге дейін Call-орталыққа келіп түскен қоңыраулар саны — 5046, қабылданған қоңыраулар саны – 3215 (оның ішінде шағымдар-268, өтініштер-2948).

Және де, белгіленген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылған баға шекті мөлшерден асып кету фактілері анықталған жағдайда 39-50-55 бірыңғай байланыс орталығымен қатар, WhatApp арқылы 8-778-136-18-47 (сауда объектісінің орналасқан жерін көрсете отырып) хабарлау қажеттігі де ескертілуде. Бірақ назар аударар мәселе әлеуметтік маңыздағы азық-түлік өнімдері бойынша дүкендердегі тауар ассортиментінің барлығы емес, кемінде бір түрі ғана белгіленген бағадан аспауы тиістігін ұмытпаған абзал.