ҚАТАҢ КАРАНТИНДЕГІ НЫСАНДАРДА 300-ДЕН АСТАМ ҚЫЗМЕТКЕР ЖҰМЫЛДЫРЫЛҒАН

Коронавирус індеті Қазақстанның барлық аумағында тіркеліп үлгерді. Қазіргі таңда қауіпті індетке еліміздегі 700-ден астам тұрғын шалдығып отыр.

 

Шымкент қаласы бойынша вирусты жұқтырғандар саны 23 адамға жетті. Олардың ішінде бір адам көз жұмды. Аурудың таралуын барынша шектеу үшін қала 4-сәуірде сағат кешкі 21:00-ден бастап карантинге жабылып, шектеу шаралары барынша күшейтілген болатын.

Қазіргі таңда қалада карантиннен бөлек, қауіпті алдын алу мақсатында оқшаулау тәртібі да қарастырылған. Соның негізінде қаладағы 10 аумақ оқшауланған.

Атап айтқанда, жұқпалы аурулар емханасы, «Атамекен», «Мейірім» оңалту орталығы, №2 қалалық емхана (Медикус), Жаңаталап мөлтек ауданы, «Самал-1» шағынауданы, Мақталы көшесіндегі №120А, Н. Төрекұлов көшесіндегі №204, 8-шағынаудандағы №53 көпқабатты үй және Желтоқсан көшесіндегі №3А үй болып табылады. Бұл мәліметтерді Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратты.

Карантин жарияланған аумақтарда жалпы 321 қызметкер жұмылдырылған. Оның 115-і полиция қызметкері, 14-і қарулы күштер және 192 ұлттық ұлан сарбаздары болып табылады. Олардың барлығы үш ауысымда тәулік бойы қызмет атқаруда. Шектеу талаптарына сәйкес аталған нысандағы адамдардың қоршалған аумақтан сыртқа шығуына рұқсат етілмейді. Ондағы үйлердегі адамдар бір біріне қонаққа баруына рұқсат жоқ. Карантиннің қатаң тәртібіне көшкен мұндағы тұрғындарға тиісті мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Егер де адамдар сол талаптарды орындамайтын болса айыппұл салынып, тіпті қамауға алынуы да мүмкін.