АЛШАҚТЫҚТЫ САҚТАУ – АУРУДЫ АЛДЫН АЛАДЫ

Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 4-сәуірден бастап қала карантинге жабылғаны белгілі. Бас санитар бекіткен қаулыда банктердің ғимараттары мен мекемелерінде, бөлімшелерде, төлем қабылдайтын орындарда, кассаларда қызметкерлер мен клиенттердің температурасын өлшеуді (пирометрлермен, портативті тепловизорлармен) міндетті түрде сақтауды, кезектерде ара-қашықтықты (1,5 метрден кем емес) сақтауды, маскалық режимді бұзбай, дезинфекциялық іс-шараларды жүргізу ұйымдастырылуы қажеттігі міндеттелген.

Осыған сәйкес, «Халық банкі» АҚ-ның Шымкенттегі 40-қа жуық банк бөлімшесі ғимаратының алдында кезек күтетін арнайы жолақтар сызылды. Коронавирус індетін жұқтыруды алдын алу үшін ерікті мен полицейлер банкоматтар алдында кезек күткен адамдардың арасында алшақтықты сақтау тәртібінің қадағалануын бақылады.

Осы айдың басында Шымкенттегі банк бөлімшелері мен банк терминалдарының алдында иін тірескен кезектің орын алып жатқаны туралы ақпараттар жиі хабарланды. Адамдардың алшақтықты сақтамай, көп болып шоғырлануы қауіпті екені сан рет ескертілсе де, біраз жұрттың оған мән бермей жатқаны сын тезіне алынды. Осыған орай аталған банк басшылығы алшақтық сақталатын арнайы жолақтарды сызуға көшкен. Алшақтық тәртібінің сақталуы Kaspi Bank бөлімшелерінде де жолға қойылуда.

«Халық банкі» АҚ Шымкент өңірлік филиалы директорының орынбасары Айжан Досымбекова ұзын-сонар кезектің қалыптасуын зейнетақы беру күндерінің болуымен байланыстырып, қазіргі таңда адамдар легі азайғанын алға тартты. Және де ол төтенше жағдайға байланысты сақтық шаралары күшейтілген режимде орындалып жатқанын да жеткізді. Өз кезегінде ол, банк ішінде маскалық режим қатаң сақталғанын, ал қызметкерлер резинкалық қолғаппен жұмыс істейтінін мәлімдеген.

Жалпы қаладағы банк бөлімшелерінің алдында адамдардың иін тіресіп кезекке тұруы тек зейнетақы уақытымен байланысты емес екені бізге жақсы мәлім. Қазіргі таңда төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге жәрдемақы тағайындалып жатқаны белгілі. Оған қол жеткізгендер банк терминалдарына қарай бет алуда.

Сонымен қатар 42500 теңгені алу үшін жеке есепшотын аштыруға банкке барып жатқан азаматтардың да қарасы қалың. Бұл қызметтерге қол жеткізу үшін кезек күткен адамдардың барлығы алшақтықты сақтап жатыр деп сеніммен айту да қиын. Осыған орай мемлекет мұндай олқылықтарды болдырмау үшін тиісті шараларды қолға алды. Мәселен, осы аптада еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бірде-бір банкте есепшоты жоқ азаматтар төтенше жағдайға байланысты 42500 теңгеге өтінім беруге болатынын айтты.

Ведомства басшысы есепшоты жоқ азаматтар «42500 теңгені алуға үлгере алмайтын болдық» деп есепшот аштыру үшін банкке қарай бет алып жатқан азаматтардың назарына «Сіздер есепшоттарыңыз жоқ болса да өтінім бере берулеріңізге болады. Яғни, Сіздер шот көрсететін жерге ештеңе көрсетпейсіз. Бірақ біз өтінішті қабылдаймыз. Егер 42500 теңге жәрдемақы алуға әлеуметтік жағдайыңыз сай келіп тұрса, біз сол қаржыны Сіздің атыңызға тағайындаймыз. Сіз өтінішті жолдап қойған соң, асықпай, есепшот аштыра бересіз. Одан соң автоматты түрде қаржы есепшотыңызға түседі», — деді.

Бұл көмекке қол жеткізуге асыққан мыңдаған жұрт үшін жұбанышты жаңалық болғаны сөзсіз.