ШЫМКЕНТТЕ ЖАРТЫ МИЛЛИОННАН АСТАМ АДАМҒА ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК БЕРІЛДІ
Шымкентте барлығы 210692 адамға 42500 теңге әлеуметтік төлем берілді. «BIRGEMIZ» қоры арқылы бағытталған 1 млрд. 93 миллион теңгеге үшінші мегаполистегі 21864 отбасыға 50 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Төтенше жаңдай кезіндегі бұл қаржылай көмектердің барлығы азаматтардың жеке есепшоттарына аударылды.
Осы аптада Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек осылай деді.
Онлайн тәртіпте өткен баспасөз жиынында Нұрсадық Ергешбекұлы төтенше жағдай кезінде азаматтарға беріліп жатқан әлеуметтік төлемдерді тарқатып айтып берді. Өз кезегінеде ол ағымдағы жылдың І-тоқсанында 85721 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын айтты. Бұл үшін республикалық бюджеттен 2 млрд. 410 миллион теңге қаржы бөлінген.
Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен 1 млрд. 430 миллион теңгеге 85755 отбасының 6-18 жас аралығындағы балаларына азық-түлік және тұрмыстық жиынтық негізінде екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде (5567 теңге) қаржылай қолдау көрсетілген.
Сонымен қатар, қалалық әкімдіктің шешімімен 195 млн. теңгеге Шымкенттегі бірнеше санаттағы 11 мыңнан астам азаматтарға әлеуметтік төлем берілген.
Төтенше жағдай кезінде Шымкент қаласы тұрғындарына берілген әлеуметтік төлемдерді осылай деп саралаған Нұрсадық Ергешбекұлы «Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қала бойынша 558 468 адамға 18 млрд. 188 млн теңге қаржылай көмек көрсетілді», — деді.
Онлайн брифингте қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов мемлекет есебінен коммуналдық шығындар үшін төленетін 15 мың теңге өтемақыны пайдалану механизмін түсіндіріп берді. Ол:
– Коммуналдық шығындар үшін мемлекет есебінен берілетін 15 мың теңге барлық азаматтарға емес, төмендегі 7 санаттағы азаматтарға беріледі. Олар:
— 1, 2, 3 топ мүгедектері;
— мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
— көпбалалы отбасылар;
— ҰОС мүгедектері мен қатысушылары, ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар;
— мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары;
— төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер;
— атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер.
Қазіргі таңда Шымкентте осы санаттағы азаматтардың қатары 100308 адамға жетеді деп белгіленіп отыр.
Өтінімдерді тапсыру үшін үйден шығудың қажеті жоқ. Өтінімдерді үйде отырып-ақ, communal-komek.kz электрондық порталы арқылы жолдауға болады. Аталған портал бүгін, яғни 21-сәуірде тест режимде жұмыс істеуде. Ертеңнен бастап толық іске қосылады. Сіз өтінім беру кезінде ЖСН-іңізді енгізгенде-ақ портал коммуналдық шығындар үшін 15 мың теңге алатын азаматтар санатына кіретініңізді немесе кірмейтініңізді бірден анықтап береді. Егер сіз сол санаттағы азаматтар тізіміне енсеңіз, ары қарай тиісті мәліметтерді сұратады. Өтінімдерді қарау 7 күнді құрайды. Бағдарлама әкімшісі қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы болып табылады», — деді.
Қазіргі таңда қоғам арасында «15 мың теңге өтемақы пәтер жалдап тұратындарға беріледі ме? Ол қаржы неге азаматтардың жеке есеп шоттарына емес, дербес шотқа аударылады?» деген сұрақтар туындауда. Бұл мәселеге Нұрсадық Ергешбекұлы «15 мың теңге өтемақы коммуналдық қызмет көрсету мекемелерімен келісім шарты, дербес шоты бар азаматтарға беріледі. Бұл бағдарламаның негізгі ерекшелігі де осы. Пәтер жалдап тұратын азаматтар үшін берілмейді. Және де қаржы банктік шотқа түспейді. Себебі, ол атауы айтып тұрғандай, коммуналдық қызметтер үшін беріліп отыр. Сондықтан да коммуналдық қызмет көрсету мекемелері арқылы азаматтардың дербес шотына аударылады. Бұл көмек карантин режимін сақтап өз үйінде отырған азаматтардың тұрмыс-тіршілігіндегі шығынын жабу үшін көрсетіліп отыр»,-деп жауап берді.
Жоғарыда коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңге өтемақы Шымкент қаласы бойынша 100308 адамға берілетіндігі айтылды. Бұл үшін жергілікті билік коммуналық қызмет көрсету компанияларына 3 млрд. теңге қаржы төлеуді жоспарлап отыр.